« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Құрылғанына 80 жыл толып отырған Жалағаш – күрішті аймақ. Сонысымен ел аузында. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары мол түсімге ие. Биылдың өзінде Сырдың басты бренді – күріш 21800 гектарға орналастырылды. Мұнан бөлек жаздық бидай, арпа, мақсары, жаңа және ескі жоңышқа, картоп, бақша мен көкөніс өнімдерін еккен. Жалағаштың диқандары үлкен сенімнен шығып келеді. Ынтымақты еңбекпен ырзығын ысырапсыз жинап алған бейнеткер қауым қамбасын толтыра, күріштен тау тұрғызуда. Диқан қауымның ала жаздайғы еңбегінің өтеуі қайтты. Сүйіншілейтін жаңалық, биыл Жалағаш дәстүрлі «Алтын дән-2019» мерекесінде облыс бойынша «Үздік аудан» атанды. Ал мұның бәрі сондағы ел ауызбірлігінің керемет көрінісі еді. Бұл марапат 80 жылдық мерейтой қарсаңында аймақ бойынша алға шыққан жалағаштықтардың жемісті жетістігімен қатар тойға деген тамаша тарту болғаны айтпаса да түсінікті шығар.
Жалағаш жайлы жазбалар
Мақала басында айтып кеткендей, дербес аудан болып құрылып, құжат қатталғалы 80 жылдан асыпты. Бұл Жалағаштың тарих бастауы осымен түгесілді деген сөз емес. Тым әріде жатыр. Киелі жердің Алашқа ана атанған Сыр өңірінің құт қонған өлкесінің бірі екенін бәрі біледі. Ежелгі сақ және қаңлы дәуірінің бірегей археологиялық ескерткіштері Түгіскен, Ойғарақ обалары, Баланды І қалашығы мен Баланды ІІ күмбезді кесенесі, Домалақ асар, Қособалы асар, Моншақты асар, ортағасырлық Жент және Құмқала қалашықтары осы өлкеде орналасқан.
Қазақ тарихында бұрын-соңды болып көрмеген жаппай колхоздастыру секілді жан-жақты қысым мен заңсыздықтарға қарсы ауқымы жағынан Жалағаш топырағында болған 10 мыңға жуық адам қатысқан Қарақұм көтерілісінің орны тағы бөлек.
Жалағаш – көп ұлтқа қорған болған жер. 1937-1944 жылдар аралығында ауданға мыңдаған корей, шешен-ингуш халықтарының өкілдері күштеп жер аударылды. Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында оларға Еділ бойындағы неміс автономиялық облысындағы неміс және Дон өзені бойындағы қалмақ жанұялары келіп қосылады. Сөйтіп, тағдырдың тәлкегімен сол зұлмат жылдарда қуғындалып келген халықтардың мыңдаған өкіліне қасиетті Жалағаш жері екінші Отаны болды. Мейірман да қонақжай қазақ халқы оларды тілі, діні мен ділі бөлек деп жатсынып, өңменінен итермей, бауырына тартып, қамқорлыққа бөледі.
Қазіргі таңда аудан көлемінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері қазақ елінің болашағын өркендету мақсатында жергілікті қазақ халқымен бірге қойын-қолтық еңбек етуде.
Нақты деректі сөйлетсек, Жалағаш ауданы 1939 жылдың 17 қазанында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен құрылған. Оның құрамына Қармақшы және Тереңөзек аудандарының 9 ауылдық кеңесі енгізіліп, аудан орталығы Жалағаш поселкесі болды. Ауданға 1 МТС пен 34 колхоз біріктірілді.
Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып С.И.Кистанов, аудан бойынша ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып Жаппасқали Төлепбергенов, мүшелігіне аудандық НКВД бөлімінің басшысы, мемлекет қауіпсіздігінің кіші лейтенанты Иманәлі Бөлекеев, Нағымет Мырзалиев және Шайқы Саяхов тағайындалады.
