Жаңақорған ауданы мал шаруашылығын дамытуда көш бастап тұр

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Жаңақорған ауданында жұмыс сапарымен болды. Жаңақорған үш жыл қатарынан «Үздік аудан» номинациясын иеленген. Аймақ басшысы ауданның «Алтын дән» мерекесіне қатысып,  «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған қазақ күресінен жастар арасында республикалық және волейбол мен шағын-футболдан облыстық ашық турнирдің ашылу салтанатында болды.

Жаңақорған ауданындағы  957 шаруашылық құрылымдарының 203-і күріш өсірумен айналысады. 7739 гектар күріш алқабының әр гектарынан 58,0 центнерден өнім алып, 44,8 мың тонна астық қамбаға құйылды. Ал, мал азығын дайындау жұмыстары бойынша ауданда 88,0 мың тонна жоңышқа, 64,0 мың тонна табиғи шөп жиналды. Сонымен қатар, көкөніс, бақша дақылдары мол өнім беріп былтырғы жылмен салыстырғанда өнімділік ұлғайған. Аудандағы  ерекше өнімнің бірі -  облыс брендіне айналған Жайылманың қарбызы. Айта кету керек, облыстық «Алтын дән-2019» мерекесінде Жаңақорған ауданы мал шаруашылығы саласы бойынша үздіктер қатарынан көрінді.

Облыс әкімі Алтын дән - 2019 салтанатты шарасында диқаншыларды мерекесімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. «Кейден ауылдық округінде жүгері кластері дамып, «Каусар» сусынына сұраныс артып келеді. Сыр өңірінің төрт түлігінің үштен бірі - Жаңақорған ауданында. Содан да болар, аудан «Сыбаға», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламасына белсенді қатысушылардың қатарында. Сондай-ақ, ғылыми тұрғыдан алғанда, селекциялық жұмыстармен айналысып жатқандар бар. Мәселен жерлесіміз, белгілі ғалым-селекционер Керімхан Егізбаевтың өнімділігі мен өтімділігін дәлелдеген күріштің жаңа сорты - «Ай-Керімді» жаппай айналымға енгізуге күш салғанын ерекше айту керек. Ай-Керімнің  кез-келген шетелдік күріш тұқымынан сапасы әлдеқайда жоғары. Талай жылғы еңбегінің жарқын жемісін көрген Керімхан Егізбаевқа және Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандарына өнімділігі жоғары күріштің жаңа сортын енгізгендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Барша Жаңақорғандықтарды  тағы да «Алтын дән» мерекесімен құттықтаймын.»,- деді аймақ басшысы.

Дәл осы күні Жаңақорған ауданы, Машбек Нәлібаев ауылында «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған қазақ күресінен жастар арасында республикалық және волейбол мен шағын-футболдан облыстық ашық турнирлері өтіп жатыр. Сыр елінің ардақты ақсақалы, абыройлы азаматы Машбек Сапарбайұлы 1926 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген.

Аймақ басшысы турнирдің ашылуымен құттықтап, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

«2005 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл шара спорттың достық дәнекеріне айналды. Талай дарынды жастың жолын ашып, шағын ауыл жаһандық спорт орталығы болып қалыптасты. Жарысқа үздіксіз қатысып, толағай нәтижелерге қол жеткізген спортшыларымыз ұлттық құрама сапына кірді, бұлда біз үшін үлкен жеңіс»,- деді облыс әкімі Қ. Ысқақов.

Турнирге республиканың барлық аймақтары мен облыстан 430 спортшы келіп, қатысуда.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қазан 2019 г. 932 0