Жәрмеңке: көңіл де, кәрзеңке де толып қайтты

Өткен сенбіде қала тұрғындары әдеттегіден сергек оянып, қаланы ду-думанға бөлеген жәрмеңкеге асықты. Бұл күні жаз бойы бел жазбай еңбек еткен шаруалар күз сыйын халыққа әдеттегіден біршама арзан бағада ұсынды. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қаланың әр аумағында өткен жәрмеңкені арнайы аралап, тұрғындармен тілдесті.

Осылайша биылғы күзде де диқандар Сырдың басты дақылы күріштен мол өнім жинап, қызу науқанның соңы молшылық мерекесіне ұласты. Айталық, осы жылы Шиелі ауданында 12,5 гектар жерге күріш егіліп, әр гектардан 60 центнерден астам өнім жиналған. Шаруалардың ай­туынша, биылғы жыл егінге аса қолайлы өтіпті. Жәрмеңкеде шиеліліктер салмағы 390 тоннаға жуық 37 түрлі өнімді 108 көлікпен жеткізген.

– Шиелі ауданының диқан­дары биыл егіннен мол өнім алып, елге үлкен тартумен келдік. Ауыл шаруашылығы сала­сындағы барлық көрсеткіш орындалды. Айталық, мал басы 7-11 процентке артты. Биылғы ерекшелігіміз, диқандар ғы­лыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, күріш, бидай, мақ­сары, картоптың жаңа сорт­тарын екті. Бұл өнімнің шығы­мы жақсы болуына ықпал ет­кені белгілі. Сондықтан мұн­дай жұмыстарды әрі қарай дамыта беретін боламыз. Жәрмеңкеге күріштен өзге тары, бал, асқабақ және мал әкелдік. Шиеліде қазіргі уа­қытта жұмыртқа, сүт өнімдерін шығаратын кіші цехтар жұмыс істейді. Сондай-ақ, Бестам деген жерде картоп егіп, биыл жақсы өнім алдық. Бүгін 11 көлікке картоп тиеп әкелдік, – деді аудан әкімі Әшім Оразбекұлы.

Жәрмеңкені аралай жүріп, картоп саудалаған шаруа­лар­дың көп екенін байқадық. Саудаға қызу кіріскен тұрғын­дардың айтуынша, өнімнің тұқымы жақсы, бағасы да әдет­­тегіден төмен. Арнайы сұрағанымызда, «Бестам елі» шаруа қожалығынан келген шаруа Нұрсұлтан Әлкебай картопты 80 теңгеден беріп жатқанын айтты.

Аймақ басшысы мұнан кейін Жаңақорған және Қазалы аудандарының ауыл ­шаруа­шылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралады. Оңтүстік ауданда бақша өнімдерінің мол жиналатыны белгілі, бұл жолы да Жаңақорғанның қауын, қарбызына, көкөністері мен балына сұраныс жоғары болды. Тіпті, жәрмеңкеде салмағы 30 келіге жуықтайтын асқабақтарды көрген тұрғын­дар шаруалардың еңбегіне деген таңданысын жасырмады.

Ал, «Құлагер» шағын ауданында өткен жәрмеңкеде қазалылықтар елуге тарта көлікпен күріш, күріш қал­дығы мен ет өнімдерін, балық пен сүт өнімдерін, ауданның мақ­танышына айналған «Қазалы» конфетін елге ұсынды. Сондай-ақ, бақша өнімдерінен бөлек, қой мен тоқты да саудаланды.

Бұл күні аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен тұрмысы төмен отбасыларға 500 мың теңге көлемінде заттай қайы­рымдылық көмегі көрсетілді.

Ал, С.Толыбеков көшесінің бойында өткен жәрмеңкеде қала аумағындағы шаруалар мен саудагерлер 48 тоннаның өнімін саудаға шығарды. Мұнда Белкөл кенті, Ақжарма, Қызылөзек, Тал­суат сынды ауылдық округтерден келген шаруалардан өзге, қаладағы ірі сауда үйлерінің өнімдерінен де тұрғындар қалағанынша керегін алды.

Облыс әкімі мұнан кейін Қармақшы ауданы ұйым­дастырған жәрмеңкені аралады. Биыл қармақшылық шаруалар күріштің әр гектарынан 62,7 центнерден өнім жинап, қамбаға 91,7 мың тонна астық құйылған. Қармақшылықтар шарада 46 көлікпен 103 тонна ауылшаруашылық өнімдерін жеткізді. Бұл жәрмеңкеде де ұсыныс пен сұраныс бір-бірін адаспай тапқаны анық.

Ал, биыл ауыл шаруашы­лығы саласында жоғары же­тістікке жетіп, «Үздік аудан» атанған Жалағаштың шаруалары жиылған жәрмеңке Титов қыстағында, Сырдария ауданының ұйымдастыруымен өткен жәрмеңке Жанқожа батыр көшесінде өтіп, арзан әрі сапалы өнімдерді ел керегінше алды.

Арал ауданының бетке ұстар бренді балық екені белгілі. Бұл жолы аралдықтар облыс орталығына 10 тонна балық, 5 тонна ет әкеліпті. Әсіресе, елді суда жүзген тірі балық қызықтыратыны белгілі.

– Жылда бір жазда 14 миллион 800 мың балық өсіреміз. Бүгін жәрмеңкеге 300 килограмнан аса балық әкелдік. Арасында дөңмаңдай, карп, беломор бар, – деді «Қамыстыбас питомнигі республикалық қа­зыналық кәсіпорны» директоры Нұрқабыл Құланов.

Сондай-ақ, жәрмеңкеде «Құланды» шаруашы­лы­ғынан әкелінген 1,5 тоннаға жуық жылқы мен түйе еті де саудаланып, «Аралдың балығы» деп аузының суы құрып айтатын елге балықтың түр-түрі ұсынылды.

–       Аралдың жәрмең­кесі­не арнайы келіп, жылқы етін 1800 теңгеден,  сиыр етін 1500 теңгеден сатып алдық. Ауылда, қолда өскен малдың еті бөлек болады ғой. Енді балық таңдап жүрміз, – деді қала тұрғыны  Айман Адиева.

Осылайша қаланың әр ау­мағында өткен ауқымды жәр­меңкеде шалқыған ән, күм­бірлеген күй тартылып, ел шат-шадыман көңілде мәре-сәре болып, іздегенін арзан баға­да алса, шаруалар делдалсыз, тиімді бағада өнімдерін Қы­зылорда нарығына шы­ғарды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.


  
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қазан 2019 г. 380 0