Е-үкімет – ел игілігі

Қазақстан – 39-орында

Бірқатар дамыған мемлекетте электронды үкімет ашық мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырудың басты элементі саналады. Ол мемлекеттік қызмет көрсету кезінде кездесуі мүмкін әкімшілік кедергілерге тосқауыл қойып, ресми ақпаратқа қолжетімділікті арттырады.

Елімізде электронды үкімет құру идеясын Тұңғыш Президент – Елбасы Қазақстанды бәсекеге қабілетті елу мемлекеттің қатарына қосу жөніндегі дәстүрлі Жолдауында көтерген болатын. Нәтижесінде 2004 жылғы 10 қарашада Қазақстан Республикасында электронды үкімет қалыптастырудың мемлекеттік бағдарламасы бекітіліп, Е-үкіметті қалыптастыру және дамыту үшін төрт кезең таңдап алынды. Біріншісі – ақпаратты жариялау және тарату. Екінші – мемлекеттік орган мен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың кері және тура жолымен интерактивті қызмет ұсыну. Үшінші – қаржылық және заңдық операцияларды «Электронды үкімет» порталы арқылы іске асыру транзакциялық өзара іс-қимылы. Төртіншісі – ақпараттық қоғам қалыптастыру.

«Электронды үкімет» порталы – ел азаматтары мен қонақтарының Қазақстан, оның үкіметі, заңнамасы, назар аударарлық ұлттық орындары туралы ресми ақпарат ала алатын, сонымен қатар, онлайн режимде мемлекеттік органдар қызметін тұтынып, айыппұл төлеуге мүмкіндік беретін бірыңғай ресурс. БҰҰ жүргізген өткен жылғы зерттеу қорытындысына сәйкес еліміз электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша әлемде 39-орыннан көрінді. Жыл басындағы мәліметке қарағанда, eGov порталына 8,5 млн-нан астам тұтынушы тіркелген. Портал арқылы былтыр 30 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді. Осыдан-ақ қолға алынған шаралардың нәтижесін аңғаруға болады.

Электронды үкіметтің www.egov.kz порталында азаматтар үшін мемлекеттік органдардың барлық ақпараты қолжетімді. Атап айтқанда, экономика, білім, мәдениет, еңбек, денсаулық, спорт, туризм және қоғамның өзге де салалары бойынша бірнеше мәтіндік бөлімде 2 мыңнан астам ақпараттық қызмет түрі көрсетіледі. Порталда ақпараттық ресурстан бөлек, оның пайдаланушыларына мемлекеттік органдардың әртүрлі электронды қызметі ұсынылады. Мәселен, кез келген қазақстандық цифрлық қолтаңба арқылы мемлекеттік органдардан анықтамалар алып, заңды тұлға болған жағдайда мемлекеттік сатып алуларға қатыса алады. Белгілі бір мемлекеттік органға тікелей шағымдануға («Виртуалды қабылдау»), коммуналдық қызметтерді төлеуге, мекенжай анықтамасын алуға мүмкіндік бар.

573,3 мың мемлекеттік қызмет

Электронды қызмет алушы қызыл­ордалықтардың қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Бірінші жартыжылдықтағы мәліметке сүйенсек, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстың филиалы құрамында 14 фронт-офис жұмыс істейді. Бұл тізімде цифрлық халыққа қызмет көрсету, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету және көші-қон қызметі орталықтары бар.

Фронт-офис қызметкерлері есеп­ті кезеңде 573,3 мың мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның 382,3 мыңы – дәстүрлі, 190,9 мыңы электронды түрде. 2018 жылғы деңгеймен салыс­тырғанда көрсетілген қызмет саны 108 мыңға немесе 15%-ке азайған. Бұл халықтың табанынан тозып, уақыт жоғалтпайтын тиімді тәсілді қолдануға үйрене бастағанын байқатады. Мемлекеттік қызмет түрлерін оңтайландыру аясында іске қосылған пилоттық жобалардың бірі – туу туралы куәлікті проактивті форматта рәсімдеу. Жоба іске қосылғалы 4862 тұтынушы mGov базасына тіркелді. Сәбилі болған 2376 анаға проактивті қызмет алу жөнінде sms-хабарлама жолданды. 2321 адамға дайын құжат табысталып, 820 бала балабақша кезегіне тіркелді. Сондай-ақ, 675 жәрдемақы таға­йындалып, толық циклде 485 қызмет көрсетілді.

Осы жарты жылда 207,1 мың адам мобильді үкімет базасына тіркелді. Бұл былтырғыдан 46%-ке жоғары. 187,2 мың электронды цифрлы қолтаңба беріліп, өзіне-өзі қызмет көрсету секторында 627,9 мың қызмет көрсетілді. Филиалдың мамандандырылған бөлімі мен секторлары арқылы 54167 өтініш қабылданды. Жоғары сұранысқа ие 213 мемлекеттік нөмір 47,48 млн теңгеге сатылды. «Электронды үкімет» порталында 1531 қызылордалық жүргізуші куәлігін онлайн түрде рәсімдеп, дәл осы форматта 1839 автокөлік тіркелді. Көші-қон қызметтер орталығында еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру және ұзарту, шетелдіктерге ЖСН беру секілді мемлекеттік қыз­мет түрлері көрсетіледі. Осы орайда 2019 жылдың 6 айында орталық өкілдері келушілерге 4434 қызмет түрін көрсеткенін айту орынды.

Жыл басынан бері филиал мамандары оқу орындары, меншік иесіне қарамастан еңбек ұжымдары, банктер мен медициналық ұйымдарда халықтың цифрлық дағдыларын арттыру мақсатында оқыту шараларын жүргізіп келеді.

Сандарды сөйлеткенде...

Енді корпорация филиалы арқылы халық тұтынған қызмет түрлерін салалар бойынша жіктесек.

Әлеуметтік сала 

2019 жылдың бірінші жартысында мемлекеттік корпорацияның әлеу­меттік саласы бойынша барлығы 45846 қызмет көрсетілді. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 30251, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы – 15595.

262088 қызмет алушыға 44,2 млрд теңге көлемінде зейнетақы мен жәрдемақы, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан 18131 қызмет алушыға 2,9 млрд теңге төленді.

1 шілдеден бастап 5638 жәрдем­ақы алушының төлем мөлшері қайта қаралды. Оның ішінде мүгедектігі бар балаларға арналған жәрдемақы – 5025, бірінші топтағы мүгедектігі бар бала күтіміне арналған жәрдемақы – 613 адамға.

Мамыр айынан бастап 6640 көпбалалы отбасы үшін зейнетақы куәліктері берілді.

Жер кадастры

Жер кадастры бойынша бекітілген жоспар – 506 375,10 мың тенге, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бо­йынша – 181 941,43 мың теңге. Орындалғаны – мемлекеттік тапсырыс бойынша 182 794,8 мың теңге не­месе 100,4%-ке, келісімшарттық қызмет бойынша 385 691 мың теңге немесе 118,88%-ке артық орындалды.

Жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру

Есепті мерзімде 7516 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Қызметтер түрлері бойынша:

– құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке ғимараттар, құрылыс­тар мен (немесе) олардың құрамдас бөліктерінің сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін енгізу қызметі бо­йынша 2096 қызмет көрсетілген. Оның 10-ы – «Электронды үкімет» порталы арқылы;

– техникалық төлқұжат дайындау қызметі бойынша – 4869 дана, оның 13-і – электронды түрде;

– мемлекеттік техникалық тексеру қорытындысы бойынша сәйкестендіру және техникалық мәліметтің алшақтығын белгілеу туралы қорытынды беру қызметі бойынша – 302 қызмет көрсетілген;

– техникалық төлқұжаттың телнұсқасын беру – 249 дана;

Көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты арыз-шағым тіркелген жоқ. Техникалық тексеру мемлекеттік қыз­меті бойынша мерзімі бұзылған жағдайлар кездеспеді.

