Мерейлі марапат

Қызылордалық мұғалімдер мен тіл жанашырлары Президенттің Алғыс хатын иеленді. Оларды облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов марапаттады.

2017 жылы 5 қыркүйек, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілді. Биыл Тіл туралы Заңның қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Заң сол кезеңдегі күрделі қоғамдық-саяси ахуал тұрғысынан қарағанда еліміз үшін үлкен саяси жеңіс болды. Осыдан кейін қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Ал қазан айының алғашқы жексенбісі Ұстаздар күні ретінде аталып өтіп келеді.

– Айтулы мерекелерге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысып жүрген тіл жанашырлары мен мұғалімдерге Алғыс хатын жолдады. Сіздерді құттықтай отырып, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс, зор денсаулық, шығармашылық жетістік, отбасыларыңызға амандық тілейміз, – деді аймақ басшысы.

Марапатталғандар қатарында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жеңіс Сәдуақасұлы, республикалық «Тіл мерейі» газетінің редакторы Миуа Байназарова, айтыскер ақын, Жаңақорған ауданының денсаулық сақтау саласы бойынша халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сыздықов, Қармақшы ауданындағы №109 орта мектеп мұғалімі Бибігүл Әбдірасылова, Шиелі ауданындағы №45 мектеп-гимназия мұғалімі Мейрамгүл Ережепова және тағы басқалар бар.

– Бұл – біздің ғана емес, тіл мерейін өсіріп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген жандардың ортақ табысы. Азды-көпті еңбегіміз еленіп, кәсіби мерекеде бір марқайып қалдық, – деді ұлағатты ұстаз Жеңіс Сәдуақасұлы.

Назерке САНИЯЗОВА, 

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қазан 2019 г. 671 0