« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақтың қазыналы сөз қоржынында «Қос тойың қатар келсін» деген тілек бар емес пе? Бұл көңілі кең, пейілі дархан елдің тек жақсылыққа үміттенгенінен болар, сірә! Міне, осы ыстық ықыластың бір парасы Шиелі ауданында көрініс тапты. Шиелі тұрғындары қатар келген үш тойды бірге атап өтті. Олар – «Алтын дән» мерекесі, Әбділдә Тәжібаевтың 110 жылдығына арналған шаралар және «Өскен өңір» газетінің 80 жылдығы.
Молшылық тойында облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов аудан еңбеккерлері мен тұрғындарын құттықтап, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың ыстық ықыласын жеткізді. Үздіктер марапатталып, ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан тұлғаларға «Шиелі ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, аударыспақтан жастар арасында сайыс ұйымдастырылды.
Ә.Тәжібаевтың 110 жылдығына орай «Жыр ғұмыр» ғылыми-танымдық конференциясы, «Сырда туған сырбаз ақын» облыстық жыр мүшәйрасы өтті. Сол күні «Неге маған жырламасқа, Сырда туған елімді?!» атты өнер шеберлерінің гала-концерті Шиелі аспанын ән-жырға бөледі.
Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде дәуір үнін қағаз бетіне түсірген басылымның мерейтойына арналған танымдық конференция өтті. Жиынға қаламы қарымды қаламгерлер мен өмірін өлеңмен өрнектеген ақындар және газет оқырмандары қатысты. Конференцияны жүргізген аудан әкімі Әшім Оразбекұлы жиналған қауымды қатар келген қуанышпен құттықтап, газет тарихына тоқталды.
– 80 жылдық тарихы бар «Өскен өңір» газетінің жылнамасында қаншама азаматтар өшпес із қалдырып, қасиетті өлкенің тарихында есімдері алтын әріппен жазылды. Халық тарихы, дәстүрі, өміршең өсиет, еңбек адамдарының болмысы, бейбіт тірлік, өлкенің өркендеуі аудандық газетте үздіксіз насихатталып келеді, – деді аудан басшысы.
Одан кейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов облыс әкімінің құттықтау лебізін жеткізді.
Дәуір үнін қағаз бетіне түсірген басылым тарихтың таразысы, болашақтың тағылымы, бүгінгінің танымына айналып отыр. Ең алғашқы нөмірі 1939 жылы 19 наурызда жарық көрген газет қазірдің өзінде уақыт көшінен қалмай, өңірдегі жағымды жаңалықтардың жаршысы болды. Сонымен қатар халықтың тілегін дөп басатын ақпарат көзі ретінде танылды. Басылымның бұқара арасындағы абыройын асқақтатып, беделін биіктету жолында талай қаламгер тер төгіп, еңбек етті. Солардың бірі – 1967-1985 жылдары әдеби қызметкер, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеген Сәрсенбек Бекмұратұлы. Бүгінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі атанған аудандық газеттің ардагері де мерейтойда сахна төрінен табылды. Ол Шиелінің шежіресіне айналған басылымды өмірінің бір бөлшегіне балайтынын айтып, өз естелігімен бөлісті. Ал Шиелі ауданының құрметті азаматы Қуандық Түменбайұлы төл басылымның тарихына тоқталды. «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев журналист қауымға ақжарма тілегін арнады. Ақпарат ағыны көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан дәуірде бәсекеге сай дамудың жолдарын айтты. Әсіресе жаңа медиадағы сайт өндірісі мен әлеуметтік платформаны тиімді пайдаланудың тәсілдеріне ерекше тоқталды. Журналистердің шығармашылық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды да ескерусіз қалдырмады. ҚР Мәдениет қайраткері Ағайдар Ысымов журналистік жолында кездескен қызықты оқиғаларды айтты.
Жалпы аудандық газеттің мерейтойына арналған жиын толымды тартуларға толы болды. Себебі жиын барысында басылымның байырғы және бүгінгі қызметкерлерінің мақалалары жинақталып, газеттің тарихы қатталған «Өскен өңір – 80» кітабының тұсауы кесілді. Тұсаукесер рәсімін әдебиет сыншысы, «Сын» журналының бас редакторы Бақыт Сарбалаұлы мен ҚР Жазушылар одағының мүшесі Нұрмахан Елтай жасады. Олар аудандық газеттің ақпарат айдынында құлашын кең жаюына тілектестік білдірді.
«СБ» ақпарат.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |