« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Біріккен Ұлттар Ұйымы үшжылдық бағдарламаны жүзеге
асыру барысында аймақ халқының өмір сүру сапасын жақсартуға 8,7 млн. АҚШ
доллары көлемінде қаржы бөлуді жоспарлап
отыр. Бұл туралы сейсенбі күні
облыс әкімшілігінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевпен кездескен сәтте БҰҰ
Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл мәлімдеді.
Кездесуді ашқан облыс әкімі Қ.Көшербаев БҰҰ сынды беделді әлемдік ұйыммен әлеуметтік жобаларды бірлесіп атқарудың облыс үшін маңызды болып табылатынына ерекше тоқталды. Айта кетейік, аталған ұйым соңғы жылдары Қазақстанның өңірлерін дамыту бағытында ел үкіметімен бірлесіп бірқатар ортақ жобаларды жүзеге асырды. Нақтырақ айтсақ, бұған дейін мұндай бағдарлама Шығыс Қазақстан облысында қолға алынып, оң нәтижесін берген. Енді міне, кезек Қызылорда облысына келіп отыр.
Шара барысында облыс әкімі Қ.Көшербаев пен БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл екіжақты келісімге қол қойды. Салмақты әріптестік аймағымыздағы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізетін қадам болады деп күтілуде. Құжатқа қол қойылған соң облыс әкімі аймағымызда атқарылып жатқан баянды істерге қысқаша тоқталып өтті.
– Жыл өткен сайын Халықаралық ұйымдармен байланыс күшейіп, аймаққа тартылып жатқан инвестиция көлемі артып келеді. Мәселен, облыс әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында әріптестік туралы 6 келісім жасалды. Жуырда Дүниежүзілік банкпен САРАТС жобасының екінші кезеңін қаржыландыруға және Халықаралық қаржы корпорациясымен өзара әріптестікті дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Міне, осындай келіссөздер нәтижесінде облысымызда үлкен-үлкен жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Ал, БҰҰ-ның алдағы үш жылда өңірге салатын қаржысы ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеуге бағытталатын болады. Бұл жұмыстарды біз бірлесіп жүзеге асыратын боламыз, - деді облыс басшысы Қ.Көшербаев.
Өз
кезегінде БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл Қызылорда облысы
әкімдігімен бірлесіп қолға алып отырған жаңа бағдарламаның аталған халықаралық
ұйымның 6 агенттігінің білікті мамандары көмегімен жүзеге асырылатынын
жеткізді. Айта кетейік, бұл агенттіктердің қатарында UNDP – Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы,
UNESCO – Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі біріккен ұлттар ұйымы,
UNFPA – БҰҰ Халық саласындағы қоры, UNICEF – Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар
қоры, UN Women – БҰҰ Гендерлік теңдік және әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін
кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымы және WHO
– Бүкіл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары бар.
– Бағдарлама өңір тұрғындарының денсаулығын нығайтатын кепілді әлеуметтік және экономикалық мүмкіншіліктерге қол жеткізуге ықпал етеді. Мұнда жасыл экономиканы дамыту, халықтың денсаулығын жақсарту, шағын бизнесті өркендету және өңір тұрғындарының құқықтық сауатын көтеру көзделген. Сонымен қатар, бұл бағдарлама әсіресе, әлжуаз тұрғындарға берілетін қызметтердің қолжетімділігіне көмектеседі, – деді еліміздегі БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл.
Бұл бағдарлама Сыр өңірімен қатар, Маңғыстау аймағында да жүзеге асырылатын болады. БҰҰ өкілінің мәлімдеуінше, оның нәтижесі үш жылдан соң көрінеді. Ол үшін бағдарламаны жүзеге асыруға отандық сарапшылармен бірге халықаралық мамандар тартылып, түрлі шаралар, оқыту семинарлары мен тренингтер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, ауылдық жердегі шағын кәсіптің өркендеуіне гранттар беріледі.
Қазақстандағы БҰҰ өкілі Сыр өңірі тұрғындарының өмір сапасын жақсартатын жаңа бірлескен бағдарламаны алдағы аптадан бастауды жоспарлап отыр. Жалпы, ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының, «Қазақстанның өңірлік дамуы» бағдарламасының басымдықтарына сүйеніп құрылған.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |