Өз уақытын аямаған, шәкірт бақытын аялаған

  Мұғалімдер күні қарсаңында аймақтың  үздік ұстаздары облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың  қабылдауында болды.

– Мұғалім – ұлы мамандық иесі. «Ұстаз» деген ұғымда ұлылық та, жылылық та бар. Өйткені алдарыңызға тарыдай болып келген бала таудай азамат болып шығады. Тарихтан сыр тартсақ, ежелгі алып им­пе­рияларға тұтас әмірін жүр­­гізген атақты қолбасшылар да, әлемге даңқы шыққан ғұ­ла­ма ғалымдар да ұстаз алдында бас иген. Мысалы, даңқты қол­басшы Александр Ма­кедонскийдің өз ұстазы – Аристотель туралы мынадай сөзі бар: «мен өзімнің ұстазыма әкем­нен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым». Қарап отырсақ, әр баланың тұлға болып қалыптасуында ұстаздар, сіздердің алар орындарыңыз ерекше. Сондықтан бұл – адамзат баласына білімнің шұ­ғылалы нұрын себетін ұстаздар қауымына құрмет көрсететін күн, – деді облыс әкімі. Мұға­лімдер қауымын  кәсіби мерекемен құттықтап, білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Білім саласы еш уақытта мемле­кеттің назарынан тыс қалған емес. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында өткен рес­публикалық тамыз конференциясында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, оларды кезең-кезеңімен шешуді тапсырды. Әсіресе, педагог мәртебесіне ерекше тоқталды. Президент тапсырмасына сәй­кес, алдағы төрт жылда мұғалім еңбекақысы екі есеге өсетін болады.

Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары біздің өңірде бюджет қаражатының ең көп бөлігі әлеуметтік салаға, соның ішінде білім саласына бөлінуде. Облыста балабақшалар желісі жыл сайын артып келеді. Оның 72 проценті жекелер үлесінде. Нәтижесінде, 3-6 жастағы балалар балабақшамен 100 процент қам­тылды. Білім ошақтарындағы 3 ауысымдық оқу және апатты мектеп­тер мәселесі шешілген. Аймақ мектеп­терінің 60 проценті жаңа модификациялық пәндік ка­би­неттермен қамтамасыз етіл­се, компьютерлер 100 процентке жаңартылды. Бүгінде бар­лық білім беру ұйымдарында 30 мыңнан астам мұғалім еңбек ете­ді. Облыста ұстаздарды қолдау мақ­­сатында жүйелі жұмыстар жүр­­­гізіліп келеді,– деді аймақ басшысы.

Мерекелік кездесуде мұға­лім­­дер өз мектептерінің жетістіктерін айтып, лебіздерін білдірді. Алғаш болып  Сырдария ауданы №129 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Раушан Абдраманова сөз алды.

– 60 жылдық тарихы бар мек­­тебіміздің заманауи үлгіде салынған жаңа ғимараты 2015 жылы пайдалануға берілді. Екі жыл қатарынан ау­дандағы «Үздік білім ордасы» атанды. Ұстаздардың ты­нымсыз еңбегінің арқасында оқушыларымыз аудандық, облыс­тық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар, спорттық сайыстарда жеңімпаз атанып жүр. ҰБТ бойынша мектеп түлектері төрт жыл қа­тарынан 100 процент мемлекеттік грант иегерлері қатарынан көрінді. Осындай нәтижелі еңбектің арқа­сында мектепке лицей мәртебесі берілді,– деді ол.

Сонымен бірге Қазалы көлік-техни­калық жоғары колледжі­нің өндірістік оқу шебері Әнуарбек Нұрымбетов,  №4 облыс­тық дарынды балалар мектеп интернатының тарих пәнінің мұғалімі Айман Смағұл да шәкірттерінің жетістіктері жайлы айтып, мереке қарсаңын­дағы жылы жүздесуге ризашы­лықтарын білдірді.

Қалалық өнер мек­тебінің оқытушысы Кәмшат Қауғанбаева бастаған ұстаздар қауымы шыр­қаған «Ұстазым, менің ұстазым» әні мерекелік кездесудің маз­мұнын аша түсті.

***

Ұстазға қандай құрмет көрсе­тілсе де жарасымды. Мұғалімдер мерейі тасыған күні «Шаңырақ» мейрамханасында мерекелік дастархан жайылды. Шара Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің мың бұралған қыз-жігіттерінің вальсімен басталды. Әдемі әуенге мұғалімдер қауымы да қосыла тербелді. Кең сарайдағы мерекелік бал әсем әуенмен әдемі жалғасын тапты.

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ұстаздар қауымын құт­­тық­­тап, ықыласын білдір­ді.

–    Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірт­терін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухы мол азамат қалыптастыруда ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Олай болса, білім көшін алға сүйреп келе жатқан ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Мұғалім – барлық кәсіп иесіне білім беретін тұлға. «Адам бойына барлық жақсылық мұғалімнен дариды» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі – оқушының болашақ тағдыры. Біздің елде ықылым заманнан бері ұстаз мәртебесі биік бағаланып келеді, – деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда тек пән мұғалім болу аз, ұстаз инноватор, иннотехник болуы керек. Мұғалімнің білімін арттыруына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Ұстаз ұғымын ұлағат тұтып, қадірі мен қасиетін құрметтеу – парыз болса, олардың жағдайын жасап, мәртебесін көтеру – міндет. Қазір мектептер түгел кең жолақты интернетке қосылған. Робототехника, жаңартылған пәндік кабинеттері бар. Білімді ұстаздардың арқасында дарынды оқушылар халықаралық олимпиа­далар мен ғылыми жобаларда жүлдегер атанып жүр.

Мұнан кейін аймақ басшысы ұстаздарды тәуелсіз  Қазақ­станның рухани және әлеуметтік дамуына, білім беру саласына қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс­белгісімен, Құрмет грамо­та­сымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Сонымен бірге Сыр елінде тұңғыш рет өткізілген «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының жеңімпаздары да құрмет төрінен көрінді. Мыңнан озған жеңімпаз Қазалы ауданындағы №249 мектеп-лицейінің оқушысы Гүлзира Қонысбайға 1 миллион, ал ұстазы Гүлфайруз Әлішеваға 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Екінші орынды иеленген Қармақшы ауданындағы №272 орта мектептің оқушысы Даяна Толыбаева 600 мың, ал ұстазы Мереке Қайнарова 1 миллион 200 мың теңгенің сертификатын алды. Үшінші орынды иелен­ген Қазалы ауданы №176 орта мектептің оқушысы Гауһар Әзенге 300 мың теңге, ал мұғалімі Жадыра Көшекбаеваға 600 мың теңгенің сертификаты берілді.

Тағы бір қуанышты жаңалық – Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп - интернатының физика пәні мұғалімі Гүлзина Бекмұхаметова және Текей батыр Қарпықұлы атындағы колледждің арнайы пән оқытушысы Ботагөз Таңқыбаева республикалық «Үздік педагог-2019» байқауы­ның жеңімпаздары атанды. Олар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жеңімпаздарды марапаттау рәсі­міне қатысады.

Мерекелік кеште аймақтың өркендеуіне үлес қосып, ел тыныштығының сақшысы болып жүрген ерекше мамандық иелері бір сәт өздерін шәкірт сезініп, ұстаздарын құттықтап келді. Қорғаныс, төтенше жағдайлар, полиция департаменті, денсаулық сақтау саласының мамандары  әннен шашу шашты.

Ақ дастархан басында ардагер ұстаз Мәдина Әліпбаева, ата-аналар атынан Жығакүл Берекетова аналық тілектерін білдірді. Әсерлі кеште ұстаздар қауымы жайлы дайындалған бейне­баян, би композициясы көрсетіліп, танымал әндерден попурри орындалды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қазан 2019 г. 512 0