Атбегі

Қазақ – жылқы десе, ішкен асын жерге қоятын халық. Жылқының дүбірі естілсе болды, бірден елең ете қалады содан. «Жақсы аттың артынан құнан ереді, Жақсы жігіттің артынан ұлан ереді», «Жақсы айғыр үйірін бөріге алдырмас, Батыр жігіт ауылын ұрыға алдырмас» деген нақыл осыған дәлел. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден-бір нышаны болып саналады.

Қазақтың рухы ат үстінде. «Жылқы мінезді халықпыз» дейтіні де содан. Осы себепті де қазақтың атқа деген құрметі ерекше.

Қазақта атбегілік өнер бар. Яки жылқының бабын жасап, оны жүйрік­тер қатарына қосуға хал­қымыз әуелден ма­шық­танған. «Жүзден жү­йрік, мыңнан тұл­пар­ды» жаз­бай танып, оны жаратып, аламан бәйгеге қосу – бізде ықылым заманнан келе жатқан өнер. Бұл тұс­та тұлпарды таңдап, сәй­гүлікті сайлайтын ат­бе­гілердің еңбегі ұшан-теңіз.

Расында, шашасына шаң жұқ­тыр­майтын жүйріктерді кәнігі атбе­гілер жаратады. Тәжіри­белі жат­тық­­­тырушылар қамшы салдырмас тұл­­парды үйір ішінен жазбай танып, оның бабын жасайды. Міне, сондай атбегілердің бірі – Тұрар Оржанов. Ол Сырдария ауданы Жетікөл ауы­лы­ның тумасы. Ауылға жол түскенде ат баптаушымен жолығып қалдық. Сол арада атбегілік өнердің қыр-сы­рын білмекке кейіпкерімізді сөзге тарттық.

Қай жерде аламан болса, сол жерден табылатын Т.Оржанов 7 жасынан атқа шапқан. Аманкелді ауылында Көктің көлі деген жерде бәйгеге көп қатысыпты. Сондай-ақ Жетікөл, Айдарлы және басқа да елді мекендердегі ат жарыста торы атымен үнемі жүлдегер қатарынан көрінген. Айдарлыда Мүзаппартуар деген кісінің баласы екеуі бірінші, екінші орынды кезекпен алып отырған кез де болған.

– 7 жасымнан 13 жасқа дейін атқа шаптым. Әкем дүниеден өткенде ас берілді. Соңғы рет сол аста бәйгеге қатысқаным бар. Содан кейін ат жаратуға машықтандым. Төлеу деген үлкен ағам ат жарататын. Бала кезімізде таңертең жылқыға құман ұстап, тазарып бармасақ ағам қамшымен тартып жіберетін. Сол кезден бастап жылқы баптауды үйрендік, – дейді атбегі.

«Бабы келмеген жүйрік­тің бағы байланады» дегенді айтқан Тұрар аға тұлпарды таңдап, оның бабын жасаудың қыр-сырын айтып берді.

– Әр атбегінің ат бап­тауы әртүрлі. Бірақ жыл­қының бабын келтір­сең, додада топ жарып шы­ғады. Ол үшін сәйгүліктің бап-күтімі бөлек болуы тиіс. Мәселен, кешегі қырық күн шілдеде құнар­лы азық беру керек. Бидай, жоңышқаны беріп, баққан жөн. Қырық күн шілде біткен соң оны бәйгеге дайындау қажет, – деді ендігі сөзінде ат баптаушы.

Шілдеде бойына күш жинаған тұлпармен бірден шабуға болмайды. Алдымен 2-3 күн кездіріп, жеген тамағын бойына таратады. Осы уақытта күніне 2-3 рет денесін жуу қажет. Содан кейін барып әуелі 1-2 шақырымға шоқытып, желдіріп, күн өткен сайын шабысты үдете береді. Бұл аралықта да аттың денесін жуып тұру қажет. 30-40 күн жаратып, бәйгеге қосуға болады.

