ӘЛЕМНІҢ ӘМІРШІСІ – ЕҢБЕК

ӘЛЕМНІҢ ӘМІРШІСІ – ЕҢБЕКӨткен сенбіде Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал ауылында осындай тақырыппен Социалистік Еңбек Ері Цай Ден Хактың 100 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара өткізілді. Бұл шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Баршаға белгілі бұл ауыл жыл өткен сайын өсіп, өркендеп келеді. Осы күні келген қонақтарды олар  көтеріңкі көңіл күймен қабылдады. Салтанаттың басы Цай Ден Хак атындағы мұражайдың жұмысымен танысудан басталды. Бұл мұражай  осы колхоз төрағасының өзі тұрған үйіне орналастырылған.  Мұражай алты бөлмеден тұрады. Онда аудан мен ауылдың  еңбек және соғыс ардагерлері туралы материалдар мен суреттері қойылған. Әрі колхоздың даму жөніндегі мәліметтері берілген. 
Мұнан кейін облыс әкімі  Цай Ден Хактың ескерткішіне гүл шоғын қойды.  Сөйтіп аты аңызға айналған колхоз төрағасының балалары мен немерелері және шөберелерімен сұхбаттасты. Сөз кезегінде аймақ басшысы оларға әкелерінің елге сіңірген еңбегі үшін ризашылығын білдірді. Колхоз төрағасының ұлы Борис, қызы Зинаида және Евгения өз кезегінде Сыр халқының әкесін ұмытпай, осындай үлкен құрмет көрсеткеніне алғысын жеткізді. Осы жерде ауыл тұрғындары аймақ басшысына мұражайды облыстық мұражай балансына алу жөніндегі ұсыныстарын айтты. Сөйтіп ондағы құндылықтарды сақтап, көбейтуге мүмкін болатынын жеткізді.  Аймақ басшысы бұл ұсынысқа қолдау жасалатынын айтты. 
Салтанатты шараның негізгі бөлігі ауылдың орталық алаңында жалғасын тапты. Мұнда Қиыр Шығыстан жер аударылып,  қазақ даласында баспана тапқан қиын кезеңдерді бейнелеген театрландырылған қойылым көрсетілді. Шарада жиналғандарды облыс әкімі Қ.Көшербаев құттықтады. Атап айтқанда, облыс басшысы Сыр жері көптеген жеке тұлғаларды  өсіргенін айтты. Олардың көбі азаматтық танытып, өз елінің патриоттары бола білді. Ауыл шаруашылығын дамытуда ерекше еңбек сіңірген сондай тұлғаның бірі Цай Ден Хактың есімі облыс тарихына алтын әріптермен жазылады. Оның өмір жолы қиындықтарға толы болды. 24 жасында Қиыр Шығыстағы  «Кедровая звезда» колхозына төрағалық жасаған ол сол кездің небір ауыртпалықтарын көтере білді. Сол кездегі саясаттың күшімен корей халқы Қазақстанға күштеп жер аударылды. Солардың қатарында Цай Ден Хак осы ІІІ Интернационал колхозына келіп оның негізін қалап өркендеуіне көптеген еңбек сіңірді.  Бұл ауыл төрағаның адамгершілігі мен еңбекқорлығының, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жоғарғы көрсеткіштерге жетті. Оның бастамасымен аймақта көптеген күрішшілер өсіп шықты. Сондықтан да ауыл тұрғындары оны қалай мақтан тұтса да, жарасады. 
ӘЛЕМНІҢ ӘМІРШІСІ – ЕҢБЕКІІІ Интернационал ауылы тек қана әлеуметтік-экономикалық дамуымен ғана емес, сондай-ақ мұнда бірнеше ұлттық өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Қазір ауылда 12 ұлттың өкілі тұрады. Сол ұлттың әрбірі өз салт-дәстүрін сақтаумен қатар,  қазақтың да мәдениеті мен тіліне, тарихына құрмет көрсетеді. Ауылдың даңқы, тарихы елімізге белгілі. Бұл көріністің барлығы ауыл тұрғындарының ағайындық, сыйластық, достығының нәтижесі. 
ІІІ Интернационал ауылының жетістіктері туралы айтқанда аймақ басшысы ауылға әлі де қолдау көрсетіле беретінін жеткізді.  Алдағы жылы облыстық бюджеттен осы ауылға 90 орындық балабақша мен дәрігерлік амбулатория салу құрылысына қаржы бөлінеді. Негізі ауыл болашақта тірек елді мекендердің біріне айналады. 
Осы күні шара барысында ауылда жастарға арналған аллеяның ашылу салтанаты болды. Мұндай жиналған жастарды облыс әкімі құттықтап, бұл аллеяның жастардың  жақсы демалыс орнына айналатынына сенім білдірді.
Ауылда өткен салтанатты шара кешке дейін жалғасты. Орталық алаңда күзгі егін жинау барысында жоғары нәтижеге жеткен ауыл шаруашылығы қызметкерлері марапатталып, спорттық жарыстар өткізілді. Ал Цай Ден Хак атындағы мәдениет үйінде ұлттық дәстүр мен мәдениетті айшықтайтын көрме көпшілік назарына ұсынылып, соңынан деректі фильм көрсетілді. Мерекеде дәстүрлі ат бәйгесі жарыстары өткізілді. Желден озған сәйгүліктер жеңімпаздарына темір тұлпарлар тарту етілді. Еңбек  салтанатының мерейін жергілікті және қазақ эстрадасының жұлдыздары қойған концерт шырайландыра түсті.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 29 қазан 2013 г. 1 543 0