Аралдық ұшқыш әлемді бағындырды

«... Біздің ауыл – әуе жолдың астындағы ауыл. Алыс сапарға кетіп бара жатқан ұшақтар Қаратереңнің үстімен өтеді. Ұшақ өтіп кеткен соң, көк аспанда жал-жал болып, оның ақ жолақ ізі қалады. Бала біткен сол ұшақ бір нүктеге айналып, көрінбей кеткенше көз алмай, ұзақ қарап тұрады. Соның бәрін тамашалап өскен ұландар ұшқыш болуға ұмтылмайды ғой дейсің бе?», – деп келетін Бауыржан Омарұлының «Қаратерең вальсінде» аралдық өрендердің асқақ армандары сонау көк аспанға самғайтынын жазған еді...

Тіпті кей әкелердің ұлдарына ұшқыш болғанша шопыр болмайсың ба, шопыр болсаң, көлігің кәдеге асады, отын тиейміз, пішен тасимыз, сенің самолетіңе не тиейміз деп кейіп жататынын да жасырмаған еді. Кешегі ұшқыш болуға ұмтылған ұландардың бірі – Манас Дәулетбаев. Таяуда ғана Ресейде халықаралық сайыста өзінің ерекше өнерімен көзге түсіп, әлемнің азуын айға білеген алпауыттарының аузын айға қаратты.

Ресейдің Рязань қаласында өткен халықаралық армия ойындары әр мемлекеттің сарбаздарының мықтылығы мен ептілігін сынға салды. Майор Манас Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетті. Мұнда ол жалғыз болмады. Ұшақ тізгінінде әріптесі Дмитрий Коробкин екеуі жылдап жиған тәжірибенің нәтижесін көрсетті. Түрлі мемлекеттен келген әуе мықтылары бір-бірімен жойқын шабуыл арқылы текетіресті. Ондайда шабуыл мен қорғанысты дер кезінде қолдана білмесе, ойыннан шығып қалатының анық. Шеберліктерін Рязань көгінде әуелете көрсетіп, талайдың таңдайын қақтырды. Берілген тапсырманың бірі – физикалық дайындық пен пилоттық техниканы және нысанаға дәл соққы жасау мен жоғарғы аэробатиканы кәсіби шеберлікпен сәтті орындады.

Маңдайдан тамған тер, жүректің жиілеген дүрсілі... Өзгелер алдында елінің абыройын қорғау міндеті тұр. Додаға түскенде делебесі қоза кетті. Қазақстандық эки­паж «жойғыш авиация» және «жауын­герлік тікұшақ» аталымы бойынша алғы шептен көрінді. Қорытынды есепте Қазақстан үшінші орын алды. Ал жекелей сында жерлесіміз Манастың алдына түсер жан болмады. Әбден дайындалған, ширыққан сарбаз осылайша елдің абыройын асқақтатты.

– Жалпы қорытынды бойынша ресейлік және қытайлық ұшқыштардан кейінгі орын­ға тұрақ­тадық. Сайыс 3 кезеңнен тұр­ды. Бі­рінші дене шынықтыру болса, екін­ші жер­дегі нысаналарды іздеп табу, ал одан кей­ін авиациялық қару-жарақты пайда­ла­ну ар­қылы нысанды жою. Міне осы кезең­дер­ден сүрінбеуге тырыстық. Ең бастысы, жаттық­тыру­­шы­ларымыздың тапсырмасын сәтті орын­дадық, – дейді Манас.

Алтын жүлде алып келген Манас Дәулетбаев Арал қаласындағы №13 орта мектептің түлегі. Күні кеше тұтас Қазақстан қуаныштан бөркін аспанға атқанда теңіз төскейіндегі елдің де жанарынан қуаныштың тамшысы тамған. Манастың кеудесінде алаулаған арман да, менмұндалаған мақсат та осы білім ошағында басталып, құмдағы аймақтан көкке көтерілген еді.

– Бала күнгі арманымның жетегінде Ақтөбе қала­сындағы әуе-қорғаныс күштерінің әскери инс­­ти­тутына түстім. Қуанышымда шек болмады. Ұшу аппараттарын пай­да­лану майдан авиациялық-командалық так­ти­касы мамандығы бойынша 2008 жылы оқуды аяқтаған соң Шымкент қаласындағы 55652 әскери бөліміне ұшқыш ретінде жолдама алдық. Содан бері ұшақтан түспедік қой, – дейді ол жылы жымиып.

Бара сала «СУ-25» ұшағын тізгіндеп, әскери саланың қойнауына еніп кеткен Манас Дәулетбаев бұл күнде міндетін мүлтіксіз орындап, қызметіне адалдығымен көрініп келеді. «Қазір бұл саланы таңдайтындар азайып барады» деді ол қынжылған кейіп танытып.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Владимир Комаров ғарышқа екінші мәрте ұшып, қайтып келе жатқанда Аралдың Қаратереңінің батысындағы көк теңізге құлапты. Аралдан ұшқыштардың көптеп шығуына ол да бір себеп шығар... Кім білсін?! Ал алпысыншы жылдары Аралдан алғашқы ұшқыш шықты. Қаратереңнің аумағында талай балықшыны мұз құрсауынан, табиғаттың тосын мінезінен аман алып шыққан Дулан Дәрменовті білмейтіндер кемде-кем. Адасқан шопандарды да сан мәрте елмен қайта қауыштырған жан. «СУ-25»-ті ерттеп мініп, талай жерге әуемен барып табан тигізген Манас та Дәрменов бастаған аралдық ұшқыштардың көшін жалғады.

Иә... Жүрек қалауымен таңдаған саланың биік шыңына шығу, кең құлаш сермеу – зор бақыт. Сол бақытты алдына өңгеріп алып, Манас әлемді шарлап жүр. Таудай талантына қосылған бармақтай бақ оны заңғар көкке бағыттады.

Қанатың талмасын, Манас!

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қазан 2019 г. 1 079 0