– Бір ай бойы шауып жүйріктің терін алады. Ол үшін бір бөлмені дайындап, оның ішіне от жағады. Пештің үстіне екі шелек су қойып, оны қайнатасың. Оның буы бөлменің ішін қыздырады. Сол кезде атқа қалың жабуды жауып, балаға шаптырасың. Алысқа шапқан ат әбден терлейді. Осы мезетте жылқыны бөлмеге кіргізіп, дорбаға сұлы салып, басына кигізесің. Сол кезде күші бар ат сұлыны гүтірлетіп жей бастайды. Шамалы тұрғанда аттың бақайларынан тер ағады. Үстінен жабуды сыпырып алып, жонылған ағашпен денесіндегі терді қырып шығасың. Мұнан соң шелектегі суды қанжылым етіп томыртқалап, атты жуасың. Жұқалап жабу жауып, сыртқа шығарып, кездіресің. Оны түнімен кездіру керек. Мұны аттың ұйқысын алу дейді. Жоңышқаны қолтыққа қысатындай баулап, түні­мен атқа жегізген жөн. Сонда барып бабына келеді, – дейді атбегі.

Кезінде жылқы бап­тағанда атсейістер кемік те беріпті. Бұл тұлпар сүйегінің мықты болуына септігін тигізеді екен.

Атбегі кезіндегі қазақы аттар ұзақ шақырымға шабатынын айтады. Ал қазір көпшілік шетелден тұлпарлар әкеліп, бәйгеге қосуда. Оларды баптау оңай емес.

Дана халқымыздың «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек...» дегені бекер емес. Өйткені жыл­қы­ның қазанаты бір күн шапқаны таң асырғанмен, екі күн шапқаны бусандырғанмен тең болса, үшінші күні жүйрік жүйткіп, көсіледі екен. Мұндай тұлпар таңертеңнен күн ұясына қонғанша жүруге шыдас береді. Бірақ көпшілік қазір мұндай арғымақтардан гөрі шетелдің сәйгүліктеріне қызығады.

Ат жаратуды айтқан кейіпкеріміз бізді үйіне ертіп барып, баптаулы жыл­қысын көрсетті. Жабуын жауып, осы күзгі бәйгелерге дайындық үстінде екен. Ат баптаушы бұл тұлпарды көп жылқының ішінен таңдап алғандағы қызығымен де бөлісті.

– Бір күні Тараз жақтың жігіттері қалаға келіп жылқы сатып жүр екен. Жабағы, тай, құнандар бар. Қаумалап тұрған жігіттердің ортасына кіріп барып, осы жабағыны таңдап алдым. Әлі жабағы жүні түспеген екен. Сол арада «біз де алғалы тұрмыз» деп жігіттер шуласты. Мен «осыны таңдадым» деп бөлек шығарып алдым. Жабағыны иесіне тапсырып, «ауылға әкеліп бер» дедім. Содан әлгі жігіттер кешкілік ауылға келді. Таңдаған атты қораға түсірдім де, орнына дөнен жылқыны ұстатып «Осыны сатып, ақшасын аласың» дедім. «Ой, аға, олай келіспеп едік қой» дей бергенде, «Жігіттер, мына жылқыны сатып, осы жабағының ақшасын аласың, артығы болса өзіме әкеліп берерсің, болмаса өзің жаратарсың» деп келістірдім. Дөненге айырбастаған жабағының қазір бабы келісіп тұр, – дейді жетікөлдік атбегі.

«Тайында – қақта, құнанында – сақта, дөненінде – бапта, бестісінде – бəйгеге қосып, бағын сына» дейді атсейістер. Сол айтқандай, жылқы ішінде жүйрігін алыстан танып, оның бабын келістірген Тұрар Оржановтай атбегілер елде көп болса, бұл өнер асқақтай береді. Олардың қатары көбейген сайын жылқы мінезді халықтың ешкімге есе жібермесі де белгілі. Тек аламан додадағы бақталастық дұшпандыққа жеткізбесе болғаны. Оның жайы белгілі ғой...

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ,

Сырдария ауданы.  

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қазан 2019 г. 1 229 0