ІІ Дүниежүзілік соғыста жалағаштық еңбеккерлер бірінші жылдың өзінде-ақ майданға 7 мыңнан аса жылы киім, оның ішінде 152 тон, 281 пима, 472 қолғап, 430 жүн шұлық, 698 құлақшын, 510 шұлғау және т.б. бұйымдар жөнелткенін айтуымыз керек. Архив деректеріне сүйенсек, Ұлы Отан соғысына үш мыңнан аса жалағаштық аттанып, олардың тек 826-сы ғана елге оралған екен. Екі мыңнан аса жалағаштық жауынгерлер майдан даласында қаза тауып, хабар-ошарсыз кетті.
Ауданда тарихи және мәдени ескерткіш орындары көптеп кездеседі. Қазіргі таңда 66 тарихи және мәдени ескерткіш тізімге алынған. Мұнда «Орынбор - Ташкент» темір жолы және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автомагистралі өтеді.
Жалағаш жері Келмембет, Тойқожа, Сәрке, Байқадам, Бұқарбай сынды батырларды, қара қылды қақ жарып, екі ауыз сөзбен ердің құнын бітірген Құба би, Өмірбай, Бостай шешендерді, Нысанбай ақынды, Алданазар, Шортанбай, Тынымбай билерді өмірге әкелген өңір.
Қазақ ССР Жоғарғы Советінің алғашқы депутаты Айымкүл Ізтілеуова, екі мәрте депутаты Сақыбай Қалыбаев, туған жерге тер төккен Төлеген Қыстаубаев, ауылшаруашылық саласының шебер ұйымдастырушысы Мөрәлі Шәменов, Алдаберген Бисенов, Камал Бердәулетов, Ұзақ Еспанов, жүзі басқа болса да жүрегі бір Ким Яков, Тимофей Хегай, Мұхамедтахир Әлмұрзаев, Борис Мартель, Ферапонт Ефремов, Иосиф Тян, тағы да басқа азаматтар Жалағаштың өркендеуіне еңбек еткен жандар еді.
Тұңғыш мәдениет министрі, нарком Темірбек Жүргенов, ғалым Мардан Байділдаевті дүниеге әкелген Жалағаш жерi қастерлі топырақ. Тұғыры биiк өлкенің өсiп-өркендеуiне өлшеусiз еңбек етiп, зор үлесiн қосқан мемлекеттік деңгейдегі осындай қайраткер тұлғалар шықты.
Бүгінгі белес немесе Жалағаштағы соны жаңалықты айтсақ...
Күріштен өзге кәсіп көбейіп келеді мұнда. Рас. Түрлі жобалар қаржыландырылып, ел мүддесіне жұмыс аянбай істелуде. Жалағаш ауданына тартылған инвестициялық жобалардың жалпы құны 45 миллиард теңгеден асқан. Бұл дегеніміз – ауданның жалпы дамуына айшықты үлес қосар айтарлықтай сома. Қазіргі таңда ауданда 45 миллиард теңгенің жобалары іске асырылса, оның 29 миллиарды биыл игерілуде. Бұл қаржының негізгі бөлігі – 19 миллиард теңге күн сәулесінен 30 МВт энергия өндіретін электр станциясы құрылысына тиесілі. жоба жүзеге асқанда 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, бюджетке жыл сайын 150 миллион теңге қаржы түсетін болады.
Ал одан кейінгісі – «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының екінші кезеңі. Бұл жоба аясында Таң, Мәдениет, Бұқарбай батыр, Аққұм ауылдық округтерінде айналымнан шыққан 15123 гектар жер қалпына келтіріліп, суармалы жерлер мен канал жүйелері толық жаңарудан өтетін болады.
2020 жылы құрылысы толықтай аяқталатын 30 МВт күн электр станциясын осы жылы «Nomad Solar» ЖШС қолға алған болатын. Қазіргі таңда электр стансасын салу учаскесі толығымен тазартылып, тегістелген. Жоғары кернеулік алаңында инверторлық қосалқы стансалар салынып, күн панелі тіректерінің 80 проценті орнатылыпты.
Айтпақшы, бұдан басқа жеке жобалардан «Туған жерге тағзым» аясында кәсіпкер, Алматы қаласының тұрғыны, Ақсу ауылының тумасы Ерлан Сағынбаев кент орталығынан 900 орындық мешіт және мешіт жанынан 360 орындық асхананың құрылысын өз қаржысымен салып жатыр. Жыл аяғына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Сонымен бірге елдің әлеуметтік жағдайына баса назар аударатын «Таң ЛТД» ЖШС басшысы И.Шағыртаев, «Ер-Әлі» ШҚ төрағасы Ә.Бекжанов, «Байтабын» ЖШС басшысы С.Мыханов, «Еңбек Жер» ЖШС төрағасы Ш.Искаков сияқты ел азаматтарын атап өткен жөн. Бұлар ауылдың келешегіне толық жауапкершілікті сезінумен қатар, инфрақұрылымды жөндеуге, қоғам тұрақтылығын сақтауға зор үлесін қосып келеді.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде облыстан Жалағаш ауданына 626,4 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Бұған қоса облыстық бюджеттен 76,4 миллион теңге ақша бөлінген. №201 мектеп-лицейіндегі күрделі жөндеу жұмыстарына жоғарыда аталған қаражаттың толықтай пайдасы тиіпті. Бұдан бөлек, аталған жоба аясында бөлінген қаржыға аудандық орталықтандырылған кітапхана ғимаратын жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Кент ішінде де біршама жұмыстар атқарылған. Абай, Нысанбай, Бұқарбай батыр, көшелерін қайта жөндеу жұмыстары аяқталды. Көктем уақытында Мысық би, Әпрезов көшелеріне ағымдағы жөндеу жүргізілген. Жоғарыда айтып кеткен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ы.Алтынсарин, Т.Жүргенов, Конституция, І.Қабылов, С.Қалыбаев және Н.Мырзалиев көшелерін орташа жөндеу жұмыстары да бітті.
Жалағаштық ағайынның көптен күткені 100 орындық орталық аурухана құрылысы еді. Жылдар бойы күн тәртібінен түспей, шешімі табылған істің басталғанына да жарты жыл өтті. Бүгінде толықтай іргетасы қаланып, еңсесін тіктеген үлкен аурухананың жалпы құны 4 миллиард теңгеден асады. Биылға республикалық бюджеттен 462 миллион теңге бөлініп, құрылысын жүргізуді «Абу-Сер» ЖШС қолға алған.
Соңғы екі жылда ауданда өңдеу өнеркәсібі саласы бойынша құны 1 млрд 106 млн теңге болатын 6 жоба іске қосылып, 72 жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың қатары жыл соңына дейін тағы ауқымды 2 жобамен толықпақ.
Кәсібін нәсібім деп білген
Жалағашта кәсіпкерлер көп. Бизнеспен айналысуға халықтың талпынысы жоғары. Екі жыл бұрын 174 жоба 1,4 миллиард теңгеге қаржыландырылса, былтыр ол 2 есеге өсіп, 294 жоба 3,1 миллиард теңгеге жетті. Алғашқы жартыжылдықта 167 кәсіпкер 1,5 миллиард теңгеге жуық несие алып отыр. Мұндағы мақсат – кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықты жою. Еңбекпен аты шыққан Жалағаштағы жұрттың бұл бағытта жетістіктерге жететініне сенім мол.
Аудан орталығының батыс бөлігінен 22 гектар жер телімі белгіленіп, «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағы құрылғанын айта кеткен жөн. Бұл аймақ инженерлік-инфрақұрылыммен толық жабдықталып, автожол, телефон, ауыз су және электр желілері түгелдей жүргізілген еді. Мұндағы жер телімінің 12,7 гектары кәсіпкерлерге табысталған.
Айта кету керек, аграрлы-индустриалды аймақта жалпы құны 297 миллион теңгені құрайтын 8 өндіріс орны іске қосылып, 79 адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта жалпы құны 431 миллион теңгені құрайтын 9 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Жастар жылы Жалағаш жастары үшін жағымды жаңалықтарымен басталды. Аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан «Coworking» орталығын ашу үшін аудандық бюджеттен 5 миллион теңге бөлініпті. Аталған орталықта жастардың тұлғалық қалыптасуына арналған тақырыптық семинар-тренингтер, түрлі бағыттағы спорттық шаралар ұйымдастырылып, бос уақытты тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ мұнда жастарға арналған үстел теннисі, аэрохоккей, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ спорттық жабдықтары, музыкалық аппаратура, видеоойындар бөлмесі мен компьютерлік қызметтерді тегін алуға мүмкіндіктер жасалған.
Атакәсіп ауызды аққа жеткізуде
Жалағашта көбіне-көп ірі қараның саны артқан. Ауданда етті мал шаруашылығын дамытудың бағдарламасына сәйкес, шет елдерден 200 бас ірі қара сатып алу жоспары белгіленген. Бүгінде Ақсу ауылдық округінен «Қиясов Е» ЖК Ресейден 100 бас асылтұқымды қалмақ сиырын әкелді. Сондай-ақ, 8 мың басқа жуық қой сатып алу да басты жоспарда тұр. Қой демекші, Қаракеткен ауылдық округінен «Қаншайым» ШҚ «Агронесие корпорациясы» АҚ-дан 12 миллион теңгеге жуық несие алып, 805 бас жергілікті қой аналығы мен 32 бас қазақтың ірі қылшық жүнді құйрықты қошқарын алдыртып, ұсақ мал басын арттыруға кірісіпті. «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген есті сөзді есте ұстаған ауылдағы ағайын бұл кәсіппен бел шеше айналыса бастаған. Жоғарыда айтылғандардан бөлек, Ал Жаңадария ауылдық округінен «Хадиджа» және «Ханшайым» ЖК 10 миллион теңге несие алып, 664 бас қой сатып алған.
Ер атанған еңбекпен...
Еңбек даңқын асырған егінші жұрт бүгінгі заман талабына сай, мықты әрі тиімді шаруаны жүргізіп, жоғары белестерді мойындатудың үлгісін көрсетіп келеді. Күні кеше Қызылорда қаласындағы салтанатты шарада марапат төрінен көрінген жалағаштық еңбеккерлерді атасақ. «Үздік аудан» номинациясы бойынша І дәрежелі диплом аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевқа табысталды. «Егінші» ЖШС басшысы Шағдат Жалғасов «Озат шаруашылық» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, «Байтабын» ЖШС директоры Сапарбек Мыханов І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін кеудесіне тақты. Сондай-ақ Ермаханбет Оразов ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін иеленсе, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Ханбибі Асқарова «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атанды. Үздіктердің қатары мұнымен толастамайды. «Мирас» ШҚ төрағасы Ерділда Рахметұлы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, «Рақым-Бек» ШҚ төрағасы Алтай Пірмановқа «Ы.Жахаев» медалі табысталды. Ал «Жігер» ШҚ төрағасы Самат Сарбасовқа ҚР АШМ «Құрмет» грамотасы берілсе, «Еңбек Жер» ЖШС комбайншысы Данабек Сәрсенбаев «2019 жылдың озат комбайншысы» атанды. Сонымен бірге «Байтабын» ЖШС күрішшісі Алтынбек Тасбергенов «2019 жылдың озат күрішшісі» номинациясын иеленсе, «Ер-Әлі» ШҚ агрономы Нұрбек Ахметов «2019 жылдың озат агрономы» болды. Бір сөзбен айтқанда, Жалағаш озаттардың елі, үздіктердің жері болып отыр бүгінде.
Еңбектің ер атандыратынын жан-тәнімен түйсінген еңбеккерлер қашанда көш басында екені белгілі. Несібесін жерден терген диқандар еткен еңбектің еш кетпесін біледі. Жалағаштағы жұртшылық жұдырықтай жұмылғанда ғана жетістікке жететіндіктерін естен шығарған емес.
Ержан ҚОЖАСОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |