Қарауылтөбеліктердің қуанышы

Қызылорда қаласының іргесіндегі Қарауылтөбе елді мекенінде 2200-ге жуық халық тұрады. Талай жыл отын жарып, көмір жаққан ауыл тұрғындары биылғы жылу маусымында «көгілдір отынға» қол жеткізді.
Мал шаруашылығы мен егінді қатар алып, жұмысын жүйеге қойған жұртшылықтың қуа­нышында шек жоқ. Солар­дың бірі – ауыл ақсақалы Оразбек Бейісов.
– Өткен жылы осы аумақтан сайланған қалалық мәслихат депутаты Ғалымбек Жақсылықов бастап, атқа қонған ел азаматтары жиналды. Сол кезде халық қалаулылары уәде берген. Енді, міне, нәтижесін көріп отырмыз. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді ақсақал.
«ҚазТрансГаз» АҚ облыс бойынша филиалы өкіл­дері мұнда атқарылған жұ­мыс­ты таныстырды. Қазіргі таңда «көгілдір отынға» қосыл­ма­ғандар да бар. Мәселе үйлердің жылу жүйелерінің газға лайық­талмағанынан туындап отыр.
– Газдандыру бағытындағы 2015-2019 жылдарға арналған инвес­тициялық бағдарламаның соңғы 37 млн 959 мың теңгесін игердік. Бұл бастама нәтижесінде көпшілік «көгілдір отынға» қосылды. Аталған сомаға 110 тұрғын үй мен әлеуметтік нысан кіреді. Қалған үйлерге тұрғындар өздері қаражат шығарып, тартып алып отыр. Негізінен мамыр айында басталған жұмыс желтоқсанда аяқталатын. Мерзімінен бұрын іске қосып отырмыз. Енді Абай, Досан ауылдары да газ игілігін көреді деген жоспар бар, – дейді «ҚазТрансГаз» АҚ ҚӨФ директорының орынбасары Бауыр­жан Сәтмағамбетов.
Айта кетейік, инвестициялық бағдарлама арқылы аймақты газдан­дыруға 20 800,1 млн теңге қаражат қаралған. Бүгінге дейін Арал қаласы мен Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттері газ жүйесіне қосылды. Сонымен қатар, 5 автоматтандырылған газ тарату станциясы салынған. Аталған аумақтар мен Байқоңыр қаласына газ құбыры тартылды. Инвестициялық бағдарламаның бұл бөлігін Қарауылтөбе ауылы қорытындылап отыр. Мердігер мекеме өкілі Ардақ Алтынбекұлы тұр­ғын­­дарға бір­шама жеңілдік қарас­тырыл­ғанын айтты.
– «ҚазЭнергопроектстрой» серік­тес­тігі тарапынан халық­тың жағ­дайына қарасып отырмыз. «Хоум Кредит» пен «Евразия» банктері арқылы келісімге келіп, несие арқылы газдандыру мәселесін шешті. Осы күні 200 үй қосылды. Енді Досан ауылында да ауқымды жұмыс күтіп тұр, – дейді ол.
«Қызылорда облысын әлеу­меттік-экономикалық да­мытуға арналған» кешенді даму жоспары да газдандыру мәселесіне біраз серпін бермек. 2022 жылы жоба толығымен іске асқанда облыс халқының 70 проценті «көгілдір отынның» игілігін көреді. Ал бұл күнде аудандар мен облыс орталығында аталған жұмыс қарқынды жүзеге асуда.
Эльмира Ертуғанова – Қарауыл­төбе ауылының тұр­ғыны. Қыстың қытымыр аязында от жағудың бей­нетін көр­ген ол жағымды жаңа­лықты есті­генде қатты қуанғанын айтады.
– Бұл мәселе біраз жылдан бері айтылып келді. От жағып, күл шығарудың машақатын тарттық. Енді тиімділігі жоғары табиғи газға қол жеткізіп отырмыз. Қуаныштымыз, – деді ол.
Ендігі мәселе – көпқабатты үйлердің жайы. Кеңестік кезеңде салынған бұл үйлер апатты болудың алдында тұр. Көне баспананы газға қосу үшін әлі біраз жұмыс атқарылуы керек. Бұл мәселені шешуге тұрғындардың өздері жауапты. Өйткені, бумен жылыту жүйеге қосылмаған. Десе де, алдағы уақытта бұл тұрғын үйлердің газға қосылуына мүмкіндіктер қарастырылмақ.
Дәулет ҚЫРДАН.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қазан 2019 г. 567 0