Азаматы аттан түспеген ауыл

 Таң қылаң бере үстіне бір топ кісі мінген ЗИЛ-130 жүк көлігі гүрілдеген даусымен көшені көшіре өтті. Бұл – Қоғалыкөлдегі іргелі шаруашылық «Жер-Су Агро» фермерлік қожалығының жүргізушісі Қамбар Әбсадықовтың көлігі. Ауылдан 15-20 шақырым жердегі егіс алқабына қарай асығулы. Мұндағы негізгі жұмыс көзі – осы шаруашылық. Азаматтар көктем түсе алқаптың қоршауын нықтау мақсатында отынын шауып, жаз түсе егіс даласында қолына орағын ұстап, малының шөбін дайындайды. Еңбек майданының беріспес жауынгерлері бұлар. Азаматы аттан түспеген ауылдың қазаны да оттан түскен емес.

Ауылға кіреберістен сол қап­талға бұрыла тартып, топ шеңгелді қақ жарған жолмен №3 бригаданың ау­ма­ғына ендік. Мұнда бригадир Жұмабек Көмірбаев күріш ора­ғын­­дағы техникалардың жай-күйін ба­қылап, механи­затор­лар­дың жағ­дайын жасайды. Кісі көңілін қал­дырмайтын жанның қара­ма­ғын­дағы кү­ріш­ші Зарқұм Сүлей­менов биыл ерлік жасады. Гектарына 72 цент­нерден өнім алды. Әзірге зейнет­кер күрішшінің алдына шыққан ешкім жоқ. Қайсыбір жылдары күріші өнімді шыққан Орынбасар Қар­шығаев та әңгімеге қосыла кетіп, «Ағай­дың алдына ешкім шыға алмас» дейді күліп. Аға күрішшінің қа­сын­дағы Жалғас Еспенбетов те кәнігі маман. Биыл 61,2 центнерден өнім алды.

– Күтім жақсы болу керек. Иыққа кетпенді іліп, жай жүр­мейміз. Суын реттейміз. Зиян­кес­термен күресеміз. Ма­ман­дығым – зоотехник. Әдеп­кі­де мал шаруашылығына атса­лыс­тым. Кейіннен техника тізгін­деп, шопыр болдым. Жиырма жылдан бері күріш­шімін. Ала жаздай осы күрішке қарап бейне­тіміздің зейнетін сұ­рай­мыз. Жер-Ананың мейірімі тү­сіп, төккен теріміз ақталса, қуа­намыз. Біздікі – осы. Ұжымда бірге жұмыс істейтін жас­тарға үйре­теміз. Білгім келеді деген­­нің білегінен ұстап, ең­бекке бау­лимыз, – дейді З.Сүлейменов.

Ауылдағы алқаптың басым көпшілігі «Жер-Су Агро» фер­мерлік қожалығына қа­райды. Биыл қожалық 1074 гек­тар жерге күріш еккен. Оған қоса 903 гектар жоңышқасы бар. Күндіз-түні тынбастан еңбек етіп жүрген диқандардың жемісті кезеңі де келіп қалған.

– Бүгінге дейінгі есеп бойынша біз өнімнің 80 процентін жинап, қамбаға құйдық. Барлығы еңбек­керлердің арқасы. Оза шап­қандар қатарында Нұр­лы­бек Құлымбетов басқара­тын №2 бригада 260 гектар жердің әр гектарынан 55 центнерден өнім алды. Жекелей еңбек етіп биік­тен көрінгендер де аз емес. Жастар да, зейнеткерлер де бар. Тәжірибелі мамандар бар білгенін салып, ала жаздайғы еңбектің қайтарымы үшін тырбанып жатыр. Жас­тарымыз солардан үлгі алып, бір­деңе үйреніп қалайын дейді. Әлі де болса, жас мамандарды тартуда жұмыс істеп жатырмыз. Бидайдан Біржан Әб­жан, жоңышқадан Қайырбек Қос­жанов, мақсарыдан Берікбол Баубаев тәрізді жігіт­тер алда келді. Елдің несі­бесін қорып, дәннің төбесінен торғай ұшыр­майтын Аябек Жаппаровтай аза­­ма­тымызды да айта кеткен жөн, – дейді қожалық төрағасы Берік Әлекеев.

