Сыр ұстаздары сайыс төрінде

Ұстаздар жəне Кəсіподақтар күні мерекесі қарсаңында Жаңақорған ауданындағы «Талды су» лагерінің базасында білім қызметкерлерінің дəстүрлі облыстық спартакиадасының жалауы көтерілді. Бірнеше күнге созылған тартысты бәсекеде ұстаздар спорттың футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, тоғызқұмалақ, стол теннис, гір тасын көтеру, арқан тарту жəне қол күрес түрлері бойынша сынға түсті.

Спортшылар ашылу салтанатынан кейін-ақ арқан тарту, гір тасын көтеру жəне қол күрес бойынша күш сынаса бастады. Қағаз-қаламды бір сәтке спорттық жабдықтармен алмастырған ұлағаттылар арасындағы дода қызықты өтті.

Табиғат аясындағы турнирде алғашқы күннің жеңімпаздары марапат мінберіне шықты. Арқан тартудан жаңақорғандықтардың күші басым түссе, гір тасын көтеруден шиелілік Әлішер Саруардин алға шықты. Ол 48 келілік гір тасын 85 мәрте көтеріп, жұртшылықты таң-тамаша етті. Қол күрестен жаңақорғандық ұстаз Біржан Бұлдырықовқа төтеп берер жан болмады. Біржан білектің күшін танытты.

Ұстаздар тоғызқұмалақты да шебер ойнайтынын көрсетті. Бұл сайыс қорытындысымен қызылордалық Қобыланбек Абсадов пен қазалылық Гүлнұр Ұлықпан «Үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алды. Қызылорда қаласының командасы бұл ойында бірінші орынның биігін бағындырса, Қазалы ауданы екінші орынды еншіледі. Ал Сырдария ауданының ұстаздары үздік үштікті түйіндеді.

Шаршыдағы тартыста шахмат ойнап сайысқан қызылордалық Нұрдос Ерсайын мен сырдариялық Ақгүл Әбдікамалова «Үздік ойыншы» атанды. Бұл сайыстан екінші орынды Қазалы ауданы алса, үшінші орын тағы да Сырдария ауданына бұйырды.

Дәулет ҚЫРДАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қазан 2019 г. 344 0