«Абай-Дәулет» финалда

Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық «Қазақстанның үздік тауары - 2019» көрме-байқауында аймақ атынан қатысқан «Абай-Дәулет» ЖШС «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша финалдық кезеңге жолдама алды. 2016 жылы құрылған« Абай-Дәулет» ЖШС-ның  басты кәсібі – күріш өңдеу. Кәсіпорынның шаруашылықта заманауи, жоғары автоматтандырылған күріш зауыты бар. “Бесарық” және “Байтабын” шаруашылықтары жаңа прогрессивті технологияларды және техникалық жаңаруды қолдану арқылы күріш өнімділігін арттыруда. Жыл сайын нарыққа шығатын өнім көлемі ұлғайып келеді.

Жақында сағатына 7 тоннадан астам өнім өндіретін жаңа зауытты іске қосты. Сонымен қатар, кәсіпорында қалдықсыз өндіріс жолға қойылған. Күріш қалдықтарын жем дайындауға пайдаланады. Өнім Қазақстанның барлық облыстары мен ТМД елдеріне экспортталады.

Шаруашылық күріш өндірумен бірге төрт түлік мал өсірумен де айналысады. Қылыш құйрықты қара қойды тәжікстандық түрімен будандастырды. Шаруашылықтағы қошқарлардың салмағы 140 келіге дейін барады. Ал аналықтары 70-80 келіге жетеді. Жылына 110-120 төл алып отыр. Түйе басы 60-қа жеткен. Күніне 150 литр шұбат дайындалып, облыс орталығына жөнелтілуде. 

«Абай-Дәулет» серіктестігінде мал азығы да дайындалады. Сағатына 3 тонна өнім өндіретін шағын зауыт жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын басшысы Мұрат Сарсенбаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жоғары ұстанады. Шаруа қожалығы орналасқан елді мекендерді абаттандыру, асфальттау, әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын  жүргізу, демалыс орындарын қалыпқа келтіру, спорттық-мәдени шараларға демеушілік жасау, мектепке жаңа спорттық құрал-жабдықтар алу сияқты бірқатар жұмыстарды атқарып келеді.

Айта кету керек, көрмеге Қызылорда облысы атынан «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Мәди Қажы» ЖШС, «Қазақстандық Мұнай-Химиялық Кемикал Компаниясы» ЖШС, «Шиелі Тас» ЖШС қатысса,  «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша ЖК «Шак-Ди», «Ас-Ка» ЖШС, ЖК «Бильсариева Гулзат» кәсіпорындары бақ сынады.  Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша «Браунис-Қазақстан» ЖШС, «Абай-Дәулет» ЖШС, ЖК «Әбділла» қатысты.

Өнім сапасын жақсартуға бағытталған отандық кәсіпорындар мен ұйымдар қызметінің белсенділігін арттыру, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қамтуға көмектесу, өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын сапаға қатысты мәселелерді шешуге және халық арасында сапа идеясын кеңінен насихаттауды мақсат еткен көрмеге биыл 153 отандық кәсіпорын өз өнімдерін ұсынып, оның 27-сі финалдық кезеңге өткен.   

“СБ” ақпарат

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қазан 2019 г. 970 0