Нан бағасы өсті, қадірі ше?..

Нан қиқымын шашпаңдар, 

Жерде жатса, баспаңдар.

Теріп алып, қастерлеп,

Торғайларға тастаңдар.

Бала күнімізде ең алғаш үйренген тақпағымыз осы болды. Бұл жай жаттанды тақпақ емес, барлық балаға ес білгеннен нанды қастерлеуді үйретті. Осы бір шумақ өлең арқылы біз нанның қиқымын шашпауды үйрендік. Мұнан бөлек «Нан қиқымын жесең, бай боласың» деген анамыздың жиі айтатын сөзі санамызда жатталып қалғаны рас.

Бұл сөздің астарына мән бермесек те, нан қиқымын тастауға болмайтынын ұғып өстік. Тіпті, бір үзім нан арагідік жерде жатқанын көрсе,  оны жоғары қою, құс ұясына салу барлық балаға парыз саналатын. 

Ал, бүгін ше?  Бүгінгі ата-анадан «нан қиқымын жесең, бай боласың» деген сөз естідіңіз бе? Бұл тәмсілдің де ұмыт қалғалы қаша-а-а-н. Содан да болар, қазір нан қиқымын емес, нанды тастамау керек екенін ұғындыру қажет болып тұр. Себебі, бүгінде ас-та төк дастарханнан табан астындағы нанға иілетін шама жоқ. Бұл сөзімізге дәлел бүгінде қоқыс алаңының жартысы наннан көрінбейді. Ұялғандар қалтасымен іліп, оны да елемегендер нанның өзін еш шімірікпестен тастай салады. Бұл көрініске көптің көзі үйренді.

Тоқшылықтың белгісі ме, қазір нанның түр-түрі дайындалады. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, қазір той дастарханында нанмен безендіруден алдына жан салмайтын жағдайға жетті. Наннан құмыра, наннан киіз үй, тіпті, қадірлі қонағының алдына тартатын қойдың басын нанмен қаптау сәнге айналғанын көргенде еріксіз бас шайқайсың. Ал, сол безендірулер тойдан кейін жемге тасталатынына еш күмән жоқ.

Нанның қадірін ұғындырған шығармалардың бірі – Шерхан Мұртазаның «Интернат наны». Бір тілім нанды талғажау еткен ашқұрсақ баланың түсіне нан кірмеуші ме еді. Тәтті түске тойып оянған бала арқылы нан қадірін түсіндірген жазушы интернаттың бір тілім қара наны сол балаларды биік дәрежеге жеткізгенін, бір тілім нанға алғыс білдіріп, аяқтайды. Жүрекке жылы, нан қадірін тағы бір ұғындыратын әңгіме.

Нанның қадір-қасиетін ұғындырған аңыз әңгімелер де, өсиет те жеткілікті. Ал үлкендер айтатын нан қиқымын жегеннің бай болатынының сырын мына аңыз айтады. 

Бірде Ыбырайым пайғамбар: – Уа, Жаратушы Ием! Өзімді бай еттің, төрт түлігімді сай еттің. «Алмақтың да салмағы бар» деген. Мыңғырған малдың сұрауы қиын бола ма деп қорқамын. Артығын қайтып ал. Мен азға қанағат қылайын! – дейді. Алла тағала оған: – Ей, Ыбырайым, берекем қашып, малым сарқылсын десең, бұдан былай нанды отырып емес, аттың үстінде же. Нанның қиқымы шашылып, жерге түссін. Нан рәсуа болса, берекең кетеді. Мен ырысты нанның қиқымына жасырғам. Сен ас жегенде бір түйірін де жерге түсірмей, етегіңе салып жинап аласың. Сондықтан береке дарып, саған дәулет тез бітті, – дейді. «Нан қиқымын теріп же, бай боласың» деген сөз Ыбырайымнан қалыпты деседі.

Жақында Үкіметтің отырысында елімізде атаулы көмек алуға мұқтаж 2 млн-нан астам адам екені айтылды. Қоқыста жатқан нанға қарап нанның кепиеті емес пе екен деген ой келеді.

Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша елімізде биылғы жиналған астық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 млн тоннаға кем. Басты себеп – астықты аймақтардағы қуаңшылық. Сол себепті нан бағасы біршама қымбаттамақ. Алайда Үкімет, жергілікті әкімдік нан бағасын тұрақтандыру шараларын жасауда. Дегенмен нан бағасында өткен жылмен салыстырғанда айырмашылық бар. Бізді ойландыратыны, бағаның өскені емес, оның қадірі.

  Биылдан бастап елімізде «Нан күні» мерекесі белгіленді. Бұл да бекер емес. Мерекені нанды насихаттауға арнайық.

Нан күні құтты болсын!

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

«Сыр бойы»


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қазан 2019 г. 847 0