Желтоқсан айынан бастап Қызылордада қоғамдық көлік қызметі толығымен электронды билет жүйесіне ауысады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев хабарлады.
- Үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанына дейін Автопарктың меншігіндегі автобустарға «Alem Pay» ЖШС-мен электрондық билеттік жүйе орнатылады. Соған сәйкес, желтоқсан айының екінші жартысынан бастап жүйені қалаішілік барлық машруттарға орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, автобустардың жұмыс уақыты, қозғалыс жылдамдығы, жиілігінің сақталу қадағаланатын болады,-деді Ерлан Құлахметұлы.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жаңа тариф енгізіледі. Яғни қалаішілік машруттарда жолақы тарифі онлайн төлемдермен 80 теңге, қолма-қол төлемдермен 150 теңге болып бекітіледі.
Жаңа жүйенің тағы бір тиімділігі - көлеңкелі жолмен табыс тапқысы келетін қоғамдық көлік компанияларының жұмысына тосқауыл қояды. Сонымен қатар, жолаушылардың қала ішінде еркін қозғалуына жағдай жасайды. Бір карта арқылы барлық автобуста қатынауға мүмкіндік туады.