Жалақы қарызы жыл соңына дейін өндіріледі

Шиелі ауданындағы сурдоаудармашылар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке көмекшілері 4 айдан бері жалақы алмадық деп шағымдануда. 4 айдан бері ақша көрмедік деген әлеуметтік қызметкерлер аудан әкімдігі 20 миллион теңгеден астам берешек деп отыр. Шу көтерген көпшілік мамыр айынан бері айлық көрмегендерін алға тартуда.
Тендерді мүгедектерге арналған «Ұшқын» оқу-өндірістік орталығы ұтып алған. Барлығы 154 маманға 28 миллион теңге бюджеттен бөлінген. 2018 жылдың желтоқсан айында бюджет есептеліп, қаңтар айында ақша бөлінген. Алайда, серіктестік өкілдері қаңтар айында тұңғыш президенттің тапсырмасы бойынша ең төменгі жалақы мөлшері 42 мың 500 теңгеге көтерілгеннен кейін бөлінген қаржы жетпей қалды деп отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев қазіргі таңда аудандық бюджеттен қосымша 13 млн теңге қаржы бөлінгенін мәлімдеді. Оның 6 млн 900 мың теңгесі мекемеге аударылды.
– Мемлекеттік сатып алуда қарама-қайшылықтар реттелген соң қызметкерлерге берешек қайта есептеліп, жалақылары жыл аяғына дейін өндірілетін болады, – деді Т.Дүйсебаев.
Айта кету керек, бүгінде облыста 30 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Оның ішінде 1658 І топтағы жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Оларға 1593 жеке көмекшілер әлеуметтік қызмет көрсетуде.

Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қазан 2019 г. 1 074 0