« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Осы күні аймақта мүмкіндігі шектеулі 29 мыңнан астам адам тұрады. Соның 5 мыңға жуығы – жасы 18-ге толмағандар. Бұл мәселе облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысқан облыстық мәслихаттың кезекті 37-сессиясында талқыға түсті.
Сессия тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысынан басталды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, балалар көбіне-көп жүйке жүйесі, тыныс алу жолдарының аурулары, туабітті ақаулар мен жарақат салдарынан мүгедек боп қалады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 2013 жылдан бері әр екі жыл сайын оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың жол картасы қабылданып отырады. Картаны жүзеге асыру үшін осы уақыт аралығында бюджеттен 23 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
– Биыл жеке оңалту бағдарламаларын орындауға 940 млн теңге қарастырылды. Бұл өткен жылғыдан екі есе көп. Осының нәтижесінде аталған бағдарламалардың орындалуы жөнінен Қызылорда облысы үш жыл қатарынан бірінші орыннан түскен жоқ, – деді ол.
Барлық баланы тең дәрежеде қабылдауға, оларға тәуір білім беруге бағытталған инклюзивті жүйе басты назарда. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасында биыл осы санаттағы балабақшалар үлесін – 30, мектептер үлесін 70 процентке арттыру көзделген. Қазіргі күні ерекше білім алуы тиіс балалар үшін 119 балабақша, 136 мектеп, 12 кәсіптік-техникалық оқу орнында жағдай жасалған. Былтыр Қазалы, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында арнайы кабинеттермен жабдықталған және қажетті мамандармен қамтамасыз етілген 3 балабақша ашылды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова ақыл-есі ауытқулы балалар саны жыл санап өсіп келе жатқанын қынжылыспен жеткізді.
– Қызылорда қаласындағы №7 мектеп-интернат 90 орынға шақталған. Алайда, онда 120 бала оқуға мәжбүр. Қаладағы №3 мектеп-интернат күрделі жөндеуге сұранып тұр, – деді ол.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – жолдың жайы да кеңінен сөз болды. Соңғы алты жылда 74,09 млрд теңге есебінен ұзындығы 1702 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары мен қала, кент, елді мекендердің көшелері жөнделді. 5 көпір салынды, 1 көпір қайта жаңғыртылып, 6 көпірге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.
Сырдария өзенінің Қазалы ауданы Әлсейіт учаскесіндегі, Қызылорда қаласы Шіркейлі арнасы бөлігіндегі екі көпір жыл соңына дейін салынып бітеді.
– Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары желісін дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған жол картасы аясында 1390 шақырымдық жол мен 12 көпірдің құрылысы, оларды жөндеу жоспарланған. 27 жоба – республикалық, 76 жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылады, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықов.
Сайлаушылар сенімін арқалаған депутаттар ойдым-ойдым жолдың, құрылысы созбалаңға салынған көпірдің мәселесін көтерді. Облыстық мәслихат депутаты Мінәжадин Өтеев Қазалының Қожабақы және Бекарыстан би ауылдары аралығындағы көпір құрылысы екі жылдан бері аяқталмағанын айтты.
– Бұл, алдымен, адам өміріне қауіпті. Екіншіден, бірқатар елді мекен тұрғындарының аудан орталығына қатынауы қиындап кетті, – деді депутат.
Көпір құрылысын тезірек бітірудің қажеттілігі сол, көктем, қыс мезгілдеріндегі сең жүру кезінде Өркендеу, Бірлік, Аранды, Бозкөл, Тасарық, Кәукей ауылдық округтерінің 7 жарым мыңға жуық халқы жол жүру қиындығынан құтылар еді. Өйткені Әйтеке би кентіне апаратын төте жол – осы.
Жалпы, облыстағы 146 көпір өткелінің дені өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған. Содан да сапасы сын көтермейді. Олардың жағдайын техникалық сараптамадан өткізіп, қанша уақытқа шыдас беретінін анықтайтын уақыт жетті.
Депутат Райкүл Байназарова Сырдария ауданында орналасқан кескін-келбеті қалаға бергісіз Нағи Ілиясов ауылына апаратын жолдың жайын қозғады. Себебі мұнда жергілікті тұрғындардан бөлек, сырттан келетін қонақтардың қарасы қалың.
Талқыға түскен тақырыптар сессияда тағы бір мәрте шегеленді. Алдымен, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов биыл тоғыз айда атқарылған жұмысты тиянақтады. Өнеркәсіп өндірісін есептемегенде, өңір экономикасын сипаттайтын барлық макрокөрсеткіш бойынша өсім қалыптасып отыр. Өйткені өнеркәсіп өндірісі үлесінің 70 процентке жуығы мұнайға тікелей тәуелді. Есепті кезеңде «қара алтын» өткен жылғыдан 12 процентке кем өндірілген.
– Дегенмен, саланы қалыпқа келтіру және өсімді қамтамасыз ету үшін экономиканы әртараптандыруға ден қойдық. Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде биыл күріш пен балық өңдеу, құрама жем мен күйдірілген кірпіш өндірістері іске қосылады, – деді облыс әкімі.
Жергілікті бюджет өзінің әлеуметтік бағытынан айныған емес. Аталған салаға 1,3 млрд теңге бағытталып отыр. Денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет салаларын дамыту жұмыстың басты бағыты болып қала береді. Премьер-министрдің табысы аз азаматтар үшін атаулы әлеуметтік көмек шығысын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес бұл мақсатқа 776,8 млн теңге бөлу жоспарланды.
Одан бөлек, аймақ басшысы соңғы уақытта болған қоғамдық-саяси маңызды шараларға шолу жасады.
– Жергілікті диқандар егін жинау науқанын толығымен аяқтады. Ел тарихында күріш өндіруден рекордтық көрсеткіш биыл да жаңаланды. 87,9 мың гектар күріштің әр гектарынан 60,3 центнерден өнім алынып, ел қамбасына 530,5 мың тонна дақыл құйылды. Рекордтық өнім жинауға қамқорлық жасап, қолдау көрсеткені үшін Елбасыға, Мемлекет басшысына және Үкіметке Сыр жұртшылығының атынан зор ризашылығымызды білдіреміз, – деді облыс әкімі.
Қызылордалық «Қайсар» футбол командасының финалда «Атырауды» жеңіп, Еуропа лигасына жолдама алуы барша жанкүйерге қуаныш сыйлады. Бұл 20 жыл бойы күткен жеңіс еді. Аймақ басшысы айтулы жаңалық Сыр елінің мерей-мәртебесін арттырып, абыройын асқақтатқанын атап өтті.
Одан соң бұған дейін көтерілген жол сапасы мен кембағал балаларды қолдау мәселелері жөнінде облыс әкімінің орынбасарлары Марат Делмұханов және Наурызбай Байқадамов хабарлама жасады. Сессия барысында күн тәртібіндегі өзге де мәселелер бойынша депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, тиісті шешімдер қабылданды.
Назерке Саниязова.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |