Ұлттық байқауда бақ сынайды

«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық кезеңі мәреге жетті. Бұл – елді тұтастай қамтып, үлкен-кішіні елең еткізген, басқа байқаулардан жөні бөлек, жүлдесі де қомақты ұлттық байқау. «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы аясында ұйымдастырылған сайысқа аймақ бойынша 3 мыңға жуық оқушы қатысты. Ал, сәрсенбі күні республикалық кезеңде облыс атынан бақ сынайтын жеңімпаз анықталды. Ол – қазалылық оқушы Гүлзира Қонысбай.

Байқау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» және «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақалаларында қойыл­ған міндет­терді іске асыру мақ­сатында ұйымдастырылды. Бүгінде әуелгі мақсаттың орындал­ғанын аңғару қиын емес. Жоба эпос­тық жырға, батырлар жырына де­ген құрметті арттырып, ел тарихы­мен қатар жер-су атауларын, көне сөздерді білуге жол ашты. Ең басты­сы, әдеби кітапқа жатырқап қарайтын бүгінгі буынға әсер етіп, тол­қыныс тудырды. Бұл сөзімізге республика бойынша байқауға қаты­суға өтініш білдірген 50 мыңнан астам оқушы дәлел.

Әдетте, мектеп оқушысы үшін 2-3 беттік өлеңді жаттаудың өзі әжептәуір жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Бірақ бұл жолы олар сахнада әдеттегідей 1-2 беттік емес, 132 бет, 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау жырлаған нұсқасын жатқа айтты.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасы ұлттық кодымызды, ата-бабаларымыздан келе жатқан рухани дүниелерді қайта түлету, жандандыру мәселесін алға тартып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, ұлттық намыс, ар-ожданға берік, рухы мықты, қазақы құндылықты бойына сіңіріп өскен ұрпақ арқылы ел іргесі беки түсетінін атап айтты.

Облыстық кезеңде аудан мен қалада өткен ірік­теулерде жүзден жүйрік болып оза шыққан 27 оқушы қатысты. Ал, 27 өреннің өнерін белгілі жырау, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер уни­верситетінің профессоры Алмас Алматов бастаған қазылар алқасы бағалады.

Шарада ұлттық өнердің бағасын биіктетіп жүрген жырау 5206 жолдан тұратын мұндай жырды жаттау оңай еместігін айтып өтті.

–    Біз қазақ жырын белгілі бір дең­гейге дейін жырладық, енді оны әрі қарай жалғауды осы жастарға тапсырамыз. Бұл – ұлттың жадын жаң­ғыр­тып, өткенімізді өнеге ету­дің жарқын бастамасы, – деді А.Алматов.

Байқаудың шартына сәйкес, алғашында оқушылар жұптасып өнер көрсетті. Бұл сында іріктелген 8 оқушы екінші айналымда жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздерге қатысты және сыныбына сәйкес қазақ әдебиеті оқулығы бойынша сауалдарға жауап берді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, оза шапқан оқушылардың жырды қарадүрсін жаттап алмай, әр сөзіне мән беріп, астарына үңілгені жиылған жұртшылықты да, қазылар алқасын да риза етті. Мұнан кейін, қазылар тең түскен 8 баланы келесі айналымға шығарып, онда оқушылар жырдың белгілі бір тұсын жатқа айтудан жарысты.

Бес сағатқа созылған ауқымды бай­қаудың нәтижесінде Қазалы ау­да­нындағы №249 мектеп-лицей­дің 10-сынып оқушысы Гүлзира Қо­ныс­бай жеңімпаз атанып, оған облыс әкімінің орынбасары 1 000 000 тең­ге табыстады. Екінші орынды Қар­­мақшы ауданындағы №272 орта мек­­тептің 8-сынып оқушысы Да­яна Толы­баева алып, 600 мың теңге, үшін­ші орын Қазалы ауданындағы №170 мектептің 7-сыныбында оқи­тын Гауһар Әзенге бұйырып, 300 мың теңге жүлде берілді.

Шәкірттерінің бағы мен бабы қатар шабуы үшін тынбаған оқытушылар еңбегі де ескерусіз қалмады. Ұстаздар күніне орай өткен кеште оқушыларды жыр сайы­сына дайындаған жетекшілеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жеңімпаз оқушының мұғалімі Гүлфайруз Әлішеваға 2 000 000 теңге, жүлдегер шәкірттерді жарысқа әзірлеген Мереке Қайнарова мен Жадыра Көшекбаеваларға 1 200 000 және 600 000 теңгенің сертификаттарын салтанатты жағдайда табыс етті.

Ұлт мұрасын ұлықтаған байқауда жырмен бірге ел тарихын көкейге тоқып, көптің көңілінен шыққан Гүлзира Қонысбай «Қобыланды батыр» жырын жаттауды сәуір айында бастапты. Өзге қатарластары думанды жаздың қызығына тоймай, доп тебуден, сейіл-серуеннен қолдары тимей жүргенде кітапқа ден қойған Гүлзира ата-анасының да, мектебі­нің де мерейін биіктетті. Бірақ жүз бет жыр жаттап, тайжарысқа тайсалмай келген мықтыларды шаң қаптырып, мыңнан озып шыққан оқушы дайындықты үзген жоқ. Көңілді жайлап, тоқмейілсуге әлі ерте. Себебі ол – ұлттық байқаудың ақтық сынында Қызылорда облы­сының намысын қорғайтын бірден-бір оқушы.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қазан 2019 г. 556 0