« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Халқымыз осы уақытқа дейін небір қиын-қыспақ заманды, тағдыр талқаны таусылатындай талай тар жол, тайғақ кезеңді бастан өткерді. Қандай ауыртпалық болса да қабырғасы қайысып жүріп көтерді. Езіліп жатса да еңсесін түсірмеді. Қалың қазақтың кеудесінде бірінші – намыс оты, сосын үміт пен сенім бар еді. Соның арқасында «мың өліп, мың тіріліп», тәуелсіздік дәуіріне аман жетті.
Қазір бәрі бар. Жоқ дүние жоқ. Барды ұқсатып, жоқты жамап, өз тіршілігін жасап жатқандар жеткілікті. Олар ешкімге алақан жаймай, өз кәсіптерін дөңгелентіп те жатыр. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырдағы қазаққа қандай қасиеттер лайықты болуы керектігін әрдайым айтып келеді. «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек».
Елбасының «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде?
Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады», – деген сөзі есті азаматтардың есінде тұруы керек.
Бір заман елдегі байларды жіпке тізіп, Сібірге айдаған. 1929 жылы алды жиырма мың, арты он мың жылқы біткен 500 байдың тұқымымен айдалып кеткенін Қаныш Сәтбаев жазған болатын. ВЦИК төралқасының 1928 жылғы 14 наурыздағы байларды кәмпескелеу туралы қаулысына сәйкес, Қазақ АССР орталық атқару комитеті мен халық комиссарлары кеңесінің 1928 жылдың 27 тамызындағы «Бай шаруашылықтарын кәмпескелеу туралы» қаулысы қабылданады. Осы қаулы негізінде жеті жүзге жуық ірі бай тәркіленіп, олардың иелері қанаушы тап ретінде жер аударылды. Олардың алды 20 мың, арты 10 мың жылқы айдаған ауқатты адамдар еді. Осы саясат колхоздастыру кезінде одан әрі жалғасып, елдегі орта шаруалар мен ауқатты адамдар да қатты қуғындауға ұшырайды. Мәскеу қабылдаған қаулыда бірінші кезекте елдегі кемі 100 бас малы бар байлардан бастап түгел мал-мүлкін тәркілеу, сұлтандар мен хандардың тұқымын, сондай-ақ хазірет, ишан, қазы және олардың отбасының барлық мүлкін тартып алу және жер иелену құқығынан айыру туралы пәрмен берілген.
Елдегі бай кеткесін бар тірліктің берекесі кеткені де естен шыға қойған жоқ. 32-нің ашаршылығы малды да, жанды да жалмады. Қазақтың есті азаматтары 37-нің құрбаны болды. Одан аман қалғаны сұм соғыстың қанды алаңында жұтылды. Сөйтіп халқымыз өз жерінде азшылық күйін кешті.
Бұл туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев: «Өткен ХХ ғасыр қазақ үшін қиянатты, өте ауыр ғасыр болды. 1921-1930 жылдардағы аштықта қазақтың тең жартысынан айырылдық. Кезінде ондай жағдай болмағанда, қазір қазақтың саны 50-60 миллионнан асып қалар еді. Одан кейін репрессия болды. 103 мың адам сотталды. Қазақтың 65 мың бетке ұстар зиялысы тұтқындалды. Оның 25 мыңы атылды. Қазақ үшін сөз айта алатын адамдардың тамырына балта шабылып, жойып жіберілді. Сол қиыншылықтар кезінде қазақтар жан сауғалап, дүние жүзіне шашырап кетті. Мың өліп, мың тірілген қазақ өркендеп, қайта өсіп келеді», – деді Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында сөйлеген сөзінде.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қолдан жасалған алапат аштықтың салдарынан қара ормандай халқымыз қынадай қырылды. 1929-1933 жылдардағы қанды қырғынды «сол кездегі саясаттың қателігі» деп түйіндейтіндер де табылады. Бұл жай ғана қателік емес. Қазақ халқына қарсы жасалған ғасыр қылмысы. 1897 жылы Ресей империясы жүргізген санақта қазақтардың жалпы саны 4 миллион 84 139 адам болған. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдулла, 6 миллион болдық» деп алты алаштың баласынан сүйінші сұраған. Зұлмат пен зобалаңға дейінгі кезеңде қазақтың жалпы саны 5 миллионнан асқаны анық. Нақтырақ айтсақ, елдің ішінде 4 миллион 200 мыңдай болса, қалғаны сырттағы қазақтар есебінен өскен.
