Барлық бала бақытты болуға лайық

 «Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі республикалық кеңес тобы Сыр өңірінде болып, бала құқығының қорғалуы мен балалық шақтың қорғалуын қамтамасыз етуде атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеген-ді. Облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың қатысуымен өткен мәжілісте  кеңес тобы үш күндік зерделеу жұмысының қорытындысын жариялады.
Кеңес тобының жетекшісі Рысты Жұмабекова сараптама­лық топ «Бақытты отбасы» партиялық жобасының жү­зе­ге асырылу барысын, бала­лар­­дың құқықтары мен заң­ды мүдделерін қорғауда атқа­рылып жатқан жұмыстарды са­ра­лап, зерделегенін айтты. Са­раптамалық топ облыс көле­мінде 90 нысанды аралап, жұмы­сымен танысқан. Олар­дың ішінде мектептер мен бала­бақшалар, балалар аурухана­сы, интернаттар, үкіметтік емес ұйымдар бар. 30-дан аса ны­санға жоспардан тыс зерделеу жұмысын жүргізген.
Осы орайда кеңес тобы «Ұмай» қайырымдылық үйі­нің, «Шағбан» инклюзивтік бала­бақшасының және «Чернобыль және Арал балалары» қоғамдық қорының, «Әлеуметтік қонақ­үй» жобасының жұмысын жо­­ға­ры бағалады. Сонымен бір­­ге, отбасылық үлгідегі бала­лар үйінің түлектеріне ар­нал­ған жастар үйінің жайлы әрі қо­лайлы жағдайына оң ба­ға­ берді. Облыстық балалар ау­ру­ханасының жұмысын жо­ға­ры бағалап,  мұндағы озық әдісті өзге өңірлерге үлгі ре­тінде көр­сету керектігін айтты. Сарапшы топ жастар денсаулығы ор­та­лы­ғы қызметіне де жақсы пікір білдірді. Сондай-ақ, Жаңа­қорған мен Шиелі аудандарында 25 нысанның жұмысымен таныс­ты. Аудандық емханада патро­наждық медбике жұмысы жол­ға қойылған. Патронажды медбике прогрессивтік моделі – ЮНИСЕФ қоры мен облыс­тық денсаулық сақтау басқар­масының бірлесіп қолға алған жо­басы. Жоба өз жемісін беруде. Оның бір ғана дәлелі – биылғы тоғыз айда ауданда пат­ронажды медбике балаларға от­­ба­сында зорлық-зомбылық көр­­­сету оқиғаларын анық­та­ған.  Үш бала тәулік бойы жұ­­мыс істейтін «Алпамыс» ба­ла­бақшасына орналастырылып, оларға психологиялық кө­­мек көрсетілуде. Бір сөзбен айт­­қанда, аудандық емханада ме­ке­ме­аралық байланыс жақсы ор­наған.
Шиелі ауданындағы мектеп­тердің басым көпшілігінде ка­бинеттер өз деңгейінде жарақ­талғаны, асханалар мен ойын алаң­дарының қолайлылығы жә­­не балалардың білім алуына жақ­­сы жағдай жасалғаны айтылды. Әсіресе, кеңес мүшелері жос­пардан тыс зерделеу жүргізген  индустриалды-аграрлық кол­ледж жұмысын жоғары баға­лады. Ондағы оқу ғимараты мен жатақхананың жайлылығын атап айтты.
Жалпы, кеңес тобы өңірдің білім беру, балалар құқығын қор­ғау, инклюзивті білім беруді да­мыту, қиын жағдайдағы отба­сыларға қолдау білдіру бағы­тында түрлі әлеуметтік жобаларды енгізу жұмыстарына оң бағасын берді. Кемшіліктер анық­талған орындар басшыларына тиісті шара көруді және партиялық бақылау жүргізу қажеттігін айтты. Балалар құ­қы­ғын қорғау тек бір ғана ме­кеменің міндеті емес. Барлық салаға ор­тақ болғандықтан ве­дом­ство­аралық байланысты одан әрі жетілдіру керек.

Айнұр Батталова,
"Сыр бойы".
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қазан 2019 г. 658 0