« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Алтын дән – 2019» мерекесі аясындағы жәрмеңкеден соң мерекелік шара қалалық ипподромдағы ат бәйгесімен жалғасты.
Тойдың болғанынан боладысы қызық қой қашанда. Жер-жерден ағылған елдің көптігіне қарап, ұлттық спортқа ынта мен ықыластың ерекшелігіне сүйсініп қаласың. Ипподромнан бала жетектеген ана да, сұрағанын әперген әке де, ақ сақалды ата да, ақ жаулықты әже де табылады. Дүйім елдің жүзінен бір-бір тұлпарға тілекші боп, тақым қысқанын байқауға болады. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов шарада сөз алып, биылғы «Алтын дән» мерекесіне диқандардың зор нәтижемен жеткенін айтты.
– Диқандар бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Гектарына 60,3 центнерден өнім алып, 530,5 мың тоннадан аса Сыр маржанын қамбаға құйдық. Еңбеккерлердің мерекесі Қызылорда қаласының 201 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Кез келген елдің ұлылығын мәдениеті мен салт-дәстүрі танытады десек, бүгінгі мерекенің жалғасындай, ізгіліктің арнасындай болған ат бәйгесі ұлтымыздың ұлылығының дәлелі. Ұлттық спорттың бұқаралық сипат алып келе жатқаны қуантады. Бүгінде облыста 16 мыңнан астам спортшы ұлттық спорт түрлерімен айналысады. Осыған дейін 8 мыңдай балуан қатысқан «Алтын белбеу» күресі де ең танымал әрі беделді бәсекелердің қатарында. Естеріңізде болар, ұлттық спортты дамыту мақсатында 2018 жылы Қызылорда қаласында ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубы ашылған еді. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа 18 жылқы ат әбзелдерімен сатып алынды. Мұның бәрі аймақтың ұлттық спортқа көзқарасын айшықтайды. Бүгінгі сайысқа тұлпар қосқандардың мерейі үстем болсын, – деді аймақ басшысы.
Қазақ өмірін жылқысыз елестету қиын. Жеті қазынаның бірі саналған текті жануар тазалығымен ерекше. Әлемдегі қаншама ұлт қасиетті жануарға балайтын жылқының біз үшін де маңызы бөлек. Мінсе – көлік, жесе – азық, сауса – қымыз. Ал бәйгеге қосқанда көңілің жайланып, тұтас елдің айбыны көз алдыңа келеді. Ипподромның маңайы гу-гулетіп, әр жерден «шап» деген дауыстар келеді. Төрешінің белгісінен соң атшабардың айналасында ақ шаң көкке көтеріліп, көрерменнің арқасы қоза кетті. Ақынға шабыт сыйлайтын шапалақ болса, тұлпардың тұяғына ерекше серпін беріп, қанат бітіретін де көрермен қолдауы болса керек.
Қайсыбір жылдары аймақтың абыройын асқақтатып, республикалық додаларда қарсыластарынан қара үзіп талай жүлде алған «Император», «Гауһартас» атты сәйгүліктер болды. Жүйріктердің жалғасы әлі де жетіп артылады. Ә дегеннен тай бәйгесінде-ақ шашасына шаң жұқпайтындар өзінің қарқынын байқатты. Тұлпардың тұрпатына қарап, дәргей-дәрменін алыстан байқайтындар бәйге қызығын дүрбі салып та тамашалады. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген. 17 тай бәйгеде бағын сынады. Әдепкіде тізгінді тартып отырып, соңыра аттың басын бос жіберетін әккі шабандоздар қарсыластарынан айласын асырып бағуға тырысты. Көрермендердің бел ортасында отырып, жақсы тұлпар мінген тәжірибесіз шабандоздарды да біліп қаласың. Кәнігі атбегілер бір отырып, бір тұрып, 4 шақырымдық сайыста тағат таппай кетті.
Тай бәйгесін тапжылмай қарадық. Қос айналымды әп-сәтте аяқтап шығып, мәре сызығын кескенде шапалақтан жел есіп, ысқырықтан дауыл тұрғандай болды. Тай жарысындағы бас бәйгені сырдариялықтар қанжығасына бөктерді. Іргедегі Қоғалыкөлдің тұрғыны Орынбасар Төкешовтің «Алтын тайы» мәре сызығын бірінші боп кесті. Ә дегеннен қарқынын байқатқан тұлпардың облыс деңгейіндегі үшінші жеңісі бұл. Биыл көктемде Арал ауданы Шижаға елді мекенінде өткен бәйгеде де топ жарған. Осы жылы Жеңіс күнінде тағы да сол аралдық ағайынның таңдайын қақтырды.
– Құлын кезінде Ресейден алдырғанмын. Ағылшын аты мен Ресей жылқысының будандасқан түрі. Кешегі бәйгеде көзімді жұмып отырдым. Тұлпардың тұяғымен қоса жүректің дүрсілі де естілді. Мәреге жеткенше көзімді жұмып отырдым. Ат та, бала да аман келсе екен деп. Біздікі қызығушылық қой. Ұлттық спорт дегеніңіз жаныңа шабыт, бойыңа күш сыйлайды ғой. Бәйге болады десе, арқа қозып, тағат таппай алды-артымызға қарамай атымызбен қоса өзіміз де шаба кетеміз, – дейді Орынбасар Төкешов.