1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бойынша, Қазақстан аумағындағы тұрған тұрғылықты халықтардың саны 6500895 адамды құраған деген дерек ұшырасады. Олардың 8,3 пайызы қалаларда, ал 91,7 пайызы ауылдық жерлерде тұрған. Олардың арасындағы қазақтың саны 3713394 адамды құрап, республика халқының 57,1 пайызы болса, ал орыстар 1279979 адамды құрап, 19,7 пайыз болған. 1939 жылғы санақ бойынша, қазақтардың саны 2327625 адам болып, республика халқының 37,8 пайызын құрағанын көреміз. Осы бір ресми деректердің өзінен қазақ халқы төрт миллионның төңірегінде азаматынан айрылғаны айқындалады.
Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметовтің басынан өткен тағдыр теперіші бәрімізге ой салса керек. Аштық жылдары ұлы мен қызын жетелеп, Арқадан оңтүстікке бет алған ана жан-жақтан қасқыр қаумалап, үшеуі бірдей ажал тырнағына іліккелі тұрған тұста қызды қалдырып, жалғыз ұлды аман алып қалыпты. Осындай өмір өткелегінен аман өткен ұрпақ бір үзім нанның қадірін әлі күнге дейін есінен шығармайды.
Бейімбет Майлиннің «Күлпаш» атты әңгімесінде аштан бұратылып жатқан күйеуі мен балаларын аман алып қалу үшін байға жалданып күнелткен ана тағдыры қандай аянышты оқиғамен аяқталғаны да есте. Сонда ұрпақ қамын ойлаған ана балаларын аман сақтау үшін біреуге жалдану арқылы жан бағудан арланған жоқ.
Енді қазіргі жағдайға келейік. Бір жағынан қарасақ, еліміз тоқсаныншы жылдардағы дағдарысты кезеңді артқа тастап, серпінді даму үстінде. Еңбек етемін, табыс табамын деген азаматтарға соншалық кедергі жоқ. Бірақ кейінгі уақытта «еңбек ет те, міндет ет» дейтін халық даналығына мұрын шүйіре қарайтын жағдайға жеткендейміз.
Жыл сайын мектеп бітіретін түлектер арасында болашағы бұлыңғырлар көп. Жоғары оқу орнына түсе алмағандар не істейді? Бұл – өзекті мәселе. Мектеп бітірушілердің 70 пайызы жыл сайын оқуға түсе алмай қалады. Жұмысқа орналаса алмау салдарынан қылмысқа жиі баратындар да осы санаттан екен. «Олар ауылда қалып неге жұмыс істемейді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Жастардың көбі ауылда туып өссе де ауыл шаруашылығының қыр-сырын білмейді, қарапайым тірліктен қол үзіп қалған. Өйткені мектептерде жас түлектерді ауыл шаруашылығына бейімдеп, тәлім беретін еңбек кабинеттері мүлдем жоқтың қасы. Бұрынғы еңбек сабағының орнына қазір технология деген пән өтеді. Осы орайда мектептерде ұл балалар мен қыздарға арналған еңбек пәні кабинеттерін қайта жасақтау, ауылда агротехника пәнін жүргізу қажет екенін айту керек.
2018 жылы Қазақстанда 137 мыңнан астам жас өз алдына отау көтерген екен. Бірақ ажырасушылардың саны көбейген. Еліміз бойынша 54 797 отбасы ажырасқан. Ажырасу жағынан ТМД елдері арасында алғашқы ондыққа еніп отырмыз. Қазақстанда әрбір екінші некенің тағдыры ажырасумен аяқталады, осылардың 83 пайызының ортақ балалары бар. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бар.
Британдық «The Economist» басылымының әлемдік рейтингінде Қазақстан ажырасу саны бойынша 10-шы орында тұр. Әлеуметтанушылар неке бұзылғаннан кейінгі балалардың тұратын жері мен ата-аналардың баламен қарым-қатынас уақыты туралы дау-дамайдың да айтарлықтай өсіп кеткенін айтады. Статистикалық дерек бойынша, Астанада әрбір үшінші отбасы ажырасады. Мәліметтерге қарасақ, Қазақстанның солтүстік өңірлерінде әрбір екінші отбасының шаңырағы шайқалатын көрінеді.
