Мұқалмас жігер арманға жеткізеді

Тағдырың тосқауылдарға толы болса, ол – жазмыш. Еңсеңді тіктеп, тек биікке ұмтылу – басты міндетің. Қиын сәтте өзіңді жоғалт­пасаң, жеңісті күндер сәулесін шашары сөзсіз. Жасаған әр қадамың – бағындырар белесіңнің баспалдағы болмақ. Алда қандай тосын сый күтіп тұрғанын ешкім болжап білмейді. Жігері мұқалмаған жүректілердің бірі – аяғы жансызданып, арбаға танылған Тамара Ақмағамбетова күрес­пен өмір сүріп келеді. Тынымсыз еңбек өмірге қайта әкелгендей. Қайсар ананың еңбекке құштарлығына қарап оған риза боласың.

Жылдар бойы ауруханаларда ем қабылдаған кәсіпкер дертіне дауа іздеп жүріп, өз кәсібінің кілтін тапты. Сүреңсіз уақыт артта қалғаннан кейін күнделікті күйбең тірліктен өзін арашалап, ойда жүрген жоспарын жүйелі жобаға айналдырды. Жас­тықты қайта тазалау – Тамара Ақмағамбетованың бизнес жоспарының негізі тетігі болды. Мүмкіндігі шектеу­лі жандарға мемлекеттік қолдау­дың бар екенін білсе де, бұл салада сауаты аздығынан тәуекелге бара алмай жүрген-ді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, мүгедектерді оңалту орталығында өткен кезекті бір семинар кәсіптік сауаттануға септігін тигізді. Ол «Даму» қорының «Шағын кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбындағы семинары болатын. Осыдан кейін қажетті құжаттарды рәсімдеп, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде 1 млн теңге қайтарымсыз несие алып, өз жұмысын бастап кетті.
– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бо­йынша 1 млн теңге грант жеңіп алдым. Несие қаражатына Ресейден жастықты қайта тазалау­дан өткізетін құрылғы әкелдім. Соңғы 5 жылымды аурухана палаталарында өткіздім. Айтпағым, аурухана жастықтары таза емес, жағымсыз иіс шығып тұратын. Ол науқас адамға кері әсер етеді. Аурудан айығып, еңсе тіктегелі жастықты қайта тазалауды қолға алсам деген ой келді. Алғашында жұмысымды Шиелі ауданында бастадым. Тапсырыс берушілердің ­басым бөлігі Қызылорда қаласының тұрғындары ­болды. Жас­тықтарды күтіп алып, қайта салып жіберу өте қиынға соқты. Бүгінде тапсырыс саны артқанына байланыс­ты облыс орталығына ауысып, «Мамық салоны» атауымен жұмыс жасап жатыр­мыз. Тапсырыс берушілер жұмыс барысын көзбен көре алады. Себебі, біздің өнім таза. Қазірдің өзінде тігін цехында 3 адам жұмыс істейді. Мұнда тұрмысқа қажетті бұйымдар тігеміз. Әсіресе, қыз жасауына деген сұраныс жоғары. Қоғам мүмкіндігі шектеулі жандарға аянышпен қарамаса деймін. Санасы азат адамның қай-қайсысы болмасын өркениетке өз үлесін қоса алады. Мен осыны дәлелдегім келді.
Сыр өңірінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетудің ерекше үлгісі қалыптасқан. Оған дәлел Қызылорда қаласында былтырдан бастап «Өзіңе сене баста!» атты көрме-байқау өткізіліп келеді. Бұл біздің жұмысымыздың алға басуына үлкен көмек, – деді ­Тамара Ақмағамбетова.
 Тігін цехындағы өнімдердің бағасы халыққа қолжетімді. Базар бағасынан екі есе арзан және сапалы. Жұмыс орнына арнайы барғанымызда көздің жауын алатын оюлы көрпе-жас­тықтарды көзіміз шалды. Қазақтың оюы кестеленген түрлі бұйымдар – цехтағы жұмысшылардың еңбегі.

Р. АРЫСТАНБАЙ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қазан 2019 г. 1 032 0