Бірінші орын иегері атанып, иесіне 500 мың теңге қаржылай сый әперген «Алтын тайдан» соң екінші орынды аралдық Ербақыт Ағжановтың «Тұмары» еншіледі. Жүлдесі – 300 мың теңге. Үздік үштікті түйіндеп, 200 мың теңгені иеленген «Қаршыға» атты тай шиелілік Айдар Жағыппардікі.
Тай бәйгесі аяқталып, құнандарға да кезек берілді. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» деген ғой атам қазақ. Атшабардың көркіне айналған тұлпарлар айналманың апшысын қуырып жөнеп кетті.
Он бір шақырымдық құнан бәйгеде он тұлпар бақ сынасты.
Ат спортында қызылордалық Кентай Игембаевтың есімі елге белгілі. Осы күні тай бәйгесінен басқа үш бәйгеде де аты озған атсейістің есімі бірнеше мәрте қайталанып отырды. Құнан бәйгенің қорытындысында «Бақторысы» оқ бойы оза шауып, 1 млн 500 мың теңгені олжалады. Жоғарыда аймақтың абыройын асқақтатқан «Гауһартасты» атап өтіп едік. Бүгінгі бәйгеде де «Гауһартас» бар. Кентай Игембаевтың бұл тұлпары 3-орынға табан тіреді. Ал екінші орын шиелілік Айдар Жағыппардың «Көзайымына» бұйырды.
Топ бәйгеге шыққан 13 тұлпар 15 шақырымда сынға түсті. Қашықтық ұзаған сайын жанкүйердің айғай-шуы да арта түскендей. Ақмешіттің аспанында жаңғырған дауыстар қазақтың бәйге десе басқаны ұмытатынын ұқтырған сияқты. Тағы да қиқу. Жарыс басталып кетті.
Бас төреші Ғабит Махатаевтың айтуынша, бүгінгі бәйгедегі бәсекелестік ерекше. Жылқылардың ішінен кіл мықтылар іріктеліп келгендей.
Тағы да сол Кентай Игембаевтың аты. Бұл жолы «Алауы» талай жүйрікті жолда қалдырып, мәреге жетті. Жүлдесі – 2 млн теңге. Ақмешіттің атағын асқақтатқан азаматтың «Ерігі» де жүлдесіз қалмады. Үшінші орынды иеленді. Сыйлығы – 500 мың теңге. Ал мәреге екінші боп жеткен «Рахмет» – қызылордалық Нағи Қорғанбектің тұлпары. 1 млн теңге еншісінде.
Құнан бәйгеде жүйрік атанған «Бақторы» мен топ бәйгеде алға шыққан «Көкқасқаның» тізгінінде 13 жастағы шабандоз Елжас Осман отырды. Жеті жасынан аттың құлағында ойнаған бозбала бүгінде белгілі шабандозға айналған.
– Атқа шабу өте қиын өнер. Мінген тұлпарыңмен сырлас та, мұңдас та боласың. Осы жарысқа қыстан бері дайындалып келеміз. Асыға күттік. Маңдай тердің нәтижесі бұл, – дейді шабандоз.
Көптен күткен аламан бәйгенің де басталар уақыты болды. Бұл бәйгеге тек облыс емес, Алматы мен Тараздан қонақтар келіп қатысты. 13 нөмірдегі «Фаус» әу бастан топтың алдына 50 метрдей шығып алған. Сол кеткеннен 25 шақырым бойына алда келді. Шабандоз Бауыржан Аубакиров мінген бұл жүйрік қызылордалық Нағи Қорғанбектікі. Бірінші орынның биігін бағындырып, 3 млн теңгені олжалады. Екінші орынды да қызылордалықтар еншіледі. Жұмағали Киікбаевтың «Айғасары» «Фаустың» ізін ала мәреге жетті. Жүлде – 1 млн 200 мың теңге. Соңғы екі орынды да оңтүстіктегі қос ауданның бірі Шиелі еншіледі. 3-орын Пернебай Күзенбайдың «Қарашығына» бұйырып, 800 мың теңгені иеленді. Алмас Арыстанбековтің «Еркетайы» төртінші орынға табан тіреп, 400 мың теңге жүлдеге ие болды.
– Ә дегеннен қасымдағы достарыммен бірге 13 нөмірдегі тұлпарды көрсетіп, осы келеді дегенмін, жаңылыспаппын. Ауылда туып-өстік, атқа міндік. Бір білгенім келді. Өзім бәйгеге ат қоспасам да, тұрақты жанкүйермін. Содан болар, топшылағаным тап келіп жатады, – дейді жанкүйер Алмат Доспенбетов.
Думандатып, бәйгелеткен, диқан даңқын әйгілі еткен халқымыз «Алтын дән» мерекесін осылай сән-салтанатымен тойлады. Айбарланып атқа қонған батырлардың ұрпағы ат спортын тек қана сайыс емес, өнердің ажырамас бір бөлігі ретінде дамытып келе жатқанының бір айғағы осы болса керек.
Дәулет ҚЫРДАН.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |