АЛМАС ӨТЕШОВ – КҮМІС ЖҮЛДЕГЕР

АЛМАС ӨТЕШОВ – КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРПольшаның Вроцлав қаласынан жеткен жағымды жаңалық Қызылорда жұртшылығын желпіндіріп тастады. Аталмыш елде өткізіліп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында жерлесіміз Алмас Өтешов 94 келі салмақта сынға түсіп, күміс медальға қол жеткізді.
Үстіміздегі жылы 25 жасты толтырған Алмас биыл біздің еліміздің атынан қатысқан спортшылардың арасында ең жоғары жетістікке жетіп отыр. Ол бұдан бұрын 2011 жылы да әлем чемпионатында бақ сынады. Өкінішке орай, сол беделді бәсекеде жанкүйер сенімін ақтай алған жоқ. Бұл жолы өзіне деген сенімділігін нығайтып, жоғары жетістікке қол созды. Алмас жұлқуда 175 келіні бағындырса, серпуде 222 келіні төбесіне көтерді. Оның басты қарсыласы – ресейлік Александр Иванов та серпуде дәл осы көрсеткішті қайталағанымен, жұлқуда қызылордалық ұланнан бес келі артық салмақты өз еншісіне жазды. Соның нәтижесінде орыс жігіті жалпы қорытындыда 402 келі салмақты бағындырды. Біздің Алмастың нәтижесі 397 келіні құрады. Осы салмақта тағы бір қазақстандық ауыр атлет Владимир Седов қола жүлдегер атанды. 
Әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте Ресей 12 (6-3-3) медальмен бірінші орын алды. Үздік үштіктегі Қытайдың 10 (6-2-2) және Солтүстік Кореяның 6 (1-5-0) медалі бар. Біздің еліміз алтыншы орынға тұрақтады. 
Әділжан ҮМБЕТ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ДОДА 29 қазан 2013 г. 1 488 0