Жылжымайтын мүлікті тіркеу

Белгіленген уақытта 28081 тіркеу жұмысы жасалды. Құқығын дәлелдейтін құжаттардан 514 дубликат, тіркеу ісі құжаттарынан 206 көшірме берілді. Жалпы сомасы 69,46 млн теңгеге қызмет көрсетілді.

Өзара ынтымақтастық

Филиал тарапынан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Ақмешіт» гуманитарлық инс­титуты, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен өзара ынтымақтас­тық туралы меморандумдар қабылданды. Нәтижесінде жастар тәжірибесі бойынша – 19, студенттік тәжірибе бо­йынша – 15, қоғамдық жұмыспен 12 адам жұмыс істеп жатыр. Бұл бағыттағы шаралар әрі қарай жалғасын табады.

Екі-ақ минут: тиімді 

Телеграм-бот

«Азаматтарға арналған үкіметтің» қызметіндегі басты басымдық – мемлекеттік қызметтерді барынша электронды нұсқаға көшіріп, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға жағдай жасау. Қызметтерді онлайн алу үшін электронды цифрлы қолтаңба қажет. Мобильді үкімет базасына тіркелген жағдайда көптеген қызмет түрін қолтаңбасыз алуға болады. Сондай-ақ, бірқатар мемлекеттік қызмет түрі @egovkzbot Телеграм ботында қолжетімді.

Ол арқылы 25 мемлекеттік қыз­мет түрін электронды форматта алуға мүмкіндік бар. Атап айтқанда, соттылықтың, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы, туберкулезге қарсы, базалық зейнетақы төлемінің мөлшері, әлеуметтік мәртебені тексеру, емханаға тіркелу, дәрігер қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру, жұмыс табу, маман іздеу, наркологиялық және психоневрологиялық анықтама, тұлғаның әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны, туу туралы, жеке куәлік (төлқұжат), диплом көшірмелерін, өмірге сәби әкелгендерге төленетін жәрдемақы мен зейнеткерлік төлемдер туралы анықтамаларды онлайн нұсқада алуға болады. Бұған екі-ақ минут жеткілікті. Құжатты рәсімдеп, e-mail пошта көрсетсеңіз, құжат қолыңызда дей беріңіз.

Мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа ауысуының арқасында ел тұрғындары үйде отырып-ақ, қажетті құжаттарына қол жеткізе алады. Бұдан уақыт үнемделіп, шығын қысқарады. Еске салайық, электронды үкімет @egovkzbot-ты 2018 жылдың мамырында іске қосқан болатын. Осы уақыт аралығында мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алу айтарлықтай жеңілдеп, тиімділігі арта түсті.

Жұмысты жетілдіру маңызды

Ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда қоғамға қажетті ақпараттың қолжетімді болуы өте маңызды. Ел экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлық технология­ларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданып, бірқатары іске асырылуда. Соның бірі – «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы.

Ақпараттық технологияны мемлекеттік секторға енгізу шараларын он жылдан астам уақыт бұрын сәтті бастаған елімізде бағдарлама аясында электронды қызмет жүйесін жетілдіруге мүмкіндік мол. «Цифрлық Қазақстан» электронды түрдегі мемлекеттік қызметтер үлесін 2022 жылға қарай – 80, ал 2025 жылы 90%-ке дейін арттырады. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтерді электронды форматта беру жұмысын жетілдірудің маңызы жоғары. Өйткені осылайша халықтың уақыты үнемделіп, қағазбастылық азаятыны сөзсіз. Ең бастысы, еліміз жаһандану, цифрландыру көшінен қалмай, алға ұмтыла бермек.

 

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қазан 2019 г. 539 0