МЖӘ: Екі жаққа да тиімді

Ел экономикасы үшін тиімді тетік саналған мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің нәтижесі сезілуде. Әсіресе, соңғы жылдары ел құлағына сіңісті болған билік пен бизнес арасындағы қарым-қатынастың жаңа белесі талай ауыл-аймақтағы жоқтың орнын толтырғаны рас.

Бүгінде облыс бойынша 34 млрд теңгеден астам қаржыға 116 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және басқа салаларда екіжақты байланыстың тиімділігі байқалады.

Мамандар пікіріне сүйенсек, бұл дамыған мемлекеттер тәжіри­бесінде бар. Тиімділігі, мемлекет өзіне жүктелген міндеттерді жүзе­ге асырады және инфрақұрылым­дық жүйелерді дамытуды жылдамдатады. Бұл орайда жергілікті бюджетке түсетін ауыртпалық ай­­тарлықтай жеңілдейді. Тағы бір айта кетерлігі, озық технологиялар мен тәсілдерді пайдалана отырып, қоғамның әлеуметтік қа­жеттіліктерін қанағаттандыра ала­ды. Жұмыссыздық мәселесін ше­шуде де тиімді екенін айта кету керек.

Ал, инвестор жоба бойынша өзінің орындаған жұмысы, сал­ған нысаны және көрсеткен қызметтік шығындары мен белгілі бір деңгейдегі пайданы МЖӘ шар­тының талаптарына  сәйкес өтей алады және оған мемлекет кепіл береді. Атап айтарлығы, бизнес мемлекетпен ұзақ мерзімді, тұ­рақты шарт жасай отырып, бо­лашаққа жоспар жасай алады.

Жақында Нұр-Сұлтан қала­сын­да мемлекеттік-жекеше­лік әріп­тестік бойынша І инвестиция­лық форум өтпек. Осыған орай об­лыста жобаның жүзеге асу барысы бойынша баспасөз туры ұйым­дастырылды.  Шараға ҚР Ұлт­тық Экономика министрлігі «Қа­зақстандық мемлекеттік-же­кешелік әріптестік» АҚ-ның коммуникациялар жөніндегі директоры Дамир Егізбаев қатысты. Мемлекеттік-жекешелік әріп­тес­тік аясында жүзеге асқан жо­баның бірі – «Облыстағы мем­ле­кеттік органдарға талшық­ты-оптикалық байланыс желісін тарту». Өткен жылы «Қазақтеле­ком» АҚ оңтүстік өңірлік коммуникациялар дирекциясы  аталған жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асыруға ұсы­ныс  жасап, биылдан басталды.

– Мемлекеттік органдар ара­сын­дағы байланыс үшін тал­шық­­ты оптикалық желілер қол­да­ну ең тиімді. Жоба жүзеге ас­қан­ға дейін оптикалық байланыс желісі базасындағы қыз­мет облыс орталығындағы мем­ле­­кет­тік органдар үшін ғана қол­же­тімді болды. Бүгінгі күнге дейін барлығы 69,6 шақырым тал­шық­ты-оптикалық кабель жүр­гізіліп, 77 мемлекеттік орган талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылды, – дейді об­лыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нәби Дәужанов.

Жоба 4 жылға есептелген, құны – 260 млн 631 мың тең­ге. Айта кетелік, интернет жүйесін тартудың түрлі технология­лары­ның ішінде талшықты-оптикалық байланыс желісі ең озығы саналады. Жылдамдығы өте жоғары, тұрақты әрі қауіпсіз.

Баспасөз турындағы келесі нысан – «Тарлан» денешынықтыру-сауықтыру кешені. Бұл да –мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі. Спорт кешені Бокс федерациясының қаржылан­дыруымен 2015 жылы пайдалану­ға берілген. 2016 жылдан бері боксшы Бақтияр Артаев «Тарлан батырлары» мекемесін құрып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жеткіншектердің ақы­сыз спортпен шұғылдануына жағ­дай жасауда. Бүгінде спорт кешеніндегі бокс үйірмесіне 250-ден аса, таэквондо бойынша 130 бала тегін жаттығуда. Спорт кешенінің жал­пы ауданы – 2092 шаршы метр. Мұнда балаларға спортпен айналысуға барлық жағдай жа­салған. Кешенде бокс, таэквондо, атлет залдары, фитнес орталық және сыртта футбол алаңы бар. Сондай-ақ, 24 орындық жатақхана, 16 орындық асхана, монша қыз­мет көрсетеді.  Оқу-жаттығу жиы­ны кезінде жаттығушылар жатақханада тегін жатады.

– «Тарлан батырлары» меке­месі еліміздің бес аймағын қам­тыған. Соның бірі – біздің облыс. Бес аймақтағы кешендер бір­дей спорттық құралдармен жаб­дықталып, балалардың ақы­сыз спортпен шұғылдануына жағ­дай жасалған, – дейді «Тарлан» денешынықтыру-сауықтыру ке­ше­нінің директоры Бауыржан Айжанов.

Мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік аясында жүзеге ас­қан оңтайлы жобаның бірі – «Alexey Sultan Akhmet» емханасы. Бұл республика бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асқан алғашқы жобалардың бірі. Облыс әкімдігі мен «Alexey Sultan Akhmet» ЖШС әріптестігі негізінде ауысымына  400 келушіге арналған емхана 2017 жылы іске қосылды. Бүгінде емханаға тіркелген 38100 халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіледі. Соң­ғы үлгідегі заманауи медици­налық құрылғылармен жабдық­талған емханада балалар мен ересектерге арналған бөлім, 32 төсектік күндізгі стационар, зерт­хана, гинекология, функ­ционал­дық диагностикалық бөлім бар.

– Мемлекеттік-жекешелік әріп­­тес­тік аясында ашылған емха­на­­ның ерекшелігі – соңғы үлгі­дегі медициналық құралдар­мен жаб­дықталғаны. Емханада ке­піл­дендірілген тегін медици­налық көмек және ақылы қызмет көрсету сапалы жүзеге асады, – дейді емхананың қаржы жөніндегі директоры Жайна Қарлыханова.

Сондай-ақ,  аймақта «Тұрмыс­тық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені мен полигон құрылысын салу және сыртқы инженерлік желілерді жеткізу» жобасы жүзеге асуда. Жобаның жалпы құны – 1,3 млрд теңге. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 жақты келісім-шарт жасалған. Атап айтқанда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайда­лануды реттеу басқармасы, об­лыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, «Қызылорда тазалығы» ЖШС және «Техоснастка Ремсервис» ЖШС.

Жобаның 50 проценті инвес­тор қаражаты есебінен. Кешеннің қуаттылығы жылына 60 мың тонна қатты қалдықтарды сұрыптауға жетеді. Кешен іске қосылғанда 40 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

– Жобаның мақсаты – тұрмыс­тық қатты қалдықтарды кәдеге жа­рату, қалдықтарды жинау, кө­му бойынша тиімді әлеуметтік қолайлы қызметтер кешенін құру, – дейді «Техоснастка Ремсервис» ЖШС-ның бас инженері Юрий Нам.

 Баспасөз турының түйінінде БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Қазақстандық мемлекеттік-же­ке­шелік әріптестік» АҚ-ның ком­му­никациялар жөніндегі директоры Дамир Егізбаев облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде ауқымды жұмыс атқа­рылып жатқанын атап айтты.

– Сыр өңірі облыс орталығына ғана емес, шалғай елді мекендерге инвестор тарту жағынан өз­гелерге үлгі. Сонымен қатар тұр­мыстық қатты қалдықтарды өңдеу кешені теңдесі жоқ жоба, – дейді Д.Егізбаев.


Гүлмира Ділдабекова
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қазан 2019 г. 325 0