Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай аудан әкімі Мұхтар Оразбаев және аудандық мәслихат хатшысы Дәуренбек Мадинов Сексеуіл кентіндегі Ұлы Отан соғысының ардагері Жанасов Талжан ақсақалдың отбасына барып, майдангерді мерекемен құттықтады.
Сұрапыл соғыстағы майдангердің көрсеткен ерліктеріне бүгінгі ұрпақ бас иетінін айта отырып, бізге бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғысын білдірді.
Одан соң Сазды ауылдық округіндегі 109 жастағы Танымбетова Жонай әжей мен Аралқұм ауылдық округінің тұрғыны 103 жастағы Еңсепова Тәжігүл әженің шаңырағында болып, ғасыр жасаған кейуаналардың хал-жағдайын сұрап, қарт аналардың иығына ақ жаулық жауып, сый-сияпат пен құттықтауын табыстады.
Сонымен қатар, Жетес би ауылдық округіндегі Су айдау мекемесінде ұзақ жылдар бойы қызмет еткен Тайымов Өтеген ақсақалдың отбасында болған аудан басшысы зейнет жасындағы қарияны мерекемен құттықтап, ел игілігі үшін жасаған қажырлы еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін атап өтті.
Мереке қарсаңында көрсетілген құрметке ризашылығын білдірген қариялар елдің амандығы мен тыныштығын тілеп, ақ баталарын берді.