Аймақ басшысының алғашқы 100 күні


Арға тартпай – арман тұл, 

намыс қумай – мақсат тұл.

Әбіш Кекілбаев

Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақовтың Қызылорда облы­сының әкімі болып тағайын­далғанына бүгін, 5 қазанда 100 күн толды.

Өңірді 6 жылдан астам уақыт абыроймен басқарған Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Ақордаға ауысқаннан кейін үш жарым жылдай облыс әкімінің орынбасары болған Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов 28 маусымда Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды.

Мемлекеттік қызметте жазылмаған бір заңдылық бар. 

Жаңа басшы тағайындалғаннан кейін 100 күннен соң жұмысына баға беріліп жатады. Әрине, алғашқы 3 айда барлық мәселені шешу мүмкін емес. Дегенде, осы уақыт ішінде қай істің де даму бағыты айқындалып, тың бастамалар қалыптасады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев басқарған алты жарым жыл ішінде Сыр өңірі түбегейлі өзгерді.  

Енді осындай танымал әрі тәжірибелі басқарушыдан соң халық жаңа басшының қызметіне ерекше көзқараста болатыны сөзсіз.

Бір қызығы, өңірімізді кейінгі жылдарда басқарған үш әкім де Сыр елінің тумасы. Олай болса, халықтың әсіресе, қазіргідей әлеуметтік желіде белсенділігі артқан тұста үш басшыға салыстырмалы баға беретінін де болжау қиын емес. 

Алайда, Сыр елінің азаматы өзіне жүктелген ел алдындағы жауапкершілікті толық сезініп, кез келген сындарлы жағдайға қарсы тұруға дайын екенін атап өткен жөн. 

Қуанышбек Ысқақов еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастаған. Ауған соғысына қатысушы, көп баланың әкесі, мемлекеттік қызметкер, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жетік біледі. Сол себепті де өңірді басқару сеніп тапсырылды. 

Сонымен, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов­тың басшылығымен 100 күнде не атқарылды?!

ӨҢІРДІ ДАМЫТУ – ӨРІСТІ КЕҢЕЙТУ

Өңірде бұрыннан қалып­тасқан макроэкономикалық тұ­рақ­тылық қамтамасыз етілді.

Осы жылдың 8 айының қо­ры­­тындысымен құры­лыс жұ­мыс­­­тарының кө­лемі 97,4 млрд тең­гені құрады немесе өсім 2,5 есе, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 409,4 мың шаршы метр немесе өсім 33,5 процент,  негізгі капиталға салы­н­­ған инвестициялар кө­лемі 233,4 млрд теңге немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68 процентке артты.

Сонымен қатар, ауыл шаруа­шы­лығының жалпы өнімі 2,7 процентке артып, 36,8 млрд теңгеге жетті.

Қызылорда облысы әкімінің іс-қимыл жоспары қайтадан бе­кі­тілді, онда Қазақстан Рес­пуб­­­ли­касының Президенті Қа­сым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев­­тың ағымдағы жылдың 2 қыркүйегіндегі «Сын­дарлы қо­ғам­дық диалог – Қазақ­стан­ның тұрақтылығы мен өркен­деуінің негізі» атты Қазақ­стан халқына Жол­дауындағы міндеттер және ағымдағы әлеу­меттік-эконо­ми­ка­лық жағ­дайларға байланыс­ты іс-шаралар көрініс тапты, 25 әлеуметтік нысанның 12-нің құры­лыс­ы ағымдағы жылы аяқталады, қалған 13-і 2020 жылға өтпелі.

Осы жылдың 6 маусымында ҚР Үкіметінің №375 қаулысымен бекі­тілген «Қы­зылорда облысын әлеу­меттік-экономикалық дамы­ту­дың 2019-2022 жылдарға арналған Ке­шенді жоспары» өңірде сапалы іске асырылуда.   

2019 жылдың тамыз айында облыс­тық бюджеттен Жо­салы, Ақай, Жалағаш, Шиелі, Тасбөгет кенттерінде дене шынықтыру-сауық­тыру ке­шені­нің жобалау-сметалық құ­жат­тамаларын әзір­леуге 50,6 млн теңге бөлінді, сондай-ақ, Қазалы ауданының Әйте­ке би кентінде аудандық емхана салуды бастауға – 50 млн теңге, Қызылорда қаласында донация жоспары жылына 7000, облыстық қан орталығы құрылысының ЖСҚ әзірлеуге – 10 млн теңге, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде «Арал Сода» ЖШС зауытына инфрақұрылым объек­тілерін (байланыс желілері, темір­жол тұйығы) салуға – 6 млн теңге бөлініп, 2020 жылы қа­рас­тырылған іс-шараларды іске асыру мерзімінен бұрын бас­­талды.

Биылғы жылдың тамыз айында облыстық бюджетке 5,6 млрд теңге нақтылау жүргізілді, оның ішінде 2,6 млрд теңге өз кірістерінің ұлғаюы және 2,9 млрд теңге қайта бөлу. Олар:

Кәсіпкерлікті дамытуға – 100 млн теңге;

Білім саласына – 79,4 млн теңге;

Денсаулық сақтауға – 76,8 млн теңге;

Әлеуметтік қамсыз­дан­дыру­ға – 161,4 млн теңге;

Дене шынықтыру және спорт­ты дамытуға – 301,6 млн теңге;

Мәдениет саласына – 239,4 млн теңге;

Сандық технологияларға – 106,7 млн теңге;

Құрылыс саласына – 2,6 млрд теңге;

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарына – 453,2 млн теңге;

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына – 926,6 млн теңге.

Нәтижесінде, облыстық бюджет көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрады.

КӨГІЛДІР ОТЫН КӨКЖИЕКТЕ ЕМЕС –

КӨЗ АЛДЫМЫЗДА

Бүгінде облыстың 4 аудан орталығы – Арал, Қаза­лы, Шиелі, Жаңақорған тұр­ғын­дары көгілдір отын игілігін көруде. Қалған 3 аудан орталығы (Жосалы, Жалағаш, Терең­өзек) тұрғындарын газбен жабдықтау мәселесі де, бұйыр­тса, жуырда шешіліп қал­мақ.

Тереңөзек кентінде автомат­тандырылған газ тарату стансасын орнатуға республикалық және облыстық бюджеттерден 2019 жылы 1,1 млрд теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары аяқталды.

Сондай-ақ, Жосалы, Те­р­ең­­­­өзек, Жалағаш және Жақ­сы­­қылыш кенттерін газбен жаб­дық­тау үшін республикалық жә­не облыстық бюджеттерден 4,6 млрд теңге қаралып, құры­лыс жұмыстары қарқынды жүруде.

 

ЖОЛ МҰРАТЫ – ЖЕТУ 

Сонымен бірге, облыс әкімі әлеуметтік желілерде көп көтеріліп жүрген қоғамдық көліктерге қатысты мән-жаймен өзі танысу мақсатында алдын ала ескертусіз халық көп жүретін №11 бағыттағы автобуста жолаушылардың талап-тілектерін тыңдады. Қазіргі таңда қоғамдық көліктер мәсе­лесі бойынша жүйелі жұ­­мыстар қолға алынып, жүргізілуде.

Облыс бюджетін нақтылау барысында қалаішілік жолау­шы­ларды тасымалдауға қо­сым­ша  көпсыйымдылықтағы 35 автобус алуға қаржы бөлінді.

Даңқты батыр Жалаңтөс баһадүр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжіне 2 автокөліктің кілті табыс етілді.

     

БІРҚАТАР НЫСАНДАР АШЫЛДЫ

Қуанышбек Досмайылұлы облыс әкімі болып тағайын­далғаннан кейін облыстың барлық  аудандарында болып, 60-қа жуық елді мекенді аралап, бірқатар нысандарды ашты.

Осы кезеңде Арал ауданында невропатология, психология, дефектология және массаж терапиясы бойынша қызмет көрсететін «Қуаныш» жеке медициналық орталығы, Шижаға елді мекенінде 100 орындық клуб, Қаратерең ауылдық округінде «Zhalgasbai» ЖШС балық қабылдау және мұздату цехы, Қармақшы ауданының Дауылкөл ауылдық округінде 80 орындық «Қыз­ғалдақ» балабақшасы, Шиелі ауданының Жөлек елді меке­нінде мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік аясында дәрі­герлік-амбула­ториялық емхана, Жаңақор­ған ауданының Өзгент елді меке­нінде мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік аясында дәрігерлік амбулатория ашылды.

Жалағаш ауданында қуат­тылығы 30 мВт-тық «Nomad Solar» ЖШС салатын күн-электр станциясының құрылысы бас­талды. Электр станциясы пайда­лануға берілгеннен кейін мұнда 18 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Шиелі ауданының  Сұлутөбе ауылдық округінде күніне 50 мВт күн-электр қуатын өндіретін «Байқоңыр Солар» ЖШС электр станциясы құрылысының іргетасы қаланды.