Шайқалған шаңырақ. Жәудіреп жетім қалған бала. Жағдайсыз ана. Алименттен жалтарған еркек. Осындай келеңсіз көрініс өмірдің нақты бейнесіне айналды.
Отбасы – мемлекеттің өзегі. Отбасы құндылығын сақтау – маңызды мәселе. Біз отбасы дегенде тек екі адамның ғана емес, отбасындағы балалардың, елдің, мемлекеттің тағдырын негізге алуға тиіспіз. Қазір батыс жұрты мен алыстағы Америкаңыздың өзі отбасы құндылығын бірінші орынға шығарды. Бізге де сондай көзқарас керек.
Көп балалы аналардың жағдайын бәріміз түсінеміз. Мемлекет тарапынан нақты қолдау жасала бастады. Жағдайы төмен көп балалы отбасылар үшін атаулы көмек мөлшерінің артуы – үлкен игілік. Бұған қуанғандардың қатары көп.
Әйтсе де сол атаулы көмекті аламыз деп ажырасу әрекетіне дейін барып жатқандарды қалай түсінуге болады? Елімізде бір жарым миллионнан астам адам некеге отырса, соның бес жүз мыңы ажырасады. Енді әлеуметтік жәрдем алуды ойластырғандар әлгіндей шетін қадамға бара бастаса, не болмақ, құндылықтар қайда қалады?
Елде көпбалалы отбасында өскен азаматтар аз емес. Жасы үлкен буын жақсы біледі: әке-шешелеріміз кезінде «еңбеккүн» дегенге жұмыс істеді, балалар мектеп жасынан шаруашылық жұмыстарына жегілді, сонда да ата-анамыз өкіметтен ештеңе дәметпейтін.
Қазір дәмету тым көбейіп кеткендей. Дәметудің арты сұраншақтық, жалтақтық, жалпақтаушылыққа, жалқаулыққа жеткізеді. Оның соңы – еріншектікке әкеледі. Еріншектіктен масылдыққа жету – бір-ақ қадам. Қалалық жерлердегі үй баласы қоқыс төгіп келгенді ауыр жұмыс санайтын жағдайға жетті. Сонда еңбектену қайда қалады?
Ана – өмірдің өзегі. Өмір Ана арқылы жалғасады. «Ана» деген ардақты атқа ие болу – әрбір қазақ қызының асыл мұраты болуы тиіс. Қазіргі жастардың бірқатары «Ақ неке», «Ақ босаға», «Ақ отау», «Ақ сүт» деген ұғымдарды елең қылмайды. Соның салдарынан үйлену тойы өтер-өтпесте ажырасу көбейді. Немесе төрт-бес баласын тастап, басқа отау, басқа жар іздеп кететіндер де төбе көрсетіп қалады. Үйлену, үй болудың түп негізінде – ұрпақ қалдыру, ұрпақ тәрбиелеу, ұрпақ көбейту деген құндылықтар жатқан жоқ па? Осы жайтты ойланатындар бар ма?
Ана дегенде осынау қастерлі ұғымның қадір-қасиетіне сызат түсірмей өткен қазақ әйелдері ойға оралады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаншама қазақ шаңырағы ортасына түсті, жар қызығы дегеннің не екенін білмей жатып, «жесір» атанған талай қазақ әйелі бар. Солардың көбісі «қаралы қағазды» қолдарына алса да ер-азаматқа берген сертінен, адалдығынан еш айныған жоқ. Жылап жүріп жетілді.
Ал қазіргі «көкек-аналар» көңілге нала бұлтын үйіреді. Біздің қазақ қаншама тағдыр теперішін көрді, аштықтың, ашаршылықтың, қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Сонда да ертеңгі күннен үмітін үзбеді. Ұрпақ үшін өмір сүрді. Сондықтан да қазақта «жетімді есіркеу, жесірді жылатпау» деген қағида үстемдік құрды. Ал қазір тасбауыр жетім көбейді. Тастанды балалардың саны артты. Нәрестелерін қоқыс жәшігіне, көшеге, қуыс-қуысқа тастап кетіп жатқан сондай жандарды «Ана» деп әспеттей аламыз ба? Олар да «мына өмірге перзент әкелдім» деп мақтанып, мерейлене ала ма?!.
Абай атамыз «Үшінші» қарасөзінде: «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз, қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», – деп жазған.
Еңбекпен келген дәм тәтті болады. Дәметуде дәм болмайды. «Сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар» тым көбейген қоғамның күйі қандай болады?