Төраға мақтаған азамат­тар­дың расында еңбегі ерен. Шаруа­шылықтың жұмысы бір адамның қолымен бітпейтіні аян. Бастысы, төртеу түгел болып, төбедегіге қол жеткізу. Әуелі Жер-Анаға дән сеуіп, несібе теру үшін техника сақа­дай сай тұруы керек. Гаражда тізілген техниканың сап түзеп, егіске аттануы үшін инженер ұйымдастырушы болуы тиіс. Бұл ретте Қоғалыкөлді былай қойғанда, Қызылордаға та­нымал инженер Батырбек Жәрменовтің орны бөлек. Дәне­кер­леушілер Нұржан Алдабергенов пен Әлизат Дінисламдай білікті жастар да бар. Механизаторлар Бақтияр Шілдебаев, Досбол Қалманов, Бақытжан Жұ­маділдаев, Еркебұлан Шіл­де­баев, Талғат Дос­пенбетов, Қазынабек Құлымбетов, Сағын­тай Шілдебаев, Қыдырбек Байгереев, Бақыт Тоқмырзаевтар науқан кезінде бір сәт тыныққан емес. Қауырт тірлікте бірлікті бекем, тірлікті түзу етіп келеді. Диспетчер Бодан Шалбаевтың да осы тірліктегі үлесі зор. Темір­ден түйін түйген ұста Талғат Ыдырысов көлік­тердің қосалқы бөлшектерінің өзін қайта өңдеп, қолыңа ұстатып жі­береді. Осындай мамандары бар шаруа­шы­лықтың ісі алға баспағанда қайтсін?!

Баймағанбет Палымбетовтің бас­­қаруындағы №1 бригадада шөп нау­қаны қызу жүріп жатыр. Бірі – күріш басында, бірі шөп шабуда. Әйтеуір, бос жүрген ешкім жоқ. Шөп бригадасының басшысы – Ғалымжан Қоқанов.

– Біздің тұрақты жүретін же­­ріміз жоқ. Осындағы 5 бри­гад­­аның қайсысындағы шөп ору­­ға жараса, сонда барамыз. Кел­­ген көліктің барлығына шөп үлестіру керек. Қайсысы болмасын, бала-шағасының нәпақасына жүр­ген жан­дар ғой. Жұмыстың қан­ша­лық­ты ауыр екенін өзің көріп, біліп отыр­сың. Қайсыбір қиындығын ай­та берейін, – дейді іскер азамат.

Ғалекеңнің қалың ел үшін істеп жатқан жұмысына басшысы да жоғары баға берді. Мұнан бөлек №4 және №5 бригада ел көңілінен шығып жұмыс істеп келеді. Бірі Жеңісбек Қожахметовтің, екіншісі Нәби Ысқақовтың басқаруында.

Төраға Берік Жағыпарұлы­ның есімі ауызға жиі ілігеді. Шаруашылық есебінен қысыл­ғанның қолтығынан демеп, сүрінгенге сүйеніш болып келеді. Таяуда ғана қыстың қамына мал азығын дайындаудан қиналған ауылдағы көнекөздердің отбасына 200 престен таратты. Асыраушысынан айырылған отбасыларға да қаржылай қолұшын берді. Мектеп, мәдениет үйі тәрізді нысандарға тұрақты түрде көмегі тиіп келеді. Таяуда ғана қарттар күні қарсаңында 2,5 мың тонна күріш таратып, мерекемен құттықтады.

– Не болса да, ауылға пайдамыз тисін дейміз. Ауылға сырт­тан қонақ келгенде көрсе­тер дүниең болғаны жақ­сы. Кіреберістегі төлқұжа­тымыз­дың көнергеніне біршама уақыт болған. Оны жаңартып, мәлі­мет­терін толықтырып, келген адам елді мекен жайлы біле жүрсін дедік. Ол да бірліктің арқасында ғой. Енді орталықта тұрғындар серуендейтін орын салсақ деген жоспар бар. Ол жерде елге еңбегі сіңген тұлғаларды танытар құрмет тақтасы тұрады. Еңбекті елеу деген осы деп білемін. Әрбір жас ұрпақтың санасында ата-бабамыздың, әке-шешеміздің ерен ерлігі жүрсе, тарихымызды бүтіндеу деген сол, – дейді Б.Әлекеев.

«12 қазанға дейін егінді жинап бітуді жоспарлап отырмыз» деген төраға ұзақ әңгімеге уақыты жоғын байқатты. Дереу іске көшіп, көлікке отырып, алқапқа аттанды. Азаматы аттан түспейтін ауылдағы шаруа­шылықтың шалқыған тірлігі осындай.

Сырдария ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қазан 2019 г. 1 096 0