«Қызылдиқанның» қамбасы толық

Егіншінің мерейлі шағы – егін жинау науқаны аяқталып, ел ырысы еселенуде. Егістік алқабындағы жал-жал дестені комбайн­дар дәнге айналдырып, ел несібесі қамбаға құйылды. Үздіктер анықталып, құрмет төрінен көрінуде. Сол қатарда Сыр­дария ауданындағы «Қызылдиқан» шаруа қожалығы да бар. Қызылдиқандықтар науқанды қорытындылап, биыл да мол өнімге қол жеткізді.
Іскер басшы, тәжірибелі маман Алдаберген Құлбаев басқаратын шаруашылық биыл 850 гектар жерге Сыр күрішін екті. Оның 250 гектарына «Маржан» тұқымы себілсе, қалған бөлігіне «Лидер» сорты егілген. Ала жаздай егістіктің бап-күтімін жасаған диқан қауымы қазір кең тыныстаған. Құрметке бөленіп, еңбектің нәтижесін көруде.
Шаруашылық күріштігіне 5 қыркүйекте орақ түсіп, бір айдан аса уақытта астық ысырапсыз жиналды. Бұл жұмыс­та әкелі-балалы қос жаткист Әбсадық Маханов пен Алмас Әбсадықұлының еңбегі зор. Сондай-ақ 1 «New Holland», 2 «Палессе» комбайнын тізгіндеген Әбілдә Жаманқыз, Жасұлан Нұрымбетов, Руслан ­Бисенбаев дәнді бункерге тоғытып, ел ризығын арттырды. Ал тасымалдағы Серікбол Бекішов, Ержан Маханбетов, Қайрат Қалиев, Мейірбек Ыдырысов және басқалары егістік пен қырман арасында жүйткіп, қызылдан тау тұрғызды.
Бүгінде өзіне бекітілген күріштікті бастырып, қамбаға мол өнім құйған диқандар мерейі үстем. Атап айтқанда, Азамат Амануллаев (74,3 ц), Жанкелді Смайлов (69 ц), Әліби Смайлов (70 ц), Талғат ­Қожабаев (67 ц) және Ғабит Үсенбаев (64 ц) үздіктер көшін бастап тұр. Жалпы, шаруашылық биыл орта есеппен гектарына 61 центнерден өнім алды.
Шаруашылықтың басты жа­ңалығы – соңғы екі-үш жылда күріш тазартуға арналған жаңа қырман құрылысы жүріп, биыл соған толық көшті. Мұнда сыйым­дылығы 2000 тоннаны құрайтын қойма және техникаларға арналған гараж бар. Сондай-ақ элеватор мен автокөлікке арналған таразы орнатылған. 60 адамға арналған асхана мен техника жөндейтін шеберхана жұмысы шаруашылық қызметкерлеріне қызмет көрсетіп тұр.
– Заманауи техника, еңбек майталмандарының жанкештілігінің арқасында жыл сайын межеленген жоспар үдесінен шығып келеміз. Олар алтын дәннің еселеп артуына себепші болып отыр. Сондықтан биыл да жақсы нәтижеге қол жеткіздік, – дейді Алдаберген Құлбаев.
Егін жинау науқаны аяқталса да, шаруашылық жұмысы тоқтамайды. Еңбеккерлер келер жылғы жұмысты бастап кеткен. Қазірдің өзінде «Қызылдиқан» ШҚ-да 230 гектар жерге сүдігер айдалған.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ.
Сырдария ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қазан 2019 г. 786 0