Керамзит кірпіш енді Жаңақорғанда өндіріледі

Жол түсіп Талдықорғанға барғандар білетін болар, ол жақта керамзит кірпіштен қаланған тұрғын үйлер көп. Елімізде осы кезге дейін бұл кірпіш Талдықорғанда өндірілді. Себебі, бентонитті саз балшық тек сол қала аумағынан табылатын. Енді керамзит кірпіш Қызылорда нарығына да шығатын болады. Биыл Жаңақорған ауданында бентонитті балшықты өңдейтін зауыт бой көтерді.
«Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» дейді мұндайда. Зауыттың иесі Нарзулла Искаковқа керамзит кірпіш өндіру туралы идея Өзбекстанға барған сапарында туған. Ол көшедегі кірпіш жарнамасына қарап, бентонитті саз балшықты керамзитке айналдырудың тәсілдерін іздей бастайды. Бірақ бентонитті балшықты қайдан алмақ?
Сұрастыра келе, мұндай саз балшық Кеңес үкіметі кезінде Жаңақорған ауда­нындағы Аққұм деген ауыл маңайында қазылып, Ресейге жөнелтілгенін анық­­тайды. Иә, 1971 жылы Жаңақорғанның са­зы­­нан көрші мемлекет өнім шы­ғарған. Н.Искаков осыдан кейін-ақ, әлгі жердің то­пы­рағын сараптамаға жі­бе­ріп, өзі кірпіш өн­дірудің тех­никасын меңгеруге кіріседі.
Ақпарат көздерінен іздеп көрдік, бентонит – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте кеңінен қолданылатын ұнтақ. Оның құрамында темір, магний, марганец, калий, натрий, кремний, фосфор, мырыш, басқа да химиялық қоспалар бар. Бентонитті саздан алдымен керамзит алынады, ал керамзитті ұнтақтан кірпіш жасалады. Кәсіпкердің айтуынша, қоңыр түсті кірпіштің салмағы жеңіл болғанымен, сапасы мықты. Мамыр айында басталған зауыттың құрылысын аяқтау осы жылдың аяғына жос­парланған.
Айта кетейік, кәсіпкер жылдық қуаттылығы 7-8 мың тоннадан асатын «Қуат-әк» ЖШС-ның да иесі. Бүгінде әк Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан өзге, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне де шығарылады.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қазан 2019 г. 699 0