Бастауыш ұйымдар бақ сынасты

 «Nur Otan» партиясының 20 жылдығына орай «Бастауыш ұйым – партия тірегі» атты турнир өтті. Ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған облыстық сайыста бастауыш ұйымдар тоғызқұмалақ, қол күресі, асық ату, бес асық, арқан тарту сынды спорт түрлерінен бақ сынасты.

Турнирді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова ашып, бастауыш ұйымдар кез келген саяси партияның түп негізі екенін атап өтті. Сондай-ақ, еліміздегі басты саяси күш «Nur Otan» партиясының өкілдері халыққа жақын болып, тұрғындардың мұқтаждықтарын біліп, қолдау танытып, қоғамда туындайтын мәселелерді шешуге көмектесу қажеттігін жеткізді. Ал, бастауыш партия ұйымдары арасында өткен турнирдің негізгі мақсаты ұлттық спортты дамыту мен партияластардың салауатты өмір сүруін көздесе, екіншіден партия мен бастауыш ұйымдар арасындағы кері байланысты орнату, тәжірибе алмасу, алдағы міндеттерді бір кісідей жұмыла атқаруға үндейді.

«Мұз айдыны» спорт кешенінде өткен жарысқа аумақтық кезеңде жеңімпаз деп танылған 11 бастауыш ұйым қатысты. Ұлттық ойын түрлерінің ұлттық рухты оятып, ерекше өтетін белгілі. Бұл жолы да турнир тартысқа толы болды. Жалпы командалық есепте Қазалы аудандық филиалының «Жанқожа» бастауыш партия ұйымы жеңімпаз атанып, кубокқа ие болды. Ал, Арал аудандық филиалының «Сарыбұлақ» бастауыш ұйымы екінші орынды еншілесе, Қызылорда қалалық филиалының «Шаңырақ» бастауыш партия ұйымы үздік үштікті түйіндеді.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар сайыс түрлері бойынша жеңімпаз бастауыш ұйымдарды марапаттап, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».


 

























 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қазан 2019 г. 645 0