Цифрлық технология – күріш шаруашылығында

Өңірдің күріш шаруашылығы саласы заман талабына сай тағы бір өндіріс ошағымен толықты. «Мағжан және К» серіктестігіне қарасты күріш өңдеу зауытының ашылу рәсіміне облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысты.
Компания өз жұмысын 2005 жылы Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында 600 гектар аумаққа Сыр салысын егуден бастаған болатын. Сұраныстың артуына байланысты бүгінде бұл көрсеткішті 5300 гектарға жеткізіп отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауыл экономикасын дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Егін шаруашылығынан бөлек, Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданындағы елді мекендерді көркейту-көгалдандыруға, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосқан үлесі де қомақты.
– Серіктестік күріш жармасын өңдеу мен оны сатуды ұйымдастыру аясын кеңейту бағытында өз инвестициясына Оңтүстік Корея технологиясымен жабдықталған зауыт орнатты. Ол күрішті ақтаумен қатар, малдың жем-шөбі ретінде пайдаланылатын күріш қауызын ұнтақтап, қалдықсыз өнім шығарады. Барлық технологиялық процес толықтай автоматтандырылған жүйе негізінде жүзеге асырылады. Сапа менеджментінің талабына жауап беретін компания өнімі Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Украина және Тәжікстан мемлекеттеріне экспортталуда. Зауыт аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылып, салық базасының нығаюына септігін тигізетіні сөзсіз, – деді облыс әкімі.
Зауыттың басты ерекшелігі – автоматтандырылған жүйе арқылы бір орталықтан басқарылатынында. Ол үшін оңтүстіккореялық «Daewon GSI» компаниясының цифрлық технологиясы қолданылады. Шетелдік компания дәнді дақылдар өңдеуге қажетті құрал-жабдық шығарумен айналысатын әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі саналады. Ал елімізде әзірге баламасы жоқ өндіріс ошағы сағатына 5 тонна күріш өндеуге қауқарлы.
Салтанатты шарада Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұлов, Геннадий Шиповских тілектестік білдіріп, Социалистік Еңбек Ері Оразбай Әбішев бата берді.

Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қазан 2019 г. 851 0