Мемлекет басшысы ұсынған «Бірге – таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына қызылордалық оқушылар бір кісідей атсалысуда. Акция аясында дарынды балаларға арналған Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық мектеп-интернатта экологиялық сағат ұйымдастырылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысты.
Экология, геология және табиғи ресурстар, Білім және ғылым министрліктері игі бастаманы Дүниежүзілік мекендеу орнын қорғау күніне орай қолға алды. Мақсат – өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениет қалыптастыру, жас буынды табиғи ресурстарды күту және сақтау мәселелеріне тарту. Бүгінде аймақтардың экологиялық ахуалының жақсаруына мемлекет баса мән беріп отыр. Оның ішінде Арал өңірі Елбасы мен Президенттің ерекше қамқорлығында. Сөзіміздің дәлелі – Елбасының бастамасымен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы.
– Өңірдің жер көлемі 24 миллион гектар болса, оның 6,5 миллион гектары орман қорына тиесілі. Ал оның 50 проценті орманды алқап болып есептеледі. Ендігі міндетіміз – ежелгі заманнан қасиетті және киелі саналған Сыр өңірінің табиғи ресурстарына ұқыпты қарау, қорғау, сақтау және жақсарту болуы керек. Ол үшін ұлт болашағының негізі – ұрпақ тәрбиесін жетілдіру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуі қажет, – деді Наурызбай Байқадамов.
Шара аясында облыс әкімінің орынбасары соңғы үлгіде жабдықталған мектеп-интернатты аралап, оқушылардың ғылыми жетістіктерімен танысты. Айта кетейік, 2010 жылы жаңа қонысқа көшкен дарынды балалардың білім ұясы 300 орындық оқу ғимараты мен 240 орындық жатақханадан тұрады. Оған барлық аудан мен Қызылорда қаласынан 6 сынып бітірген оқушылар конкурс арқылы қабылданады.
– Педагогикалық ұжымның әлеуеті жоғары. Түрлі деңгейдегі жарыстардан оқушыларымыздың ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері бар. 2016 жылы мектеп «Үздік білім беру ұйымы» атанып, 16 миллион теңгенің сертификатын иелендік. Ұжым білім саласына қолдау мен қамқорлықты айрықша сезініп келеді, – деді мектеп-интернат директоры Балзия Абдуллаева.
Жалпыұлттық акцияға үн қосқан оқушылар мен ұстаздар қауымы мектеп ауласына көшеттер екті. Осы күні облыстағы 293 мектепте оқитын 160 мыңнан астам бала өздері оқитын білім ошақтарының аулаларына ағаш отырғызды.
Назерке САНИЯЗОВА.