Жомарттың құстары

Ауласында қоңыр қаз қонып, үйрек ұшқан Жомарт Қалжанов Қармақшы ауданында орман шаруа­­шыл­ығы саласында еңбек етеді. Біраздан бері құс асырауға қызыққан оның бұл істі қолға алғанына көп болды. Әзірге басын көбейтіп, кейін пайдаға жұмыс істемек ойы бар. Қазір қалтаға салмақ салып тұр. Қай уақытта да тәбеті жақсы құстың тамағын тауып беру қиын екен. Бірақ, жемейтіні жоқ: үйден шыққан тамақ қалдығы, қауын-қарбыз, жем, қара күріш, тағы басқаларды тамағынан оп-оңай өткізе салады.

– Өткен жолы шаруашылықтан жүк көлігімен толтырып қауын-қарбыз әкелгенмін. Қазір соны талғажау етіп жатыр. Негізгі қорегі – қара күріш. Енді тек басын көбейту бағытында жұмыс істеудемін. Бо­ла­­шақта бұл тұрғыда алға қойған мақсат көп, – деді Ж.Қалжанов.

Әдепкіде ол қаз-үйректі жай хобби ретінде асырауды ойлапты. Уақыт өте келе құспен түбегейлі айналысып, кәсіп қылуды, оны кеңейтуді мұрат еткен. Қазірдің өзінде 20 қаз, 7 үйрек соңынан еріп, аулада жүр. Қолдан бассейн жасап, дайындаған. Қақпаны ашқаннан қораға қарай иесінің артынан ереді. Ал, таңертең жайылымға шығарарда жем жейтін жеріне өздері барады. Кәдімгі жүйемен жүретін сарбаздар сияқты.

– Енді ресейлік қаз асырасам деген ойдамын. Мыналарға қарап, тірлігін қызықтап отырамын. Бөтен біреуін әкелсеңіз, кәдімгідей жиналыс. Адамдар сияқты кезегімен таныса бас­тайды мойындарын кө­теріп. Тіпті, ерегесіп төбелесуге дейін барады. Бұлардың да өз тәртібі бар, – деді Жомарт.

Болашақта қолға алып нақты кәсіп қылып етін де, жұмыртқасын да сатпақ. Тек тиімді тетігін тауып, жүйеге келтіріп алса болғаны. Қазір кәсіпкерлікті дамытуға мем­лекеттік деңгейде тұрақты бағ­дар­ламалар жүріп жатқанын, төмен пайыз­бен несие алуға болатынын айт­қанымызда, осыған қатысты жоспарын жеткізді. Бірақ, нөлден бастағаннан гөрі, кәсіпті кеңейтіп, ауқымын арттырам деп алған әлде­қайда жақсы екенін алға тартты.

Дәулет ҚЫРДАН,

Қармақшы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қазан 2019 г. 442 0