Инвестиция: Сыр елі үздік үштікте

Президент Жолдауынан туындайтын міндеттердің басым бөлігі шикізаттық емес секторды дамытуға, шетел инвестициясын тартуға және кәсіпкерлік, туризм салаларын дамытуға бағытталған.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Мұрат Имандосов Жолдау жүктеген міндеттердің өңірімізде жүзеге асу барысын баяндады.
Брифингте атап айтылғандай, индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 568 млрд теңгеден асатын 28 жоба жүзеге асуда. Бүгінде оның 7-і іске қосылды. Өткен жылы іске қосылған цемент және әк өндіру зауыттары тұрақты өнім шығаруда. Тампонажды цемент зауыты 6 түрлі өнім шығарып, ол еліміздің түкпір-түкпіріне жетуде. Мұнан бөлек Өзбекстанға 17 мың тонна өнімін экспорттады. Тағы бір жақсы жаңалық – шыны зауыты алдағы жылдың наурыз айында алғашқы өнімін шығармақ.
Өнеркәсіп саласында биылғы жылдың 9 айында 652,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі есепті кезеңде 4,4 процентке өскен. Бұл саладағы жақсы көрсеткішке индустриялық бағдарламалардың жүзеге асуы оң ықпалын тигізгені атап айтылды.  Өңірімізде индустриялық жобалар өнімі 13 елге экспортталуда. Тампонажды цемент зауытының өнімінен бөлек, «Аралтұз» АҚ екі бірдей испан цехын іске қосып, 75 процент өнімін экспортқа шығаруда. «Баласауысқандық» ванадий кен орнынан 9 айда 164 тонна өнім экспортталған. Биылғы жылдың 5 айында шикізаттық емес экспорт көлемі 64,1 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 55 процентке өскен. Бағдарлама аясында жыл соңына дейін 3 жобаны іске қосу жоспарланған. Атап айтқанда, балық өңдеу цехы, кірпіш зауыты және құрама жем өндірісі.
Брифингте шыны зауыты іске қосылатын күн жақын екені атап айтылды.
– Аймағымыздағы ірі жобаның бірі – шыны зауытының құрылыс алаңында жұмыс жалғасуда. Зауыт желтоқсан айында іске қосылып, келер жылдың наурыз айында алғашқы өнімін шығару жоспарлануда, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Президент Жолдауынан туын­дайтын міндеттердің бірі – шетелдік инвестициялар тарту бойынша биылғы жылға арналған іс-ша­ра­лар жоспары жүзеге асуда. Инвес­торларға қолайлы жағдай жасау мақсатында фронт-офистер қызметінің республика бойынша ережесі бекітіліп, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында фронт-офис құрылған. Ерекшелігі – мұнда «Бір терезе» қағидасы бойынша 12 мекеменің қызметін пайдалануға мүмкіндік бар. Облыс әкімінің орынбасары аймаққа инвестиция тарту мақсатында «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру бо­йынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Биылғы жылдың 9 айында өңірге тартылған жалпы инвестиция көлемі 264 млрд теңгені құрап, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге өскен. Атап айтарлығы, инвестиция тарту қарқыны бойынша Сыр өңірі алдыңғы үштіктің қатарында.
Өңірде бүгінде 6 индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Индустриялық аймақтағы 47 жобаның 21-і іске қосылған. Жыл соңына дейін қосымша 11 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар шетелдік капиталдың қатысуымен жаңартылған энергия көздері жобалары бойынша жалпы құны 47,1 млрд теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асуда. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілуде.
Кәсіпкерлік және туризм саласында ілгерілеу бар. Облысымызда 52 мыңнан аса кәсіпкерлік нысан тіркелген. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында шағын және орта бизнес саласында 91 433 адам жұмыспен қамтылып, 163,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген.
– Бұл – мемлекет қолдауының нәтижесі. 2010 жылдан бері «Бизнестің жол картасы» бағдар­ламасы аясында облысымызда жалпы құны 69 млрд теңгеден аса қаржыны құрайтын 1845 жоба мақұлданған. Биылдың өзінде 6,48 млрд теңгені құрайтын 298 жоба қаржыландырылған. Кәсіпкерлікті қолдау нәтижесінде соңғы 9 жылдың ішінде 11 мыңнан аса жұмыс орнын сақтаумен қатар 5 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды, – дейді облыс әкімінің орынбасары М.Имандосов.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қазан 2019 г. 646 0