Жетінші үйдің жайқалған ауласы

Қызылорда қаласындағы «Көктөбе» шағын ауданына бара қалсаңыз, №7 үйдің ауласындағы көпқабатты үймен жарыса өскен теректерді байқайсыз. Жалғыз ол ғана емес, маңындағы бос орынға құлпынай, шие және әсем гүлдерге дейін егіп тастаған. Алақандай жердің гүлденгеніне қарап, ауласында бір тал гүлі жоқ кең сарайдай үйлер үшін ұяласың. Ал «Көктөбедегі» көптің көңілінен шыққан идеяның авторы да, бастамашысы да – Думан Еркін.

Біз барғанда ол ауладағы ағаштың қоршауын түгендеп, сынғанын бүтіндеп жүр екен. «Ойын балалары кейде осының қазығын сындырып кетіп жатады. Оған не дерсіз?! Бала ғой дейсіз де қоясыз» дейді. Бір үйдің ғана бойында 200-дің үстінде ағаш жайқалып өсіп тұр. Бір ерекшелігі,  айналасына жайыла өсетін емес, жоғары қарай тікесінен тартатын теректер көп. Қалған бірді-екілі ағаштардың қатарында туя және жеміс ағаштары бар.

– Бұл – менің ғана емес, 3,4,5 подъездерде тұратын көршілердің еңбегі. Ауызбіршіліктің арқасында мына жерді гүлдендіріп жібердік. Қазір екі жаз болды, алдыңғылары екінші қабатқа жетті. Құрылыс қалдықтары көмілген, құмды жерде ағашты шығару оңай болмады. Ауық-ауық көң салдық, тыңайттық. Нәтижесінде саясында демалатын жасыл желек пайда болды, – дейді Д.Еркін.

Шағын аудан дарияның жағасында тұрғанмен аяқсу мәселесі шешілмеген. Арық бар, бірақ кенезесі кепкен. Әйткенмен, ортақ қаржы шығарып, ауызсу арқылы амалдап отыр. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іске білек сыбана кіріскен көршілердің қатарында Мұрат Қалданұлы да бар.

– Өзіміздің отырған жеріміз. Қанша дауыл соғып, жел тұрса да үйімізге шаң-тозаң кірмейді. Аптап ыстықта да салқындатқыш қоспай-ақ көңіліміз жайланады. Біз біріксек, алынбас қамал болмайды. Соны түсіндік, – дейді ол.

Тұрғындардың айтуынша, әдепкіде «Қазақстан ипотекалық компаниясы» тұрғын үйді қолданысқа бергенде аулада газон болыпты. Бірақ ол да тіршілік нәрін татпаған соң қурап кеткен. Десе де ауланың бүгінгі көрінісі көпке үлгі боларлықтай.

– Қаражат бөліп, жер берсе, саябақ немесе бау-бақша ашып тастауға болады. Үйдің артқы бөлігі бос тұр. Келер жылы соны қолға алсақ деп отырмыз. Ата-бабам ертеректе тау беткейде тұрып, айналасын ну орман қылыпты. Маған да сол қасиет дарыса керек-ті, – дейді Думан Еркін бізбен әңгімесінде.

Қаражат демекші, тұрғындар ортақ ақша шығарып, аулаға бейнебақылау камерасын орнатыпты. Ондағы себеп ұрлық-қарлық, көлікті соғып, қашып кету деректері көбейіпті. Қазір бөтен пиғылдылар бұл үйді айналып өтетінге ұқсайды. Өткен жылы бас шаһардың 200 жылдық мерейтойы тұсында «Үздік аула» номинациясын  жеңіп алған көршілердің алдағы мақсаты да айқын.


Дәулет ҚЫРДАН.

Суретті түсірген

Нұрболат Нұржаубай.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қазан 2019 г. 450 0