Ата басылым өкілдері оқырмандармен кездесті

Сыр өңірі руханиятының шырақшысы, аймақ айнасына айналған «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газетінің 90 жылдық мерейтойы. Қос басылымның беттерін парақтау арқылы облыстың шежіресін танып, тарихын зерделеуге болады. Қанша еңбек адамдарының қажырлы еңбегін, мәдениет пен спорт және т.б салада қызмет еткен тұлғалардың ұлағатын зерделейсіз.
Аға басылымдардың жүгін арқалап, заманауи ақпарат легіне ілесуіне күш салып жүрген Қуат Шарабидинов пен Қазыбек Ботаев Жаңақорған ауданындағы оқырмандарымен дидарласып, ұсыныс-пікірлерін біліп, шығармашылық байланыс орнату үшін ат басын бұрыпты.
Сыр өңірі журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар Нұрмахан Елтай, Ыдырыс Тәжұлы, Мақсұт Ибраев, Айнұр Батталова, Мейрамкүл Дауылбайқызы бірге келді.
Алдымен меймандар аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың қабылдауында болып, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде пікір алмасты.
Сосын аудандық кітапханада оқырмандармен кездесті. Баян Үсейінова, Ерубай Қалдыбек, Ізатулла Нәрзілдаев, Серік Мұсабай, Әсем Тілеубергенова сынды белсенді оқырмандар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Кездесудің соңы естелік суретке түсуге және құрмет кітабына қолтаңба қалдырумен ұласты.  
Одан кейін Ләззат Нәлібаева басқаратын 3 мектеп-интернаттың тыныс-тіршілігімен танысып, Қыркеңсе ауылдық округіндегі Серік Мырзабаевтың «Бекарыс Агрофуд» ЖШС-ның мал бордақылау алаңы мен мал сою пунктін көрді. Жаңақорған агро-техникалық колледжінде кәсіби маман даярлауда дуальды оқыту процесі аясында атқарылып жатқан жұмыстарды білді. Колледж басшысы Жомарт Шәуенов тың бастамаларымен бөлісті. Руханияттың өкілдері Хорасан атаға зиярат етуді де ұмыт қалдырмады. 

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
Жаңақорған ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қазан 2019 г. 511 0