Бұл жобаны «Қазына Капитал менеджмент» АҚ және «Юнайтед Грин Британдық холдингі» қаржыландырады, іске қосылғаннан кейін 23 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Күн-электр станцияларын қолданысқа енгізу ауадағы кө­мір­қышқыл газының шыға­ры­луын (тек Сұлутөбе ауылдық округіндегі күн электр станциясын іске қосқанның өзі ауаға жылдық шығарылымды 75 мың тоннаға азайтпақ) азай­тып, электр энергиясы тап­­шы­лығын 30 процентке тө­­мен­детпек (қазіргі таңда облыс электрэнергиясының 65-70 про­центін сырттан алуға мәжбүр).

Қызылорда қаласында «Абай-Дәулет» ЖШС-ның жаңа тех­нологиямен қамтылған кү­ріш ақтау зауыты ашылды. Зауыт 80-ге жуық адамды жұ­мыспен қамтитын болады.

СОЛ ЖАҒАЛАУ –

СӘТТІ БАСТАМА

Қызылорда қаласының Сырдария өзенінің сол жағалауын кешенді түрде игеру жалғасуда.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 320 орындық балабақша пайдалануға берілді.

Қыркүйек айында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 4 арендалық (220 пәтер) және 4 несиелік (240 пәтер) тұрғын үйлердің құрылысы аяқталды.

Бұған қоса, осы жылы жаңадан 12 арендалық (555 пәтер) және 13 несиелік (590 пәтер), жеке компаниялар есебінен 6  тұрғын үйдің (266 пәтер) құрылысы басталды. Осылайша, жыл соңына дейін тағы 9 арендалық (400 пәтер), 13 несиелік (590 пәтер) және  жеке құрылыс жүргізушілермен  4 тұрғын үйді (180 пәтер) халық игілігіне беру жоспарлануда.

Егер облыстағы құрылыс саласы бойынша айтар болсақ, биылғы жылы облыс бойынша 1738 пәтерлік 40 тұрғын үй, оның ішінде 728 пәтерлік 19 арендалық үй, 830 пәтерлік 17 несиелік үй және 180 пәтерлік 4 тұрғын үйді беру жоспарланып отыр.  

Жыл аяғына дейін сол жаға­лауда «Болашақ» университеті ғимаратының, «Шіркейлі» ка­на­лының үстімен салына­тын көпір құрылыстары, сондай-ақ, тұрғын үйлер орна­лас­қан аймақты абаттандыру жұмыс­тары, газ, жылу, ауыз су және кәріз жүйелерінің құры­лысы аяқталмақ.

Алдағы жылдары  сол жағалаудағы аумақта «Неке қию сарайын», «100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпсалалы ауруха­наның»,  «Отбасылық медици­налық орталықтың», «300 орын­ға арналған жатақханасы бар 400 орындық физика-математикалық мектептің», «Көпфункционалды 3500 орын­дық жабық футбол манежі», «Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры», «Сауда-жәрмеңкелік кешен» мен басқа да нысандардың құрылысы басталатын болады.

АГРОӨНЕРКӘСІП –

ӨҢІРДІҢ АЗЫҚ- ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ

Облыста негізгі дақыл – кү­ріш­ті жинау жұмыстары тамыз айының 20-нан басталды. Бүгінгі күнге егілген 87,9 мың гектар күріштің 81,5 мың гектары (92,6%) орылып, 71,5 мың гектары (81,3%) бастырылды. Жалпы, табиғаттың қолайлы болып, судың жеткілікті қамтамасыз етілуі гектарына 55 центнерден өнім жинауға мүмкіндік берді (2018 жылы өнім гектарына 48 центнер болған). 387,9 мың тонна күріш салысы жиналды.

Ауыл шаруашылығы құры­лымдарымен «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы барлығы 5,4 млрд теңгеге 167 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.

«Сыбаға» бағдарламасы аясында 4 шаруашылық шет елден 550 бас мал сатып алуды қамтамасыз етті. Оның ішінде Германиядан 170 бас асылтұқымды сүт бағытындағы МІҚ, 380 бас Ресейдің ет бағытындағы қалмақ тұқымды МІҚ малы әкелінді.

Жаңақорған ауданының Қыр­­кеңсе ауылдық округінде «Бекарыс Агрофуд» ЖШС инвес­тициялық құны 80,0 млн теңгені құрайтын 1000 бас­тан жоғары МІҚ малын бор­дақылайтын мал сою пунктімен қамтылған борда­қылау алаңы іске қосылып, 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Бүгінгі күні мал бордақылау алаңында 160 бас бұқашық бағылуда.

Қармақшы ауданында «Тұрмағанбет» ЖШС базасынан қуаттылығы ауысымына 1 тонна сүт өңдейтін, жобалық құны  35,0 млн теңгені құрайтын шағын сүт цехы іске қосылып, 7 адам жұмыспен қамтылды.

Соңғы үш айда Иран Ислам Республикасына 789 бас қой және 56 бас МІҚ, Өзбекстанға 118 бас түйе және 250 бас МІҚ, БАӘ-ге 950 бас қой тірілей экспортталды.

Алғаш рет Қытай мем­ле­ке­тіне 20 тонна жүн экспортталды.

ҚАРТЫ БАР ҮЙДІҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР

Қуанышбек Ысқақов облыс әкімі ретіндегі жұмысын алдымен ардагерлермен кездесуден бастады.

Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық, саяси-рухани дамуына өз үлестерін қосқан ақсақалдардың да жаңа келген басшыға ел сөзін, өзекті проблемаларды жеткізуде алтын көпір екені рас.

ЖАСТАР – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Қамбашта аймақ басшы­сы­ның төрағалығымен «JASTAR - EL TIREGI” атты облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кезекті кеңестің жұмысы бейресми түрде өтті.

Жастар облыс әкіміне көкейдегі сауалдарын қойды десе де болады. Бәрінен бұрын отансүйгіштік, елжандылық, ұлттық, адамгершілік құн­дылықтар, бабалардың қанымен аманатқа қалған елді, жерді қорғай білу туралы көп әңгіме айтылды.

Кездесу соңында Қуаныш­бек Досмайылұлы 10 жасқа, оның ішінде белсенді, аз қам­тылған отбасыдан шыққан, мүмкіндігі шектеулі жастар мен жұмыссыздарға «Жастар Отанға!» республикалық жастар лагеріне жолдама табыстады.

ЖУРНАЛИСТИКА – ТӨРТІНШІ БИЛІК

Ежелден халық пен биліктің арасына тығыз байланыс ор­нат­қан  бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдерінің де өз айтары бар екені  белгілі. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу барысында  журналистер тарапынан түрлі ұсыныс-пікірлер білдірілді.

«Әлімсақ» журналының бас редакторы Н.Нұрмаханов облыс әкімі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдарын үйлестіру кеңесін құру туралы, «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі, жас журналист Б.Ордабеков жас журналистерді қолдау мақ­сатында облыс әкімі­нің бір жолғы стипендиясын ұйым­дастыру жайлы өз ұсы­ныстарын айтты. Ұсыныс қолдау тапты.

КЕЛІСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАС

«Nur Otan» партиясы алаңында әлеуметтік желіде түрлі мәселелерді көтеріп жүрген белсенді азаматтармен кездесті. Кездесу емен-жарқын, ашық өрбіді.

Қоғам белсенділері өңір­дің өзекті мәселелерін, халық­ты толғандырып жүрген дүниелерді көтерді. Аймақ басшысы айтылған мәселелерді қолдап, тиісті сала басшыларына зерттеп, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

«Келісіп пішкен тон келте болмас» деген қанатты сөз бар.

Елдің бірлігі мен қоғамдағы тұрақтылыққа келгенде сөз де, іс те, ұстаным да ортақ болуы тиіс.

Аймақ басшысы Twitter, Facebook әлеуметтік желілерін­де жеке парақшаларын ашып, ха­лықпен байланысты жолға қойды.

«КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК» ЖОБАСЫ

«Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыс әкімі, партияның облыстық филиал төрағасы Қуанышбек Ысқақов өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Әкім кездесуге келген аза­маттарға өзінің ризашылығын білдіріп, осы жерде айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы 2025 жылға дейінгі мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі жаңа Ұлттық жоспардың аясындағы жол картасында ескерілетіндігін атап өтті.

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ АРНАЙЫ ЖОЛ

КАРТАСЫ БЕКІТІЛДІ

Облыс әкімі Қ.Ысқақовтың төрағалығымен Қазақстан кәсіп­керлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Б.Палымбетовтың кәсіпкерлік субъектілерімен кездесуі өтті.

Күн тәртібінде бизнес сала­сының проблемалары тал­­қы­­ла­нып, кездесу қоры­тын­ды­сы­мен Жол картасына қол қойылды.

