Сахнамен сырлас ғұмыр

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Кәмила Әбжанованың 70 жылдық мерейтойы және өнер көгінде жұлдыздай жарқырап жанғанына 50 жыл толуына орай «Сахнамен сырлас ғұмырым...» атты шығармашылық кеш өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, Қазақстанның Еңбек ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстан театрлар ассоцациясының президенті Асанәлі Әшімов қатысты.

Кәмила десе, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклі мен А.Әшімов түсірген осы аттас көркем фильмдегі Қозының анасы – Мақпал ойға оралады. Осы кезге дейін 100-ге жуық рөлді сомдаған Кәмила Әбжанова қазақ мәдениеті мен руханиятын асқақтатып, ұлы өнерге адал қызмет етті.

- Сіз бүгінгі белеске өзіңіздің шағармашылық шеберлігіңізбен, кәсіби біліктілігіңізбен, сомдаған бейнеңізге деген шынайы құрметіңізбен жетіп, халық ықыласына бөленіп, сүйікті актрисамызға айналдыңыз. Әрбір бейнелеген рөліңіз көрерменнің эстетикалық талғамынан шығып, Сыр театрының тарихында өз орныңызды қалыптастырып келесіз. Театр сахнасы арқылы қазақ әйелінің қасиетті образын жаңғырта білдіңіз, бойымызға рух сіңіріп келесіз. Шекспир, Әуезов, Мүсірепов секілді әлемдік және ұлттық драматургия алыптарының шығармаларындағы жауапты рөлдерді табиғи сомдап, күллі көрерменді тамсандырған кәсібилігіңіз жас артистер үшін зор үлгі өнеге, мектеп деп қабылдаймыз, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.

Кеште өнер иесіне облыстың ең жоғары наградасы – «Құрмет грамотасы» табысталды.

1972 жылы Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясын бітіріп, Қызылордадағы театрға жұмысқа орналасқан өнер иесі елу жылға жуық уақыт рөлдері арқылы жүректерге жол тауып, өз ортасында «театр анасы» деген құрметке ие болған.

 - Сыр елі – өзімізге таныс, әруақытта жылы шыраймен қарсы алатын өңір. Тарихымыздың басталған жері. Бұл жерде талай ұлылармен, Сәбира Майқановамен бірнеше рет гастрольге шығып, аудандарды араладық. Мұндай ұлылармен бірге жүрген бақыттың бақыты. Жақсы адамдардан жақсы дүние үйренесің. Міне, соның бірі – Кәмила. Бұл той – халыққа да, келешекке де өнеге, – деді Асанәлі Әшімов
Ауқымы кең, айтары мол кеште театр артистері шағын қойылымдар сахналап, жалынға, мөлдір лирикаға құрылған әндер шырқады.

Актриса өнер сахнасында өмірлік жары Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбаевпен бірге еңбек етіп келеді. Кеште ақын Жүрсін Ерман Кәмила Әбжанованың сахна мен өз өмірінің алтын тінін бағалай білгендігін, адал жар, өнегелі ана болғандығын атап айтты.

Шарада өнер иесіне «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы беріліп, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хаты және бірқатар Алғыс хаттар табысталды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

 

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қазан 2019 г. 358 0