"Алтын дән": Бәйгеде бағы жанды

Қалалық ипподромда "Алтын дəн -2019" мерекесіне орай бәйгенің төрт түрінен жарыс өтті. Шараға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов бастаған ел ағалары қатысты.
- Ұлттық спорт түрлерінің біздің өміріміздегі маңызы зор. Ат спорты десе делебесі қозған халықпыз ғой. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді облыс әкімі.
Тай бəйгеге қатысқан  17 тұлпар 4 шақырым қашықтықта сайысқа түсті.  Қоғалыкөлдік Орынбасар Төкешовтің "Алтын тай" атты жылқысы мәре сызығын бірінші боп кесті. Ал аралдық Ақбота Тұрсыновтың "Тұмар" тайы екінші орынды еншіледі. Шиелілік Арман Еділбаевтың "Қаршығасы" 3-орынға ие болды.
Құнан бəйгеде 11 шақырым қашықтықта сайысқа түскен 10 тұлпар да тартысты бәйге байқатты. Мұнда қызылордалық Кентай Игембаевтың "Бақторысы" қарсыластарын шаң қаптырды. Екінші орынға Айдар Жағыппардың Қайнар Қиясов "Көзайымы" тұрақтаса, үздік үштікті Кентай Игембаевтың "Гаухартасы" түйіндеді.
Тоқ бəйгеде тұлпарлар 15 шақырымды бағындырды. Он үш шабандоздыңарасынан Елжас Осман Кентай Игембаевтың
"Алау" тұлпарын жеңімпаз етті. Нағи Қорғанбектің "Рахметі" екінші келсе, Кентай Игембаевтың "Елігі" мәре сызығын үшінші боп кесті.
Аламанда ат оздырғандардың да мерейі үстем болды. Қызылордалық Нағи Қорғанбектің "Фаусы" жеңімпаз атанды. Жұмағали Киікбаевтың "Айғасар" аты екінші орынды иеленсе, шиелілік Пернебай Күзенбайдың "Қарашығы" үшінші орын алды. Ал Жахаев ауылынан келген Алмас Арыстанбековтің "Еркетайы" төртінші орынға тұрақтады.
Бәйге жеңімпаздары қомақты сыйақымен марапатталды.

Дәулет Қырдан.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қазан 2019 г. 671 0