Ауылда той болып жатқан үйді бірден білесің. Онда ағайын жиылып, қазан-ошақ дайындап, абыр-сабыр күйде жүреді. Жалағаштың 80 жылдық мерейтойында да осы ауызбірлік байқалды. Ауданның әр бұрышында әсем ән әуелеп, күй қалықтады. Жалағаштан түлеген танымал тұлғалар туған жерде бас қосып, мерейтойға деген ізгі лебізін білдіруге асықты.
Мереке ерен ерлігі ескірмейтін ерлердің рухына тағзым етуден басталды. «Тағзым» алаңында өткен шарада артынан ізгі із қалдырған Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов пен Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің бюсттерінің ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов пен облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов қатысты. Наурызбай Сейітқалиұлы облыс басшысының арнайы құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар қайраткерлердің еңбек жолын сөз етіп, адамгершілік болмысын айшықтады.
– Қасиетті Жалағаш жерінде талай тарих тұнып жатыр. Сайын даласына сақтарды сыйғызып, оғыздарға Отан болған өлкеде Сәрке, Бұқарбай сынды хас батырлар мен күллі Алашқа әділдігін айтқан Әбжали ишан, Мырзабай ахун мен Беркімбай, Мәмбет, Түмен әулиелер дүниеге келген. Арда азамат, Алаш арысы Темірбек Жүргенов те – осы өңірдің тумасы. Ал, аққұмдық Алдаберген Бисеновтың елді дамытудағы еңбегі еңселі. Қайраткер ауыл еңбеккерлерінің тұрмысын биікке көтеріп, егіншілік ахуалды жақсартуға күш салған. КСРО жетістіктері көрмесінің алтын және күміс медальдарын иеленген. А.Бисенов есімі Қазақстанның «Құрмет Алтын кітабына» жазулы. Ол І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту» және «Ленин» ордендерімен марапатталған. Қармақшы өндірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы, Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған Исатай Әбдікәрімов те КПСС ХХІV съезінің делегаты, СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. Екі рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және СССР медальдарымен марапатталған. Өткенге құрмет – елге құрмет. Мерейлі мереке аясында осындай тағылымды шараның ұйымдастырылуы көңілге қуаныш сыйлады. Рухани орынның ауданның көркіне көрік қосып, жастарға патриоттық сезім сыйлайтынына сенімдіміз. Тарихтың тұмарындай болған Жалағашты мерейлі мерекесімен құттықтаймыз. Аудандағы ілкімді істер бұдан кейін де жалғасын таба берсін, – деді Н.Байқадамов.
Мұнан кейін мереке орталық стадионда жалғасын тапты. Мұнда «Алтын дән» салтанаты аясында бірқатар мерекелік шара ұйымдастырылды. Күзгі думанда аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев аудандағы ауқымды істерге тоқталып, жемісті жетістіктерді атап айтты.
– Жалағаш – төскейде төрт түлігі түлеп, алқапта ақ маржаны жайқалған мекен. Аудан ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табысқа қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосуда. Еңбектің даңқын асырған егінші жұрттың шаруасы ширақ. Биыл аудандағы шаруашылық құрылымдары 36675 гектар жерге егін екті. Оның 22366 гектары – күріш. Жыл қорытындысымен аудан алдыңғы қатардан көрініп, күріштің әр гектарынан 63 центнерден өнім жинап, облыстық «Алтын дән» мерекесінде «Үздік аудан» номинациясын еншіледі. Тағы бір атап өтерлігі, үздік комбайншы, үздік сушы, үздік агроном, үздік күрішші де осы өлкенің еңбеккерлері болды. Бірқатар азаматтарға «Еңбек даңқы» және «Ы.Жақаев» төсбелгілері табысталды. Бір сөзбен айтқанда, Жалағаш үздіктердің елі, озаттар мекені екенін дәлелдеді. Бұл бір жағынан ауданның 80 жылдығына деген үлкен тарту болды. Бұдан бөлек, ауданда ауқымды іс жетерлік. Кәсіпкерлік пен құрылыс саласында да алға ілгерілеушілік бар. Құны 4 млрд теңге аудандық аурухана құрылысы мен аудан орталығына газ жүргізу жобасын қаржыландыру биыл өз шешімін тапты. Кәсіпкерлікті дамытуда қарқын байқалады. Мұның барлығы жұртшылықтың ынтымақ, бірлігінің жемісі екенін айту керек, – деді аудан әкімі.
Содан соң дәстүр мен ұлттық құндылықтардан сыр шертетін қойылым көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар өлкенің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтардың мәртебесі асқақтап, марапат биігінен табылды. Олардың қатарында Қазына Өзденбаева, Ханзулла Кәметов, Бауыржан Иманғалиев, Өтеш Махановалар бар. Жиналған қауым концерттік бағдарламаны тамашалады, сондай-ақ, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін де аралады.
Бұл күні Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде де мазмұнды шара өтті. Онда «Жалағаш ауданының көшелері мен құрметті азаматтары», «Тарихы терең, еңбегі ерен – Жалағаш» атты кітаптар мен «Жалағаш жауһарлары» атты СD жинағының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылып, оқырманның жоғары бағасына ие болды. Қатысушылар құнды пікірлерді қалт жібермей, үлкен қызығушылықпен тыңдады.
Тағылымға толы жиын республикалық ақындар айтысына ұласты. Белгілі ақын Жүрсін Ерман жүргізген сөз бәсекесінде танымал айтыскерлер тақырыпқа байланысты орамды ой, ұтымды ұсыныс, орынды пікірімен көпшіліктің ризашылығына бөленді. Қорытындысында Мұхтар Ниязов бас жүлде, Талғат Мықи І орын, Айдос Раxметов ІІ орын, Шалқарбай Ізбасаров ІІІ орын иеленді.
Мерекелік шара танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала концертпен қорытындыланды. Кештің көркін Елена Әбдіхалықова, Медет, Клара Салықовтар, Ғазизхан Шекербеков пен Самал Байсейітова, Индира Елубаева секілді танымал әншілер қыздырып, жиналғандар көңілін көтеріп тастады. Сахна төрінен әсем ән, тәтті күй бірінен соң бірі төгілді. Тал шыбықтай бұралып, әуезді әуенге тербелген бишілер тобы жоғары деңгейде өнер көрсетті. Естен кетпес шара аспан әлемін сәнге бөлеген отшашумен қорытындыланды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.