Жаппай кәсіпкерлікті дамыту: Екінші жыл еңсеріліп келеді

Ел экономикасының қозғаушы күші саналатын шағын және орта кәсіпті дамытуға мемлекеттік қолдау аз емес. Жұмыссыздықты азайтуға, жаңа жұмыс орнын құруға, халықтың табысын арттыруға сеп болатын шағын және орта кәсіппен айналысуға елдің ынтасы жыл сайын артып келеді. 

Аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» екінші жылы өтуде. Атаулы жылда өңірде кәсіпкерлікті барынша қолдау шаралары жасалуда.

Кәсібі бар елдің 

табысы бар

Жалпы кәсіпті бастау бар да, әрі қарай дамыту бар. Бүгін ашылып, ертең жабылып қалатын кәсіпкерлік нысандар қаншама? Кәсіпкерлікті қолдауға арналған жылдарда жұмыстың нәтижесі айқын болуы тиіс. Негізгі мақсат та осы. Сандарды сөйлетсек, облыс бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдардың ішінде жұмыс жасап тұрғандардың үлесі 85,7 процент. Бұл халықтың кәсіппен айналысуға ықыласты екенін байқатады. Бұл сөзімізді мына дәйек дәлелдей түседі: биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыс­та шағын және орта бизнес саласында 90020 адам жұмыспен қамтылып, 70,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Бұл – кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Расында, елімізде шағын кәсіпкерлікті қолдаудың барлық мүмкіндігі қарас­тырылған. Қаржылай және қаржылай емес қолдаудың ішінде қаржылай емесіне тоқталсақ, жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік негіздеріне 3970 жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар оқытылды. Оның ішінде «Бизнес-Кеңесші» бойынша 1303, «Бастау-Бизнес» 1567, «Жас кәсіпкер» жобасымен 1100 адам оқудан өткен.

Қаржылай қолдау да атап айтарлықтай. Биыл жұмыссыз­дар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың, кәсіп­керлердің жобаларын шағын несиемен қамтамасыз ету үшін ­
5 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Атап айтқанда, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында шағын несие беру үшін 4 млрд теңгеден аса қаржы қаралып, бүгінде 2 млрд теңгеден аса қаржыға 622 жоба несиелендірілді. Сондай-ақ, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына облыс бюджетінен 850 млн теңге бөлініп, 169 жоба қаржыландырылған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында тұрақты бизнес құрылымдарға қолдау көрсету үшін 1 млрд 150 млн теңге қаржы бөлінген. Аталған бағдарлама аясында жыл басынан бері субсидия беру үшін екінші деңгейлі банктер жалпы құны 3,8 млрд теңгені құрайтын 112 жобаны мақұлдаған. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік грант есебінен шағын кәсіп иелерінің 84 жобасы қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 1,145 млрд теңгені құрайтын 5 жоба несиелендіріліп, 699,5 млн теңгені құрайтын 8 жоба мақұлданды. Бүгінде жалпы құны 3 284,5 млн теңгені құрайтын 24 жоба қаралуда.

Туризм тамырына 

қан жүгірді

Бұл салада атап айтар жаңалық – «Туризмді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» бекітілуі. Бағдарлама әлі де дамуы жағынан кенжелеп қалған саланы өркендетуге септігін тигізетіні сөзсіз.  Сыр өңірінен рес­публикалық турис­тік картаға ­
3 нысан енгізілген. «Қамыс­тыбас» демалыс аймағы, «Жаңақорған» шипажайы, «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағы. Осы орайда айта кетелік, еліміздің туристік картасы – аймақтық және рес­публикалық маңызы бар нысандарды қамтиды. Мұндағы мақсат – 2-3 жыл бедерінде қартаға енгізілген нысандарды халықаралық дәрежеге көтеру. Картада республика бойынша барлығы 60 нысан бар.

Туристік картадағы үш нысанға тоқталайық. «Қамыс­тыбас» демалыс аймағын дамыту мақсатында «Қамбаш» көлінің жағалауында туристік инфрақұрылымды дамыту бо­йынша жалпы құны 105 млн теңгені құрайтын 90-нан астам нысан салынды. Құрылыс кезінде 350-ден астам жұмыс орны ашылып, 150 адам маусымдық жұмыспен қамтылған.

Жаңақорған ауданында 88 орындық шипажайдың құрылысы жалғасуда. Жобаның құны – 906,8 млн теңге.  Қаражаттың 326 млн теңгесі «Байқоңыр» ӘКК арқылы қаржыландырылса, қалғаны инвестор қаржысы есебінен.

Биыл облыс әкімдігі мен кореялық «KISAT» компания­сы екіжақты меморандумға қол қойды. Бұл әріптестік байланыс нәтижесінде жұлдызды қалашыққа келген туристер үшін «Байқоңыр» ойын-сауық аумағы құрылады. Бұл нысанға инвестор қаржысынан 32-34 млрд теңге қаржы жұмсалады деп жоспарлануда.

Туризм инфрақұрылымын дамыту бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында қызмет көрсету нысандарын дамыту жұмыстары жалғасын табуда. Бүгінге дейін облыс аумағы бөлігінде нысан құрылысына арналған 44 нүкте анықталған. Қазір 28 нысан жолаушыларға қызмет көрсетуде. Бұл 720 тұрақты жұмыс орнының ашылуына септігін тигізді.

 

Кәсіптің бір саласы – сауда

Елдің кәсіпке бейімделуінің алғашқы қадамы саудадан басталғаны мәлім. Кәсіпкерлік саласында қанатын кеңге жайған сауда саласы уақыт талабына бейімделіп келеді. Статистикаға сүйенсек, биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларына бөлшек сауда көлемі 188,8 млрд теңгені құраған. Бүгінде облыс бойынша 6827 сауда орны, 37 базар тіркелген.


Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қазан 2019 г. 247 0