Төртінші сөзінде «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», – дейді Абай.
Қазіргі қазақ қоғамына қарасақ, «қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ» тірлікпен жүрген жандар көп. «Құдай маған ештеңе бермей жатыр, неге мені көрмейді» деп босқа налып, салы суға кетіп жатқандар қаншама. Біржан сал айтқандай, «бай болмақ, кедей болмақ, Құдайдан-ды» дегендей, Жаратқан әр пендесіне тиісті несібесін береді-ау. Бірақ, азға алданып, адамдығын малданып, «Құдай береді» деп қарап жатқандар аз емес. Абай сөзін тиісінше тәпсірлесек, «Әуелі Құдайға сыйынып» дегені – әрекет қыл дегені емес пе? «Әрекет түбі – берекет» дейді дана халқымыз. «Өз қайратыңа сүйеніп» дегені – ақылың мен біліміңе, парасатың мен білігіңе сеніп, тағы да іс қыл дегені. «Еңбегіңді сау» деп отыр. «Жатпа, тоқтама, отырма» деген сөз.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы халыққа Жолдауының бірінде «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс», – деп атап көрсеткен еді.
Елбасы «астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз», – деген-ді.
«Еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды!». Осыған терең мән беріп байқайықшы. Қара жер – қасиетті ұғым. Қазақстанда Құдайға шүкір, игеремін деген адамға, жер жетеді. Мың гектарлап демей-ақ қояйық, есігінің алдындағы бес-алты сотық жерін қайратына сүйеніп, игеріп жатқан қанша қазақ бар?!.
Бір нәрсені анық ескеру қажет. Бізде бір-ақ мемлекет бар. Бұл – Қазақ елі. Оның іргесін шайқауға ешкімнің құқы жоқ. Зайырлы ел болған соң, әркімнің өз көзқарасы, өз ұстанымы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әрбір азаматтың пікірін білдіруге құқы бар екендігін айтып отыр. Бұл ретте өзара іс-әрекеттер конструктивті диалог форматында болуы тиіс екенін ескертті. «Азаматтар тарапынан айтылған наразылықтарға қатысты айтар болсам, онда диалог форматын түбегейлі түрде ұсынуы тиіс деп санаймын. Мен Қоғамдық сенім комитеті құрылатындығын бұған дейін айттым. Оның құрамына біздің қоғамның түрлі топтарының өкілдері кіреді және онда біз пікір алмаса аламыз. Менің түбегейлі ұстанымым: түрлі пікірлер бола алады, бірақ, бізде ұлт біртұтас. Пікір әр түрлі, халық – біртұтас», – деді.
Кез келген елдің экономикасының негізі – шағын және орта кәсіпкерлік екені белгілі. Ал бұл орта тапты орнықтырады.
Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты шаралар Елбасы Н.Назарбаевтың 1997 жылы 6 наурызда қабылдаған «Шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді жеделдету шаралары» деген қаулысынан басталды. Сосын «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңдар қабылданды. Шағын және орта кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау үшін, қаржылай және ақпараттық қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында Елбасы «Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың басымдықтары мен аймақтық бағдарламалары туралы» пәрмен берді.
Өнеркәсібі дамыған елдерде шағын кәсіпкерлік үлесіне барлық жұмыспен қамтамасыз етілгендердің 50-60 пайызы және жаңа жұмыс орындарының 70-80 пайызы келеді. Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіпорындары санының 90 пайыздан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар ішкі жалпы өнімнің 50 пайыздан астамын береді.
Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады. Еңбек өнімділігін 5 есеге – қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін арттыру көзделіп отыр.
Елбасы «Біз ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек. Қазақстан халық құрылымында орта тап үлесі басым елге айналады. Урбанизацияның жаһандық үрдісіне орай қалалық тұрғындар үлесі барлық халықтың қазіргі 55 пайызынан 70 пайыздай деңгейге дейін өседі», – деген-ді.
Осыдан бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек,» – деп халыққа нақты бағыт сілтеген болатын. Уақыт алға озған сайын осы «үш керектің» орны белгі беріп тұрады.
Бізге бәсекеге төтеп берер бизнес-қабілет керек. Бизнесте бәсекелі ұлтқа айналғанда ғана берекеміз кіреді.
