Жалағаштағы күн электр станциясы

Жалағаш ауданында инвесторлар есебінен күн электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Жобалық қуаттылығы – 30 мВт. Жобаның жалпы құны – 19,3 млрд теңге. Жалпы, бүгінде Сыр өңірінде күннен қуат өндіретін осындай бірнеше электр станциялары салынуда.

Жалағаш кентінің шығыс жақ бөлігінде күн сәулесінен энергия өндіретін электр станциясының салынып жатқанынан оқырман қауым хабардар болар. Өткен жылы бұл мақсатқа 164 гектар жер телімі бөлініп, күн электр станциясының қазығы қағылған болатын. Жобаның негізгі құрылысы осы жылдың көктемінде басталды. Ол екі кезең бойынша жүзеге асады. Біріншісінде нысанның құрылысы салынады, одан кейін қазір пайдаланып жүрген 220 кВт қосалқы станцияға қосылады. Нақты кезеңде құрылыс жұмыстарына 71 адам тартылған. Мамандардың айтуынша, аталған аумақта жол салу, тегістеу және қоршау жұмыстары аяқталған. Бұған қоса, жоғары кернеулік алаңда инверторлық қосалқы стансалардың іргетасы құйыл­ды. Тиісті құрылғылар жеткізіліп, күн панельдері тіректерінің 40 проценті орнатылды. Станция құрылысын жүргізіп жатқан серіктестік аталған нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін қолданысқа береді деп күтілуде.

Айта кетейік, биыл Жалағаш ауданына тартылған инвестициялық жобалардың жалпы құны 45 млрд теңгеден асады. «Бұл қаржының негізгі бөлігі, яғни, 19,3 млрд теңгесі күн сәулесінен 30 мВт энергия өндіретін электр станция­сы құрылысына тиесілі. Ол іске қосылғаннан кейін 30 адам жұмыспен қамтылады. Бұған қоса, жергілікті бюджетке жыл сайын 150 млн теңге салық түседі», – дейді аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев.

Станция қолданысқа берілген соң күннен өндірілген қуат көзін аудан көлемінде пайдалану көзделген. Осылайша өңірдің өзге аймақтардан тасымалданатын электр энергиясына тәуелділігі азайып, экологиялық, экономикалық тиімділігі арта түседі деп күтілуде. Жалпы, жобаны жүзеге асыруға Франция, Болгария және Ресей компаниялары ниет танытыпты.

 – Жобаның бастамашысы – «Nomad Solar» ЖШС. Жобаның құрылысын орнату жұмыстарын жүргізу үшін Грекияның METKA-EGN KZ компаниясы ұтып алды. Қосымша мердігер «COM KZ» ЖШС, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет.

Бөлім басшысының айтуынша, жоба ауданның эко­номикалық дамуына оң әсерін тигізбек.

Еске сала кетейік, қазан айының басында Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылдық округінде «Байқоңыр Солар» ЖШС электр станциясы құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті. Нысан қолданысқа берілген кезде станция 50 мВт күн электр қуатын өндіретін болады. Станция пайдалануға берілген кезде көрші аудандар мен облыс орталығын электр қуатымен қамтамасыз етеді деп күтілуде. Сондай-ақ ауадағы көмірқышқыл газының жылдық шығарылуын 75 мың тоннаға азайтып, инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Аталған жобалар облыс үшін маңызды. Экологиялық та, экономикалық та тиімділігі жоғары. Аталған жобалар сәтімен жүзеге асса, облыс жұртшылығы арзан электр қуатын тұтынатын болады.


Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
"Сыр бойы".
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қазан 2019 г. 1 196 0