« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жақында Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсы аясында халықаралық қолөнершілер форумы өтті. Шараға біздің аймақтың шеберлері қатысты. Олардың қатарында қолөнер бұйымын заманауи талапқа сай етіп насихаттап жүрген Байжігітовтер отбасы да бар. Бүгінде «PodarKing» атты брендпен өз өнімдерін халыққа ұсынып жүрген Нұржан Байжігітов жұбайы Жанар екеуі отбасылық бизнесті дөңгелентіп келеді. Олардың кәсібі өзгелерден ерек. Ағаштан кәдесыйлар, тойтабақтар және ойыншықтар жасайды. Көздің жауын алатын бұйымдардың жанына тоқтамай өтетіндер кемде-кем. Көпшілікті жастардың ұлттық бұйымдарды насихаттауы қызықтыра түседі.
Әрдайым жаңа идея ойлап тауып, ізденіс үстінде жүретін Нұржан сүйікті ісі туралы айтудан жалықпайды. Оның әңгімесінен өзінің кәсібіне жан-дүниесімен берілгенін ұқтық. Бизнесте өзін сынап көргісі келген көптің біріне ұқсамайды. Ең әуелі пайданы емес, ойға алған идеясының жүзеге асуына білек сыбана кіріскен ол өз ісінің жемісін де көре бастады.
– Ағам Бақытжан екеуміз бір жылда ұлдарымызды сүндетке отырғыздық. Ат шаптырып, бәйге бермесек те қуанышымызды ұлттық нақышта жасағымыз келді. Сол кезде ұлттық бұйымдарды табу қиын екеніне көз жетті. Бәрін қолдан жасай бастадық. Ұлымның қуанышына үлкен әзірлік соңы кәсіпке жалғасты,– дейді ол.
Тың идеяны жары Жанар да қолдай кетті. Алғашқы бұйымдар дайын болған кезде саябақтағы қолөнершілер жәрмеңкесінің жиі ұйымдастырылуы талапты жандардың жолын ашты.
– «PodarKing» – «Сыйлықтар патшасы» деген брендпен шыға бастадық. Мақсатымыз – ұлтымыздың баға жетпес байлығын, мәдени мұрасын ұмыт қалдырмай, өскелең ұрпаққа дәріптеп, нарықта ұлттық трендке айналдыру. Бұл жұмыстан біз рухани азық аламыз, – дейді кәсіпкер.
Сыйлықтардың патшасы дейтіндей бар. Ұлттық бұйымнан, қолөнерден артық қандай сый болсын?! Жәрмеңкеге келушілер Нұржан мен Жанардың әкелген бұйымдарына қатты қызықты. Бірі тапсырыс берсе, енді бірі ризашылықтарын білдірді. Елдің ықыласы қанат бітірді.
Ағаштан түйін түю – кез келгенге бұйыра бермейтін қасиет. Нұржанның әкесі қолынан келмейтіні жоқ шебер кісі болған екен. Дүниеден ерте кеткен әкенің бойындағы өнер балаға мирас болып қалған.
Қазір бұл кәсіппен үй іші түгел айналысуда. Анасы, жары, балалары, бауырлары да ынты-шынтысымен еңбек етеді. Кәсіптің мәні де осында болса керек. Бірін-бірі қолдап, ойы бір жерден шығып жатса, еңбектің жемісті болғаны.
– Отбасы болып жұмыламыз. Қандай бұйым жасасақ та алдымен сызбасын сызып, ақылдасамыз. Барлығының пікірі ескеріледі. Тіпті кішкентайлардың да. Олардың қиялы ұшқыр, тәуір дүние жасауға қанат бітіреді. Біз бұйымдарды кесіп, әрлесек, кішкентайлар құрастырады. Бала біз ойламаған, көрмеген нәрсені байқайды,– дейді ата-анасы.
Бір айта кетерлігі, бұйымдардың алғашқы тұтынушысы да балалары екен. Әр жасалған ойыншықпен ең әуелі үйдегі кішкентайлар ойнайды. Бүлдіршіндер көңілінен шықса, ойнағанда сынбаса, онда сапалы болғаны.
Жергілікті әкімдіктің қолдауымен облыс орталығында ашылған өнер арбаты тасадағы талай таланттыларды танытты. Өнерлі отбасының танылуына арбатта жиі ұйымдастырылған көрменің көмегі көп. Арнайы дүкен ашу тәй-тәй басқан кәсіп иелері үшін оңай емес. Өнер арбатында талай бұйым сатылып, жарнама да жақсы жүргені сөзсіз. Сондай көрмелердің бірінде олардың жасаған бұйымына қатты қызығып, жөн сұрасқан Кәсіпкерлер палатасының қызметкері Гауһар Елеусінова оларды кеңес алуға шақырды. Әлі де кәсіптің қыр-сырын түсінбеген олар бұл ұсынысты жылы жауып қоя салды. Жыл өткен соң палатаға бас сұқты. Оларды қуана қарсы алған Г.Елеусінова кеңесшілермен таныстырады. Оқуға кеңес берді.
– Тың идеяларға қолдау бар екенін түсіндіріп, «Бастау-бизнеске» оқуға жөн сілтеген соң, курстан өтіп, бизнес-жоспар жасап, құжаттарды реттедім. Бұл жерден бизнес әліппесін үйрендім. Инновациялық идеяларға арналған конкурсқа қатысып, грант ұтып алып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Осылайша кәсіпкер болдық, – дейді Н.Байжігітов.
Әдепкіде бұйымдарға қызығушылық танытқандармен қоса сын айтқандар да аз болған жоқ. Тіпті, қайдан келгенін сұрап, күмәнмен қарағандар да бар. Ал бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріне таныла бастағанын үлкен мақтанышпен жеткізді. Кейіпкеріміз кәдесыйлар ғана емес, балалар үшін ойыншық та жасайды.
– Мені ойландыратыны – балалардың телефонға тәуелділігі. Құрастырмалы үй, машина жасаймын. Сырттан келіп жатқан ойыншықтардың бала денсаулығына зиянын ескеріп жатқан жоқпыз. Біздің жасаған ойыншықтар – таза ағаштан, тіпті сырланбаған. Балалардың ой-өрісін дамытуға да, денсаулығына да пайдалы, – дейді ол.
Сапаны бірінші орынға қойған шебер шикізатқа аса мән береді. Бұл үшін ағаштың жақсысы қажет. Шикізат Алматыдан әкелінеді. Нарықта «PodarKing» брендімен танылған Байжігітовтер жасаған бұйымның бұлай аталу себебін сұрадық.
– Көптің есінде қалатындай болса екен дедім. Келешекте шетел нарығына шығамыз деген жоспарымыз бар. Сол себепті ағылшын тілінде атау қойдық. Мағынасы сыйлықтар патшасы дегенді білдіреді. Ұранымыз – Сіздің арманыңыз біздің қолымызбен!
Шебер жергілікті спортшыларға медаль ілгіш жасап, сыйға тартуды дәстүрге айналдырыпты. Сыр топырағынан шыққан әрбір спортшының медаль ілгіші медальға толса екен деген тілектестікпен жасайтынын жасырмады.
Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған қолөнершілер форумына шақырту алған Байжігітовтер бұл шараның кәсібі үшін маңызды болғанын айтты.
– Көрме халықаралық дәрежеде өтті. Жаңа Зеландиядан, Испаниядан, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан және еліміздің түкпір-түкпірінен он саусағынан өнер тамған шеберлер жиналды. Сол жерде тәжірибе алмасып, білмегінімізді үйреніп, үлкен әсермен, шабыттанып қайттық. Екі күнге созылған көрмеде елдің ықыласы да ерек болды, – дейді Арқадан арқаланып қайтқан шебер.
Екі жылдан бері сүйікті ісін кәсіпке айналдырған ол аймақтағы кәсіпкерлікке жасалып жатқан қолдауға көңілі толатындығын білдірді. Ал кәсіпті жаңадан бастауға бел буған замандастарына тәжірибеден түйген кеңесін айтып, бағыт сілтеді.
– Кәсіп бастау үшін айқын мақсат керек. Бірінші кезекте қалтаны қалыңдату емес, сүйікті ісіңді сапалы жасау. Нарықты зерттеу, сұранысқа талдау жүргізу қажет. Әрине, әдепкіде қиындықтар болады. Сол кездері қолды бір сілтемей, еңбектену керек, – деді ол.
Бастаған істі жан дүниеңмен атқара білгенге табыс өзі келеді. Мақсат, жігер, ізденіс алға жетелейтінін айтқан шебер кәсіпкер әлі талай белесті бағындыратынынан үмітті. Бесіктегі баладан, еңкейген қарияға дейін қолөнер бұйымын жасауға ден қойған еңбекқор отбасыға береке тіледік.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |