« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауы – қазақстандықтардың жарқын болашағына деген сенімін нығайта түскен, тарихи маңызы аса зор бағдарлама. Жолдау – Президенттің «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасының жалғасы.
Отыз жылға жуық Тәуелсіздік кезеңінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы да салиқалы саясатының нәтижесінде Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарынан орын алды, жаңа Қазақ Елін әлем таныды. Жолдауда Мемлекет басшысы Елбасы саясатын сабақтастыра отырып, Қазақстанды дамудың жаңа белесіне шығаратын өз бағдарламасын жариялады.
Елдің әл-ауқатын арттыруға байланысты бірінші кезектегі мәселелерді шешудің басым бағыттары айқындалған Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасалған және оны түбегейлі оңалту бағытында нақты міндеттер қойылып отыр.
Тұрғындардың кірістерін арттыру, халықты толғандырған ең өзекті деген проблемалар жөнінде маңызды тұжырымдамалар айтылды. Ендігі кезекте атқарылатын жұмыстың басты мақсаты – елдегі реформалардың ауқымды және жедел жүзеге асырылуын қамтамасыз ету болып табылады.
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамытудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отырғанын айтты. Бұл Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе алатын мүмкіндіктер.
Ел Президентінің Жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне ерекше назар аударылды. Алдағы уақытта туған тіліміздің мәртебесі күшейіп, ұлтаралық қатынас құралына айналатынын жеткізді. Сондай-ақ, бұған дейін қазақ жазуында қолданып келген әліпбиді латын қарпімен ауыстыру кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады. Бұған дейінгі кездесулерде де Мемлекет басшысы тіл тақырыбына қатысты ұтымды ойын білдіріп келді. Қазіргі жаһандану заманында бұл мәселе ешқашан өзектілігін жоймайды.
Қарапайым халық үшін Жолдауда айтылған маңызды мәселенің бірі – зейнетақы жүйесіне байланысты болды. Себебі, мемлекет басшысы азаматтарға зейнетақы қорында жинақталған қаржыны пайдалануға рұқсат беру мәселесін пысықтауды үкіметке тапсырды. Қорда жиналған қаржыны баспана сатып алуға немесе білім алуға жұмсауға мүмкіндік берілсе. Алдағы уақытта Үкімет пен Ұлттық банк біраз шаруа атқарып, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруы қажет. Өйткені, бүгінде жұмыс істеп жүрген адам қордағы қаржысын пайдалана алмайды. Президент бұл жағдайды ескеріп, жинақтың бір бөлігін мақсатты пайдалану мәселесін жүктеді.
2015 жылы Жер кодексіне бірқатар өзгерістер енгізіліп, халық арасында түсініспеушілік орнаған болатын. Сол мәселеге Мемлекет басшысы ретінде шетелдіктерге жердің сатылмайтынын қадап айтты. Ол бұған ешқашан жол берілмейтінін жеткізді. Дегенмен, жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің мақсатымыз екенін де білдірді. Сонымен қатар Президент көптеген азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттен жерді жалға тегін алып, жұмыс істемей текке ұстап отырғанын да жасырмады. Осыған байланысты пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерді қайтарып, жердің – ортақ байлық ретінде жұмыс істейтіндерге ғана тиесілі екендігін ескерте отырып, Үкімет пен Парламентке тиісті шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.
Мемлекет басшысы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды. Жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған, қосымша салық түсімдерін ұлғайтатын жаңа жобаларға басымдық берілуі қажет. Сонымен қатар, отбасылық шағын және орта бизнестерді құруды ынталандыруға, көпбалалы аналарға үйде отырып жұмыс істеу мүмкіндігін беруге күш салыну керек. Экономикалық өрлеу және әлеуметтік саланың барлық бағыттары бойынша саяси реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Алдымызда табанды әрі жан-жақты ойластырылған мемлекеттік тұжырымдамаларды орындау міндеті тұр. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату алдағы уақытта атқаратын жұмыстың басым бағытына айналуы тиіс. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу аса маңызды. Елімізде белгілі қоғам өкілдері өзекті проблемалардың тиімді шешімін табу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізетін болады.
Жалпы, бұл Жолдаудың тарихи маңызы ерекше. Президент қойған барлық міндетті табысты жүзеге асыру үшін шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын арттыруға, шешімдерді қабылдау барысында халықты тарту ісіне негізгі екпін берілуі қажет. Мемлекеттік қызметшілердің қойылған міндеттерге жетуге, әсіресе инвестиция тарту, еңбек өнімділігін арттыру, шикізаттық емес экспортты ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріндегі жеке жауапкершілігі күшейтіле түседі.
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалық етуімен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын ілгерілетуге арналған облыс әкімдігінің жиыны өтті.
Тұңғыш Жолдауында Президент ел өміріндегі түйткілді мәселелердің түрлі шешімдерін ұсынғанын, сонымен қатар Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдер мен жауапты тұлғаларға ел экономикасын серпінді дамыту бағытында міндеттер жүктеп, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырғандығын мәлімдеді.
Әрбір отандасымыздың әл-ауқатын жақсарту, елімізді әлемдік көшбасшы мемлекеттер қатарына қосу – Қасым-Жомарт Кемелұлының назарындағы мәселе екеніне көз жеткізгенімізді, сондықтан сәт сайын құбылып, геосаяси жағдайдың жылдам өзгерістерге ұшырап жатқан сәтінде Президенттің тапсырмалары мен бастамаларын бұлжытпай орындап, Сыр елінің ауызбіршілігі мен сындарлы шақта сыр бермейтін игі қасиетін көрсетуіміз қажет, – деп атап өтті.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының Үкіметке шағын бизнесті алдағы 3 жыл бойы табыс салығынан босатуды және тексеруге мораторий жариялауды тапсырғанын айта келе, мораторий еш қадағалау болмайды дегенді білдірмейтінін, осы уақытта өзара реттеушілік пен қоғамдық бақылау белсенділігін арттырудың қажеттілігін атап өтті. Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы аясында шағын және орта бизнеске қаржылай қолдау көрсетілетінін, ал қаржылай қолдаудың нәтижесі мен тиімділігі жаңа жұмыс орындарының ашылуымен өлшенетіндігін жеткізді.
Жиында елді мекендерді газдандыру ісін жалғастыру жайы сөз болды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қазіргі уақытта халықтың 63 проценті табиғи газ тұтынуға мүмкіндік алғандығы, ендігі кезекте жұмыс 3 ауданда жалғасатыны, сөйтіп 2022 жылға қарай облыс халқын газдандыру үлесін 64 проценттен 72 процентке жеткізу көзделіп отырылғандығы баяндалды.
Сонымен қатар, биылғы Жолдаудағы бір ерекшелік, отбасы мен балалар құқығы, инклюзивті қоғамды дамыту мәселесінің көтерілгенін айта келе, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету және олардың құқықтарын қорғау бойынша облыста «Қамқорлық» дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұрғанын, келушілердің қызмет алуы үшін облыстық бюджеттен 7,3 млн теңге қаржы бөлінгендігін жеткізді.
Жиын барысында облыс әкімі Жолдаудан туындаған міндеттерді жүзеге асыруға байланысты тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.
Жергілікті өкілді орган – облыстық мәслихатта Мемлекет басшысының халыққа жолдауын, ондағы көзделген міндеттерді басшылыққа ала отырып, заңмен белгіленген өз құзыреттері шегінде тиісті шешімдер қабылдайтын болады.
Халық қалаулылары сайлаушылардың талап - тілектерін, ұсыныс-пікірлерін негізге ала отырып, халықтың әл-ауқатының жақсаруына, экономикалық әлеуетінің көтерілуіне өз үлестерін қосуда. Қашанда мақсатының айқындығымен ерекшелене отырып, мемлекеттің іргетасын бекітуде, экономикалық өсім мен саяси ахуалды тұрақтандыруда жалпыхалықтық қолдауға ие «Nur Otan» партиясы жергілікті мәслихаттарда жетекші рольге ие болып келеді. Қазіргі таңда аталған реформалық бағыттың мемлекеттік саясатқа сай ұстаным екенін мәслихаттардағы «Nur Otan» партиясының фракциясына біріккен халық қалаулылары өздерінің нәтижелі жұмыстары арқылы көрсетуде. Фракция мүшелері болып жатқан саяси оқиғаларға қызу үн қосып, әлеуметтік-экономикалық маңызды шараларға белсене араласып келеді.
Депутаттарымыз қоғамда орын алып отырған сан алуан өміршең проблемаларды көріп, біліп, зерттеп, зерделеп тиісті мемлекеттік органдардың алдына нақты мәселелер қойып, оның оң шешілуіне ықпал етіп, бастамашы болып жұмыс жасауда. Осы тұрғыда облыстық мәслихат депутаттары өздерінің беделін, белсенділігін іс жүзінде жоғары дәрежеде арттыра отырып, барынша батыл іс-қимыл танытуымыз қажет. Елдің аманатын арқалап атқа қонған азаматтарымыз бұрынғыдан да қайраттанып, жігерленіп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп, жасампаз дәуірдің жаңалықтарын барынша сергектікпен қабылдап, жеңістеріміз бен жетістіктерімізді, ұлттық құндылықтарымызды келер ұрпаққа қалдыру жолында аянбай еңбек ету – біздің азаматтық міндетіміз.
Билік пен халықтың дәнекер-байланыстырушысы ретінде облыстық мәслихат депутаттары жергілікті атқарушы органдарының алдына әлеуметтік мәселелерді батыл түрде қойып, олардың жүзеге асырылуында халық қалаулылары – мәслихат депутаттары, алдағы уақытта да белсенді қызмет атқаратын болады.
Тәуелсіздік жылдарында еліміз айтулы белестерді бағындырды. Дегенмен, әлі де атқарылатын жұмыстар аз емес. Сондықтан, ортақ шаңырағымыз – Қазақстанның гүлденуі жолында еліміздің әрбір азаматы өз жауапкершілігін сезіне отырып, халқына қалтқысыз еңбек етуі басты парыз болып саналады. Мақсат айқын болғанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.Ұлттың ертеңін ойлаған қоғам ғана өркениет жолында еңбек атқарып, түпкілікті нәтижеге жететін болады. Сондықтан да, Қазақстанның өркениетті елдердің қатарында болуы үшін мақсат-мүддеміз бір болғаны абзал. Біз мызғымас бірлік пен тынымсыз еңбек арқылы алға ұмтыла білсек қана, өз мұратымызға жете аламыз. Халық қалаулысы деген абыройлы мәртебеге лайықты болып, еліміздің өркендеуі жолындағы маңызды шешімдер қабылдайтын жұмыста жетер жетістігіміз баянды болып, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Елдігіміз ғұмырлы болсын!
Қ.БИСЕНОВ,
Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы, т.ғ.докторы, профессор,
академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |