Қызылордада аутизм және тіл түзету орталығы ашылды

  Бүгін Қызылордада денсаулығында менталды бұзылыс бар балаларға арналған аутизм және тіл түзету орталығы ашылды.

«Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытында биыл «Әрекет» жобасын жариялаған болатын. Тамыз айында жергілікті «Розалия және Эмир» жеке қоры грант иегері атанды. Қолға тиген қаражатқа жиһаз, жабдық және дидактикалық материалдар сатып алып, енді денсаулығында кінәрат бар балалар үшін пайдалы орталық ашып отыр.

– Жоба жеңімпаздарына 3 млн теңгеге дейін грант берілді. Алдағы тоғыз айда аутистік спектрі бұзылған 160 шақты бала арнайы мамандардың көмегіне жүгіне алады. Жалпы, «Әрекет» жобасы аясында қор еліміздегі коммерциялық емес 25 ұйымға қолдау көрсетті. Олардың екеуі – Қызылорда облысында. Бірі – «Розалия және Эмир» жеке қоры, екіншісі – «Ақмұрат» қоғамдық бірлестігі, – дейді корпоративтік қор өкілі Жанар Жақсылықова.

Қазірдің өзінде орталыққа оннан астам бала келіп жүр. Мұнда логопед, дефектолог, емдік дене шынықтырушы, АВА-терапевтер жұмыс істейді. Мамандар балаларға назар аудару, ойлау, сөйлеу секілді дағдыларды үйретеді. Сабақ өту үшін ойыншық, кітап және спорттық құрал-жабдықтармен қамтылған оқу кабинеттері дайындалды.

– Ата-аналар көп жағдайда ұл-қыздарының денсаулығында ақау барын екі жасқа келгенде ғана байқайды. Мектепалды даярлық тобына барғанда бала қарапайым дүниелерді түсінбеуі, айналасындағы өзгерістерге назар аудармауы, ортасынан оқшаулануы мүмкін. Сөйлеу қабілетінің шектелгені де сол кезде анық көрінеді. Сөйтіп, маман көмегін алуға тура келеді, – дейді «Розалия және Эмир» жеке қорының төрайымы Розалия Рақымова.

Қызылордалық Айдана Қапақова ұлының бойындағы кемшілік екі жарым жастан асқанда анықталғанын айтады. Орталыққа келіп, ем алып жүргелі оң өзгерісті байқапты.

– Бүгінде баламның жасы төртке таяп қалды. Сенбейтін шығарсыз, бірақ мамандардың қызметінің арқасында тамақты қасықпен жеуді үйренді. Бұған әкесі екеуміз таңғалып, қатты қуандық. Біздің тұрмыстық жағдайымызды ескеріп, орталықта тегін ем қабылдап, білім алуға мүмкіндік жасалып отыр. Осы үшін де алғыс білдіремін, – дейді ол.



Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ, 

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қазан 2019 г. 1 181 0