Құдайға шүкір, жаңа ғасырды қазақ үлкен серпінмен бастады. Үнемі қорқыныш пен үрейден еңсесі түскен ұлт тұңғыш рет басын көтерді. Жаңа ғасырға жасампаздықпен қадам басты. Соның ең басты көрсеткіші – Нұр-Сұлтан. Қазақ қазақ болғалы өз астанасын өз қолымен тұрғызды. Қазір тіл ұшына жиі үйіріліп, қайта-қайта айтыла берген соң, көбіміз мән бермейміз. Алайда, ХХІ ғасырды қазақ халқы тыныштық пен тұрақтылық жағдайында, үрейлі үркіншіліксіз, жойқын жортуылсыз, мамыражай қалыпта бастап отыр.
Абайға жиі жүгінген абзал. «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының тайын мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма?», – деп тереңнен толғайды қазақтың қазыналы қариясы.
Елбасымыз «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады», – деп ХХІ ғасырдың дүние дидарындағы ең басты талапты алға тартты.
Кез келген қазақстандық «Пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге» неге құмармыз?» деп терең ойлануы тиіс. Адамзат көшінде алға озып кеткен 30 елдің қай-қайсысына қарасаңыз да бәсекелік қабілет мықтап шыңдалған. Ешқайсысы еңбектен қашпайды. Қайта оза шауып, төске өрлеген сайын өршелене жұмыс істейді.
Оңтүстік Корея парламенті жақында 68 сағатқа созылатын жұмыс аптасын қысқартуды ұйғарыпты. Демек, бұл ел аптасына 6 күн, әр күні – 11 сағаттан астам жұмыс істеп келді деген сөз. Қазіргі таңда корейлер тек 52 сағат жұмыс істейді екен, оның 40 сағаты міндетті жұмыс уақыты болса, 12 сағаты үстеме жұмыс уақыты.
Оңтүстік Кореяның еңбек заңнамасына енгізілген өзгеріс биылғы шілде айында күшіне енді. Негізінен алғанда жұмыс уақытын қысқарту мәселесі ең алдымен елдегі ірі компанияларға қатысты. Келе-келе мұндай талап жекеменшік кәсіпорындарға да қатысты қабылдануы мүмкін көрінеді.
Жұмыс аптасын қысқартудың түпкі себебі неде? Елдегі экономикалық өсім тұсында Оңтүстік Кореяның демографиялық ахуалы нашарлай түскен. Бала туу көрсеткіштері төмендеп, жұрттың бәрі «жұмыс-жұмыс» деп жанталасып өмір сүретін болған. Жаңа жұмыс аптасы 40 жұмыс және 12 үстеме жұмыс уақытынан тұрады екен. Алпауыт кәсіпорындар бұрынғы өндіріс көлемін сақтап қалу үшін шамамен 11 миллиард доллар жұмсайды. Әйтсе де, еңбек өнімділігіне бұл өзгерістер қатты әсер ете қоймайды. Есесіне жұмыссыздар саны азаяды.
Біздің ел озық 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтып отыр. Бәйгеде арттағы ат топтың алдына шығу үшін барын салады. Ал ел мен ел жарысқанда озатын ел жанын салады. Осы жан салысып жұмыс істеуге келгенде қаншалықты табандымыз? Абай көрсеткен «кезегендік» қалыптан аса алдық па?!.
«Осы күнгі қазақтың іске жараймын дегені өзінің азды-көптісін біреуге қоса салып, «көре жүр, көздей жүр» деп басын босатып алып, сөз аңдып, тамақ аңдып, ел кезуге салынады», деген дананың қарттың байламы арада жүз елу жыл өтсе де өзгеріссіз қалуына қайран қаласыз!
Қазақстанда Еңбек күні 2013 жылдан аталып өтеді. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын Еңбек күнімен құттықтады. «Біз Қазақстанның даму жолында күш-жігерін жұмсап, жетістікке жеткен барша еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсетеміз. Әсіресе ардагерлерімізге айырықша алғыс айтамыз. Еңбек – бәрін жеңбек. Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек», деп жазды Қ.Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, осы мәселеде жатыр. Ұлт жаппай еңбекқор болғанда ел еңсесі биіктейді. Ешкім ешкімге алақан жаймайды. Масылдық пиғыл жоғалады. Сондықтан халқымыздың «Масыл болма, асыл бол!» деген ақ батасы кез келген қоғам мүшесінің қаперінде болғаны жөн.
Нұртөре ЖҮСІП,
Парламент Сенатының
депутаты.
«Egemen Qazaqstan».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |