Жан жылуынан тараған шуақ

 Әрбір ата-ана бауыр еті  – баласының дені сау болып туып, қатарынан кем қалмай өсуін тілейді.  Ал балалардың өмірге мүгедек болып келуі кім-кімге де ауыр соққы екені белгілі. Жарымжан жандар жағдайы еш уақытта мемлекет назарынан тыс қалған емес. Тағдыр тауқыметін ерте тартқандар үшін көптеген бағдарламалар қабылданып, жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да мүмкіндігі шектеулі жеткіншектердің жағдайына көңіл бөлініп, нақты міндеттер қойылды.  «Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз» деп Президент нақты тапсырмалар берді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, биылғы жартыжылдықтың қорытындысымен  аймақта 30008 мүгедек болса, оның 4514-і 16 жасқа дейінгі балалар екен. Мүмкіндігі шектеулі балалардың өзіндік еңбек дағдылары бірден қалыптасып кетпейді. Мұндай балғындар ата-анасы мен арнайы мамандардың көмегін қажет ететіні белгілі. Бұл орайда  оңалту орталықтарының маңызы зор. Біздің облысымызда ондай орындар бар. Солардың бірі – арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы.

Үміт ұясы

Орталық 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың тұрақты тұруына арналған стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық әлеуметтік мекеме болып саналады. Мекеме 1990 жылы «Қызылорда қаласында балаларға арналған психоневрологиялық интернат үйін ашу туралы» шешімге сәйкес құрылған. 2012 жылы Талсуат ауылдық округінде орналасқан жаңа ғимаратқа көшірілді. Ғимарат 150 орынға арналған. Бүгінде мұндағы стационарда 11 топтан құралған 60, жартылай стационарда 7 топта 58, барлығы 118 бала бар.

– Орталық өз қызметінде қызмет алушыларға үй жағ­дайына жақындатылған қо­лайлы жағдай жасайды. Осы мақсатта 7 бағытта атап айтқанда, әлеуметтік-тұр­мыс­тық, медициналық, психо­логия­лық, педагогикалық, мәдени, экономикалық және әлеуметтік-құқықтық арнаулы қызметтер көрсетеді. Бұл үшін ғимараттың әр бөлмесі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, – дейді орталық директоры Айгүл Шамшатова. 

Жалпы баланы қоғамға бейім­деу мен оқытуда ерте диагнос­тикалау мен түзету маңыз­ды. Тәрбиенің негізгі мақ­саты – еңбекке үйрету, өмір­ге икемдеу. Мұнда қызмет алушыларды ыждағаттылыққа, тия­нақтылыққа, тазалыққа бау­лу, өз-өзіне қызмет көрсетуін жетілдіру, дүниетанымын арттыру, сөздік қорын молайту, әде­мілікке, еңбексүйгіштікке тәр­биелеуде мұғалім-дефек­толог­­тар, тәрбиешілер, еңбек денешынықтыру мамандары, еңбек нұсқаушылар, мәдени ұйымдастырушы, кітапханашы, музыка мұғалімдері, логопед, психолог  секілді 219 қызметкер еңбек етеді.

Мұндағы қызметкерлер тек балалармен  жұмыс істеумен шектелмейді, онан бөлек ғимарат ішінде жарымжан жан­дарға отбасындағыдай жағдай қалыптастырып, жылылық, әде­мілік, көтеріңкі көңіл-күй сыйлай­тындай етіп безен­діру­мен айналысады. Оған орта­лық­пен танысу барысында көз жеткіздік.

– Бізге келетін балалар – ерек­ше жағдайдағы бал­ғын­дар. Сондықтан мамандарымыз олардың әрқайсысының ерек­шеліктеріне сәйкес арнайы жос­пар бекітіп, сол бойынша жеке-жеке  жұмыс жасайды. Онымен бірге осы балаларға қолайлы жағдай жасап, жандарына жылылық, әдемілік дарыту үшін бөлмелерді де қолдан кел­генше безендіреді. Бұл орайда мамандарымыз күндіз-түні уақытпен санаспай еңбек етеді, әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Тағы бір айта кетерлігі, бәрін өз қолдарымен, қарапайым ғана заттардан жасайды. Балаларды еңбекке баулу, қимыл-қозғалысын қал­пына кел­тіруде  қолөнермен айна­лысу­дың маңы­зы зор, – деді  директор.

Расында орталыққа келген адам мұндағы қызылды-жасылды гүлдері жайқалған ағаштарды, ондағы құстарды, олардың ұясын, қабырғаларда ілулі тұрған әртүрлі картиналарды бірден аңғарғанымен, олардың қарапайым ғана жиде ағашының бұтақтарынан, түрлі-түсті қағаз бен  жай ғана матадан жасалғанын білмеуі мүмкін. Өйткені, бәрі сондай шынайы, әдемі.

Бес блоктан тұратын ғи­марат іші осындай қол еңбегіне толы. Мұның барлығы әрине, осындағы қызметкерлер мен тәр­биеленуші балалардың еңбегі. Мүмкіндігі шектеулі бала­лар дегенде көз алдымызға еңбекке жарамсыз, ата-ана қолы­­на қараған жеткіншектер елес­тейтіні белгілі.  Солай, әри­не. Бірақ орталықтағы әрбір қыз­меткер сол кемтар бала­лардың өз-өзіне қызмет ете ала­­тындай деңгейге жетуі үшін қаншама тер төгетіні өздеріне ғана аян. Мәселен, ұсақ қол моторикасы кабинетінде балғындар қолдарын жаттықтыру арқылы ойын дамытуға мүмкіндік алса, ойын бөлмесінде олармен психолог жұмыс істейді, яғни, мұнда да баланы ойнату арқылы дамыту көзделген. Күнделікті үй тұрмысындағы   еңбектің өзі бала дамуының көзі. Осы орайда әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау кабине­тінің маңызы зор. Оларға дұрыс тамақтануды, тамақ­танып болған соң ыдыс­тарын, киімдерін жинауды, яғни, үйде жасалатын жұмыстар ту­ралы түсінігін дамыта отырып, өз-өзіне қызмет етуді үйре­неді. Ер және қыз балаларға ар­налған еңбек кабинеттері бар. Онда жеткіншектер тоқу, тігу секілді жұмыстармен айна­лысады. Жалпы, орталықта бала­лардың қалаған ісімен еркін шұғылданып, қоршаған дү­ниені танып-білуі, өздерін толыққанды тұлға ретінде сезінуі үшін барлық жағдай жасалған.

– Бізге  балалар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қорытындысы бойынша келеді. Негізінен невро­логиялық, туабітті сал ауруы­мен ауыратындар жібе­ріледі. Мұндай балаға күтім жасау, оңалту жалғыз ата-анаға ауыр екені рас. Ата-ана мен мамандар бірігіп жұмыс жасаса, мұндай балғындарды еңбекке баулу мәселесі өз шешімін табары белгілі. Біздің орталыққа көмектесіп тұратын тұрақты демеушілеріміз де бар. Атап айтқанда, биыл бізге түрлі шараларды өткізуге «Ел-Арай» қоғамдық қоры, Назарбаев зияткерлік мектебі, «Дәулет-Азия» ЖШС және «Банк Центркредит» АҚ көмек қолын созды, – деді орталық директоры.

Ата-анамен байланыс үзілмейді 

Орталықта ата-аналармен ты­ғыз байланыс орнатылған. Мұн­дағы әрбір жұмыс олардың көз алдында, назарынан тыс қалмайды.

Айгүл Бердібекқызының айтуынша, олардың ұсыныс-тілектері, пікірлері қай кезде де маңызды. Қызмет алушылардың ата-аналарымен, жақын туыс­тарымен қарым-қатынас орнатылып, үнемі кездесулер ұйымдастырылып, қажет болған жағдайда кеңестер беріледі. Олардың арызы бойынша балаларды отбастарына жіберіп отырады. Ата-аналар  мекемеде өтетін түрлі шараларға, ашық есік күндері мен тренингтерге қатысады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды орталыққа тарту мақсатында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу жолға қойылған. Бұл бағытта мекеменің қызметі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі мақалалар мен түсірілімдер жарияланып отырады. Сонымен бірге әлеуметтік желілер арқылы да, арнайы сайттарда да орталық қызметі туралы ақпараттар беріледі. Оған қоса мүмкіндігі шектеулі балалардың үйлерін аралап, ата-аналарына жартылай стационарлық бөлімшедегі қызметтер туралы түсіндіріледі. Соның нәтижесінде бөлімшедегі балалар саны 20-дан 50-ге дейін көбейген. Бұл балалар күнделікті арнаулы көлікпен тасымалданады.

Ата-аналардың балаларын орталыққа бермеуінің басты себебі – мүгедек балаларға, олар­дың ата-аналарына төлене­тін жәрдемақының биылдан бас­­тап көбеюі екен.

– Қазір көп ата-ана бала­лар­дың жәрдемақысымен күнел­тіп отырғаны жасырын емес. Егер біздің орталыққа өткізсе, жәрдемақыдан айырылып қала­ды, сондықтан олар амалсыз­дан үйлерінде ұстап отыр. Бірақ соңғы кезде күндізгі стацио­нарға келуге тілек білдірушілер көбейді. Қазір 50 бала болса, жуық арада 70-ке жетеді деп отырмыз, – дейді орталық директоры.

Мұнда балаларға бес мезгіл тамақ беріледі, аптасына бір рет шомылады және күнделікті кірі жуылады.

Жетістік – ортақ еңбек жемісі

Орталық қызметкерлері мен тәрбиеленушілерінің тынымсыз еңбегі өз кезегінде жемісін беріп те жүр. Көптеген шараларда, түрлі сайыстарда топ жарып, озық шықса, балалардың әр талпынысының өзі ештеңемен өлшеуге келмейтін үлкен жеңіс.

– Біздің басты жетістігіміз, жұмысымыздың негізгі көрсет­кіші мұндағы тәрбие­ленуші­лердің қимыл-қозғалысымен тікелей байланысты. Мысалы, отбасына оралғандар, өзіне-өзі қызмет көрсетуі жақсарғандар, қосалқы тірек аппараттарын тастағандар деген секілді көр­сеткіштермен өлшенеді. Оған көпшілік мәдени-спорт­тық шараларда алған жетіс­тіктерімізді қосыңыз, – дейді орталық директоры.

Шынында орталық мәлімет­терін қарап отырып, қол жет­кізген жетістіктердің де жет­­кі­лікті екенін байқадық. Мә­се­лен, 2016-2018 жылдар ара­­лығында отбасына орал­­ған қызмет алушылар саны 30-ға жетсе, тұрмыстық нәти­же­лер, яғни, өзіне-өзі қыз­мет көрсетуі жақсарғандар 34, кресло-қораптан тұрғандар 9, қосалқы тірек аппараттарын тас­тағандар 6-ға жетсе, дене қи­мыл-қозғалысы жақсарғандар саны 69-ды құрапты. Ал биылғы жарты жылдың өзінде 2 тәрбиеленуші кресло-қораптан тұрса, 8 бала қолын тіреп, аунап, отыруға мүмкіндік алған. Сонымен бірге 1 бала төрт тағандап тұрса, 44-нің дене қимыл-қозғалысы жақсарған.

Орталық мамандары мен тәр­­биеленушілері қоғамдық жұ­­мыс­­­тар мен мәдени-спорт­тық ша­раларға да белсене қа­тысады. Былтырдың өзінде рес­пуб­ли­калық «BI-Жұлдызай» ХІІІ шығармашылық фестива­лінің вокал номинациясы бо­йынша орталық тәрбиеленушісі Серік Мырзалы ІІІ орынды жеңіп алса, VІІІ облыстық «Жүрек жылуы» өнер фес­ти­ва­лін­де қолөнер жанры бойынша І орынды, көркемсөз оқудан І орын­ды, би жанрынан ІІ орын­ды және ән жанрынан бас жүл­дені жеңіп алды. Ал, жалпы 1992-2016 жылдар аралығында «Спешиал Олимпикс Казахстан» мүмкіндігі шектеулі бала­лар арасында спорттық сайыс­тар­да алған жүлделі орындар саны 73-ке жетсе, Орта Азия ойын­­­дарында алған жүлделері – 12 .

Осындай қыруар еңбек, жеткен жетістіктердің нәтижесінде былтыр «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік қызметкер -2018» атағын беру конкурсында орталық  «Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме» номинация­сын жеңіп алса, онлайн дауыс беруде бірінші орын иеленді.

Мүмкіндігі шектеулі бала­ларға мүмкіндік жасап, олардың  оңалуына үлес қосып отырған орта­лықтың алға қойған мақсаты да айқын.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қазан 2019 г. 321 0