«Қайсар» – Қазақстан Кубогының иегері

 Кеше қызылордалықтар Қорқыт ата атындағы халықаралық әуежайда Қазақстан Кубогының жеңімпазы, жергілікті «Қайсар» футбол клубының ойыншыларын қошеметпен күтіп алды. Спортшыларымыз 6 қазанда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана-Арена» стадионында өткен финалдық ойында «Атырау» командасын 2:1 есебімен жеңіп, Сыр елінің абыройын аспандатты.

Әуежайдағы салтанатты ша­раға облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқар­ма­сының басшысы О.Акимов, спорт­­шылар мен қала тұр­ғын­дары қатысты. Ал облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов өзінің facebook па­рақ­­шасында арнайы құт­тықтады.

«Қайсарлықтарды» және «Қай­сар­­дың» барша жанкүйерлерін ке­шегі тарихи жеңісімен құттық­таймын! «Қайсар» ФК «Астана-Арена» стадионында «Атыраумен» бақ сынасып, кубокты сарапқа салу­да нәтижелі ойын көрсете алды. 20 жылдан кейін Қазақстан кубогының финалына жолдама алған қайсарлықтар 2:1 есебімен жеңіс төрінен көрінді. Бұл тарихи жетістік жанкешті ойынның, ын­тымақтың, шебер бапкерлік жұмыс пен жанкүйерлердің қызу қол­дауының нәтижесі деп білемін. Команданың ендігі мақсаты – алдағы Еуропа Лигасында да осындай жеңіс тұғырынан көріну. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласына «Қайсарға» қолдау көрсету үшін арнайы барған барша сырбойылық жанкүйерлерге де алғысымды айтамын. Жеңісті күндеріміз көп болсын!» – деп ықыласын білдірді аймақ басшысы.

ҚР Мемлекеттік хатшысы, об­лыс­­­тың бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаев жеңіске жеткен жарқын сәт­те команданың қасынан табылды.

– Мен сіздермен мақтанамын. Бұл бақытты сәттер – біздің ортақ абыройымыз. Мен сіздерге Кубокқа лайықты осы ойындарыңыз үшін зор ал­ғысымды білдіремін. Стойчо Младенов өзі­нің нағыз бапкер екенін дә­лел­­деді. Команда әлі талай жеңісті сыйлайтынына, Еуро­пада да осындай мықтылық таны­татын­дарыңызға сенеміз. Ал біз «Қайсардың» Қа­зақ­станда ғана емес, Еуропада да жұл­дыздай жарқырауына қолдау көрсетеміз, – деді Қ.Көшербаев.

Қазақстан Кубогы үшін тартысты доданы тұтас ел көз тігіп, асыға күтті. Өйткені, «Қайсар» мен «Атыраудың» қай жеңгені Еуролигада өнер көрсетеді. «Біздің жігіттер дайын» деген қос облыстың ойыншылары шешуші сәтте бар өнерін салары әу бастан белгілі болған. Жүзден жүйрік шығып, ел Кубогымен қоса, кәрі құрлықта доп тебу қай футболшының болмасын арманы екені даусыз.

«Астана-Аренада» өткен ала доп бәсекесі үлкен тартыс­пен өрілді. Қос мықты жеңісті қол­дан бермеу қамымен тырысып бақ­ты. Десе де, екінші таймның 67-минутында атыраулықтар есеп ашты. Қызылордалық жан­күйерлердің көңілі түсе бастады. Оған қоса «Қай­сардың» ойын­шылары Джон, Барсегян, Марочкин төрешінің ес­кертуін алса, Асхат Тағыберген ойыннан шы­ғарылды. Жанкүйерлердің көңіл-күйі тіпті алаңдаулы еді. А.Тағыбергеннің орнына ойынға қосылған И.Зеньковичтің есеп теңес­тіруі екіталай деген пікір де айтылмай қалған жоқ. Алайда, 89-минутта Игорь Зенькович есеп теңестіргенде үміт оты қайта жарқ етті. «Қайсардың» финалдағы алғашқы голы осылай соғылды.

Қос команданың екеуі де аянып қалмады. Негізгі уақытта тепе-тең есепте болған соң, қосымша экстра-тайм жарияланған. Жанкүйерлер үшін нағыз алаңдау сәті туған еді. Дегенде 122-минутта (экстра-тайм) «Қайсардың» ойыншысы Думан Нәрзілдаев тарихи сәттің қуаныш голын салып,  Сыр еліне жеңіс сыйлады. Есеп 2:1, «Қайсар» Қазақстан Кубогының иегері атанды.

– Көпшілік бізді бар назарды Кубокқа салғаннан соңғы матч­тар­да дұрыс ойнамай жүр деп ойлайды. Олай емес. Чемпионаттың әрбір турында жақсы ойын көрсе­тіп, «Қай­сардың» абыройын асқақ­та­туы­мыз керек. Әлі де тартысты ойындар болады, – деді Стойчо Младенов.

Ел Кубогына қол жеткізген «Қайсар» енді Еуропа Лигасында Қазақстан намысын қорғайды.

Жеңіс құтты болсын, Сыр елі!

Дәулет Қырдан.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қазан 2019 г. 394 0