Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

 Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға қала әкімі Н.Нәлібаев пен жауапты басқарма басшылары да қатысты.

Азаматтарды қабылдау үзіліссіз 8 сағатқа жуық жүргізіліп, 70 адам аймақ басшысының қабылдауында болды. Келгендердің негізгі мәселесі – тұрғын үй, әлеуметтік қорғау, білім және денсаулық салаларына қатысты.

– Соңғы жылдары  қаламызда 15 жаңа шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болды. Осы жылы  тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Баламекен» жобасы аясында Болат Өтемұратовтың жеке қорының де­меушілік қолдауымен 100 отбасы тұрғын үймен қамтылды. сондай-ақ, бүгінде Сырдарияның сол жаға­лауын­да 25 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, кілті табыс­талды, – деді аймақ басшысы.

Кезекте тұрған азаматтар үшін бас­пана заңға сәйкес кезең-кезеңімен беріледі. Баласы І топтағы мүгедек екенін, үй кезегінде 13 жыл бойы тұрғандығын айтқан Роза Асқарова кезегінің жақындағанын білмей, пәтер сұрап келген. Аймақ басшысы Р.Асқароваға кезегі келіп, Сырдарияның сол жағалауынан пәтерлі болғандығын айтып, қуантты. Баспаналы болған ана облыс әкіміне алғысын жеткізіп, ризашылығын білдірді.

Қабылдауға  келген бір топ ақсақалдар Сырдария ауданы, Айдарлы ауылындағы аяқ су мәселесі және каналдардың қоқысқа толып, тазаланбай тұрғанын көтерді. Қуанышбек Досмайылұлы келесі жылы егін мау­сымына дейін каналдарды тазалап, аяқ су жеткізу мәселесін шешуді жау­апты сала басшыларына тапсырды.

Жеке мәселе ғана емес, түгел ауылының, облыс орталығында өзі тұратын шағын  аудан, көшелерінің мәселесін көтеріп қоғамдық ахуалды айтқан азаматтар да сұрақтарына жауап алды.

Облыс әкімінің қатысуымен  дәл осындай қабылдаулар алдағы уақытта да өткізілетін болады.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2019 г. 289 0