Қала күні қалай тойланды?

Алаштың анасы атанған Қызылорданың туған күнін жұртшылық биыл да көтеріңкі көңіл-күймен тойлады. Бірнеше күннен бері әсем ән мен жырдан шашу шашқан өнерпаздар тартуын Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда өткен гала-концертте түйіндеді. Салтанатты шараға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысып, Сыр халқын айтулы күнмен құттықтады.

– Екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда – экономикасы қарыштап дамыған, әлеуеті артқан қала. Өңірдегі құрылыс көлемі де өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артты. Аймақтағы құрылыс жұмыстарының 40 проценті облыс орталығының үлесінде. Қазір Сырдың сол жағалауы көз тартар әлеуметтік нысандармен, әсем ғимараттармен толығуда. Алдағы уақытта республикалық, облыстық бюджеттен 820 пәтерлік 16 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 830 пәтерлік 17 көпқабатты кредиттік тұрғын үйдің құрылысы басталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Жүйелі жұмыстардың үздіксіз жалғасуы қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайының ілгерілей түскенін аңғартып отыр. Сүйікті қаламыздың бүгінгідей құлпырып, жасарып, жайнай түсуінде сіздердің әрбіріңіздің қосқан үлестеріңіз зор деп білемін. Мерейлі мереке құтты болсын, әр отбасына құт-береке, шаңырақ шаттығын тілеймін, – деді аймақ басшысы. 

Мерекелік кеште облыс әкімі ел мерейін үстем еткен спортшыларға, атап айтсақ, жақында ғана Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан өткен Әлем чемпионатында олжа салған Қамшыбек Қоңқабаевқа 2 млн теңге, Тұрсынбай Құлахметке 1 млн теңге, еркін күрестен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Дәулет Ниязбековке 2 млн теңгенің және олардың бапкерлеріне 500 мың теңгенің қаржылай сертификаттарын табыстады.  

Сонымен қатар қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елге еңбегі сіңген бірқатар азаматтарды «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Олардың қатарында «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Аманжол Оңғарбаев, белгілі қаржыгер Қалқазбек Әжібеков, облыстық медицина орталығының үздік дәрігері, нейрохирург Шынжырбай Оразмаханұлы, айтыскер ақын, екі дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, Сыр спортына серпін берген, қазір ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» МК-ның бас директоры Садық Мұстафаев және басқалар бар.

– Өңірде оң өзгеріс көп. Бұл ауқымды істердің барын көрсетеді. Бүгіннің өзінде бірқатар нысандар пайдалануға беріліп, көпшіліктің қуанышқа кенеліп жатқанын естіп жатырмыз. Біз де жерлестердің қуанышына ортақтасуға келдік. Азды-көпті еңбектің еленгеніне қуаныштымыз. Осы сәтті пайдалана отырып, барша қызылордалықтарды шаһардың мерейлі мерекесімен құттықтаймын. Сыр жұртшылығына Қызылордамыз дәл осындай қарқынмен дами берсін деген тілегімді жеткіземін, – деді Садық Шоңмұрынұлы.

Әрі қарай концерттің көркін өнер биігіне самғап, қазақ эстрадасының жарық жұлдызынa айналған Жеңіс Сейдолла, Кәмшат Жолдыбаева, Серік Ибрагимов секілді танымал әншілері қыздырып, торқалы тойды бір көтеріп тастады. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Қызылорданы мерекемен құттықтап, ыстық ықыластарын жеткізді. 

Сахна төрінен “құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй” бірінен соң бірі төгілді. Көне баба тағылымын, бағзы дәуір дәстүрі мен кие тұнған өлкенің өнерін паш ететін сахналық қойылымдар да көрерменге жол тартты. Тал шыбықтай бұралып, әуезді әуенге тербелген бишілер тобы жоғары деңгейде өнер көрсетті. Осылайша, халық әндері мен домбыра көмейінен төгілген күмбірлі күй көкке әуелеп, ерекше әсер сыйлады. Естен кетпес шара аспан әлемін сәнге бөлеген отшашумен қорытындыланды. 

 Жалпы, қала күнінде ұйымдастырылған кештердің басым көпшілігі ұлттық тарихты зерделеу мен жаңа тарихи сананы қалыптастыруға бағытталды. Кең көлемде аталып өткен мереке осыны аңғартады. Барлық шарадан ертедегі дәстүріміздің иісі аңқып тұрғандай. Бұл – қуануға, құптауға тұрарлық дүние.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ, 

Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қазан 2019 г. 628 0