Төтенше жағдайға тиянақты дайындық керек

Табиғаттың тосын мінезіне әрқашан сақадай сай болу керек. Әсіресе, Сырдария өзені жылда өзіне тән «мінезін»  көрсетіп, халықты бір қорқытып алады. Сондықтан өзен жағалауын бекіту жұмыстарына облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлінеді. Биыл қауіпті деген 26 қорғаныс учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов брифинг барысында мәлімдеді.

Облыс аумағында 56 су басу аймағы белгіленіп, оларға 425 арнайы техника және 111 мекеме бекітілді. Тасқын судың алдын алу үшін алдымен өзеннің ұлтанын тазарту қажет. Тазарту жұмыстары аяқталған соң қорғаныс бөгеттері салынады. Бұған республикалық бюджеттен 10,9 млрд теңгені құрайтын 3 ірі жобаның мемлекеттік сараптамасы әзірленді. Су тасқыны кезінде қала және аудан әкімдіктері көктемгі сең жүру аяқталғанға дейін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, өзен арнасына мониторинг жасалады. Халықты эвакуациялау үшін 79 жинақтау және 99 қабылдау пункі дайын,– деді басқарма басшысы.
Жылу беру маусымында өрт қауіпсіздігін сақтау  жауапты іс. Тілсіз жау сақтықты талап етеді. Бұл бағытта тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары қолға алынған. Облыста 1525 атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж көпбалалы және аз қамтылған отбасы мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың үйіне автономды көмірқышқыл газ датчиктерін орнату қолға алынуда. Шалғай елді мекендерде өрт сөндіру бекетін құру бойынша жоспарланған 16 өрт бөгетінің 13-і құрылды. Жыл соңына дейін қалған 3 бекетті ашу жоспарлануда. Бұл мемлекеттік өрт сөндіру қызметтері жоқ шалғай орналасқан елді мекендерде қауіптің алдын алуға септігін тигізеді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қазан 2019 г. 387 0