Өңірде жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, салық базасын ұлғайту және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру мақ­сатында «Жаппай кәсіпкер­лікті дамыту» жобасы екінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кәсіпкерлік кеңесінің мүшелерімен, жергілікті кәсіп­керлермен кездесіп, «Ауыл­дық елді мекендердің жас кәсіп­керлері» форумына қатысты.

БІЗ АРЫСПЕН БІРГЕМІЗ! 

Маусым айында Арыс қала­сында орын алған төтен­ше жағдай бәріміздің қабыр­ғамызды қайыстырғаны анық.

Сырбойылықтар да қарап қалмады. Алғашқы күннен көмек қолын созды. Теміржол арқылы Қызылорда облысының аумағында кідіріс жасаған мыңдаған жолаушыны ас-сумен қамтамасыз етті. Алғашқылардың бірі болып арыстықтарға азық-түлік, киім-кешек, бөбектерге қажетті тамақтар мен заттар, дәрі-дәрмектер жөнелтті.

Үш мыңға жуық жергілікті мемлекеттік қызметшілер бір күндік жалақыларын аударды.

Екі ай уақыт ішінде бізге бөлінген №6 учаскеде 14 көшедегі 268 тұрғын үй қалпына келтірілді. Соның ішінде қалпына келтірілмейтін тұрғын үйлердің орнына 4 үй жаңадан сатып алынып берілді.  Облыс волонтерлары бірнеше топқа бөлініп, көмек көрсетті.

Арыс қаласынан 150 бала Қы­­зылорда облыстық білім бас­қар­­масының «Облыстық олим­пиа­далар мен қосымша бі­лім беру орталығында» тегін демалды.

Осы жұмыстардың барлығы облыс әкімі Қ.Ысқақовтың тіке­лей бақылауында болып, өзі де бірнеше рет Арыс қаласына барып, тұрғындармен жүздесіп, мәселелерін тыңдап, оң ше­шілуіне ықпал етті.

Премьер-Министр А.Мамин Сыр құрылысшыларына және өңір тұрғындарына қиын жағдайда қолдау жасағаны үшін өз ризашылығын білдірді.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРАЛАР

Республикалық есеп коми­тетінің «Тексеру комиссия­ларының қызметін жетілдірудің негізгі мәселелері» атты тұңғыш көшпелі семинары Қызылорда қаласында өтті. 

«Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольк­лор­лық-музыкалық фестивалі бесінші рет ұйымдастырылды. Фестивальға Түркия, Иран, Әзербайжан, Сербия, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Саха респуб­ликаларынан және еліміздің әр өңірінен белгілі ғалымдар мен өнер иелері  қатысты.

Фестиваль аясында «Қор­қыт Ата мұраларының түркі әлеміндегі ролі» атты халық­аралық ғылыми-теориялық конференция өткізілді.

Конференция барысында Қорқыт ата мұраларын дәріптеу мәселелері,  «Қорқыт Ата кітабының» жаңадан табылған жазбасы талқыланып,  тарих ғ.к., аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы С.Қосановтың үш тілде жарық көрген «Қорқыттың даналық сөздері» кітабының тұсаукесері болды.

Сонымен бірге, Жастар жылы аясында ұрпақтар сабақ­тастығын жаңғырту мақсатында тұңғыш рет «Түркітілдес елдер жастарының халықаралық фестивалі» ұйымдастырылды.

Айта кетейік, 2018 жылы 28 қарашада Маврикий Республикасында өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата рухани мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгізілген болатын.

Бес жылдан кейін біз Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет алдында өзіміздің Қорқыт ата мұраларын таныту бағытында атқарған жұмыстарымыз бойынша есеп беруіміз қажет. Сондықтан, қазіргі таңда арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар істелуде.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласында энергетика саласы бойынша халықаралық сайыс болды. Сайысқа Румыния, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжік­стан мемлекеттерінің энер­гетиктері қатысты.

Сонымен бірге, Ресей, Өзбек­стан мемлекеттерінің қа­ты­суымен волейболдан жас­тар, ардагерлер арасында халық­аралық жарыстар өтті.

ЕЛДЕСТІРМЕК – ЕЛШІДЕН

Орталық Азиядағы трансше­каралық су ресурстарын бас­қару бағдарламасы аясында Халықаралық Аралды құт­қару қорының Қазақстан Рес­публикасындағы Атқарушы дирекциясы, халықаралық ын­ты­мақтастық жөніндегі Германия қоғамдық қоры (GIZ)  және Қызылорда облысы әкімдігі арасында «Солтүстік Арал теңізінің балық қорын сақтау, қорғау және оны дамыту. Арал-Сырдария бассейндік кеңесінің әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асыру туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы бас консулы Е.Бобровпен экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақ­тастық мүмкіндіктерін және халықаралық деңгейде «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамыту мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, Өзбекстан Рес­­пуб­лика­сының Алматы қала­сын­­дағы Бас консулы А.Фат­хул­лаев­пен кездесіп, кә­сіп­­­керлік ынтымақтастық, ин­вес­­тиция тарту және рухани-мәдени кеңіс­тікті кеңейту мәсе­ле­лері төңірегінде пікірлесті. Аймақ басшысы А.Фатхул­лаев­­ты осы және өзге де мәсе­ле­лерді төртінші тоқсанда өте­­тін «Байқоңыр-Инвест» ха­лы­қ­­аралық инвестиция­лық форумында талқылауға шақырды.

БАЙҚОҢЫРдың

болашағы

ҚР Премьер-Министрі А.Мамин Қызылорда облы­сы­на жұмыс сапарымен ке­ліп, Байқоңыр қаласының әлеу­меттік-экономикалық дамуы­мен, сонымен қатар, ғарыш са­ла­­сындағы Қазақстан-Ресей та­­рап­­тарының ортақ жобаларын жүзеге асыру барысымен танысты.  «Союз МС-15» бас­қа­рылатын ғарыш кемесінің ұшы­рылуы сәтін тамашалады. Жұлдызды қалашықта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ая­сында салынған тұрғын үй­лер­ді аралап көріп, қаланы  газ­дан­дыру жұмыстарын пы­сықтады.

Байқоңыр қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 50 пәтерлі бес үйдің құрылысы аяқталды. Құрылыстың жалпы аумағы – 15,7 мың шаршы метр, мұнда 250 пәтер бар. Үйлер орталық су және кәріз жүйесіне қосылған. Жылу және ыстық сумен қамтамасыз ету үшін табиғи газбен автономды бу қазандығы орнатылған. Қазіргі уақытта  баспана кезегінде тұрған Байқоңырдағы Қазақстан азаматтарына пәтер берілуде.

Айта кетейік, «Қызылорда облысын газдандыру және жаңа активтер құру» инвестициялық жобасын іске асыру аясында Байқоңыр қаласын «Бейнеу-Шымкент» газ құбырына қосу және Байқоңыр қаласының жеткізуші газ құбыры мен кварталішілік газ тарату же­лілерін салу бойынша жұмыс­тар жүргізілді. Бүгінде қазақ­стандық әлеуметтік нысандар мен бой көтерген 5 көпқабатты тұрғын үй газ желілеріне қосылған.

Сондай-ақ, «Байқоңыр» кеше­нінде еркін экономикалық аймақ құруға байланысты жұмыстар жүруде.

Аталған шара даму­дың 3 негізгі кезеңін көздейді. Бұл – «Байқоңыр» халық­аралық ғарыш айлағын құру, «Байқоңыр» кешенінде халық­аралық туризмді дамыту және өнеркәсіптік өндірістер ашу.

Тиісті заңдылықтарға сәй­кес «Бай­қоңыр» еркін эко­но­мика­­лық аймағын құру Тұжы­рым­дамасы мен Қазақстан Рес­­пуб­­ликасы мен Ресей Фе­дерация­сы Үкіметтері ара­сын­дағы Келісім жобалары әзір­­леніп, бү­гінде орталық мем­лекеттік ор­ган­дардың келі­сі­мінен өтуде. Мә­се­ле, Үкімет бақылауында тұр.

Аталған шара ойдағыдай іске асырылған жағдайда 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгей қазіргі 4,6 проценттен 2025 жылға қарай 2,5 процентке дейін төмендейді. Ал, ең бастысы – туристік ағын жылына 250-500 мың туриске дейін артады.

Сонымен бірге, келесі жылы Байқоңыр қаласында тағы 50 пәтерлік 5 үйдің құрылысын жүргізу ұсынылып, келісім алынды.

Жалпы, облыс әкімінің 100 күндік жұмыс барысында атқарылған шаралар осындай сипатқа ие. Алда атқарылар еңбек аз емес.

Ежелден бірлікті ту етіп, талай белестерді бағындырған Сыр өңірінің халқы облыс басшысының тың бастамаларына үн қосып, жетістік еселене береді деп сенеміз.


 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қазан 2019 г. 1 733 0